Тоқаев тапсырмаса, Шөкеев те, Аймағамбетов те үнсіз

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

21.10.2021, 08:57

2062

«Түркістан қаласы мектептерінің біріндегі әжетханада сыныптасынан таяқ жеп, соның салдарынан ауруханада қайтыс болды» деген оқушының өлімі қазір қызу талқыланып жатыр. Марқұмның туыстары осы аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, бейнеүндеу жолдады. Алайда осыған қатысты Түркістан облысының білім саласына жауапты басшылары, білім және ғылым министрлігі, балалардың құқығын қорғаумен айналысатын басқа да ұйымдар үнсіз отыр. Ал осындай у-шу шығып жатқан кезде Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Рахымбек Жолаевтың апта басында еңбек демалысына кетіп қалғаны белгілі болды.

 Марқұм Рамазан Жақыпбек «Бекзат» мөлтекауданындағы Ж.Еділбаев атындағы №18 мектепте оқыған. Әкесі ерте қайтыс болып кеткен оны анасы әжесінің тәрбиесіне берген екен. Әжесі Гүлнар Маханованың айтуынша, немересі 6 қазан күні соққыға жығылған. Рамазан алғашқы кезде үйіндегілерге бұл туралы тіс жармаған.

– Бейсенбіде «белім ауырады» деп жүрді. Алғашқыда «құлап қалдым» деді. Сенбі, жексенбі күндері де ауырыңқырап тұрғанын байқадым. Әжетханада сыныптасының ұрғанын сол демалыс күндері айтты. Мен осыдан кейін сынып жетекшісіне хабарластым. Ұрған баланың аты-жөнін айттым. Ол болса: «Сол бала бәрінің соры болды, надоело», – деп тұтқаны қоя салды, – деді әжесі.

Дүйсенбіде әжесі мектепке немересімен бірге барып, болған жайтты ұстаздарына айтқан. Ұстаздары Рамазан мен оны ұрды деген сыныптасын өзара татуластыру шараларын жүргізген көрінеді. Бұған марқұмның әжесі қатыстырылмаған. Сол күні кешкісін Рамазанды алып кету үшін мектепке оның нағашы ағасы Сәрсенбек барған.

– Мен барған кезде Рамазан мектептің алдында қара терге түсіп, қалтырап-дірілдеп тұр екен. Дене тәрбиесінен сабақ беретін мұғалімі баланың ауырып тұрғанын жеткізді. Оны үйіне апарып тастағысы келген екен, бірақ Рамазан мені күтетінін айтыпты. Сол жерде сыныптастарының бірі Рамазанды сәрсенбіде, яғни 6 қазанда әжетханада «сыныптың атаманымын» деп жүрген баланың ұрғанын, соққыдан Рамазанның етбетімен кафельдің үстіне құлағанын айтты. Үйге келгеннен кейін баланың жағдайы нашарлады. Есін жоғалтып, айқайлап, ыңырсуы күшейді. Екі рет жедел жәрдем шақырдық. Оның арасында молдаға апарып дем салдырдық. Жәдел жәрдем екінші рет келген кезде ақ халаттылар баланың ыстығы 40 градусқа жеткенін, өздерімен алып кететінін айтты, – дейді Сәрсенбек Жақыпбекұлы.

Науқасты жұқпалы аурулар ауруханасына алып барған. Дәрігерлер оған екі укол салыпты. Кейін қызметкерлер ауруханаға еріп барған науқастың туыстарына сыртқа шығып тұруын ескертіпті. Арада жарты сағаттай уақыт өткен кезде іште жылап, бақырып жатқан баланың даусы кілт үзілген. Артынша дәрігерлер оның қайтыс болғанын естірткен.

Осы жерде келтіре кетейік, бұған дейін ақпарат құралдарында Түркістан қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Рамазанның өліміне қатысты мәлімет жариялаған болатын. Дәрігердің айтуынша, марқұмның денесі сот-медициналық сараптамаға «мидың жабық травмасы, мидың соғылуы, ісінуі, ми стволының қысылуы, аспирациялық синдром» деген диагнозбен өткізілген.

– Немерем қайтыс болар кезде өзін мектеп әжетханасында сыныптасының тағы да ұрғанын айтты. Тіпті оны жаны күйіп, қатты күйзеліспен жеткізді. Басқа куәгерлердің де сөздері бір жерден шығып отыр, – дейді Гүлнар Маханова.

Алайда облыстық білім басқармасының бізге берген мәліметіне қарағанда, мектеп әжетханасында ешқандай төбелес болмаған. Жақыпбек Рамазан сыныптасы екеуі мектеп ішіндегі әжетханада қол жууға таласып, бір-біріне иықтары тиіп кетіпті. Басқа ештеңе болмаған.

«Балалар ары қарай бір-бірімен ойнап кеткен. 7-8 қазан күндері Жақыпбек Рамазан сабаққа келіп, толық қатысқан. Сол күні мектеп психологі «Алақай! Мен 5-сыныпта оқимын» тақырыбында психологиялық тренинг өткізген. Тренинг кезінде Р.Жақыпбектің көңіл күйі көтеріңкі болған, қойылған сұрақтарға жақсы жауап берген. Денешынықтыру пәні мұғалімінің айтуы бойынша, Р.Жақыпбек 11 қазанда алтыншы сабақ кезінде дене қызуы көтеріліп, мазасызданған. Баланың жағдайына қарай отырып үйіне жеткізіп салуды ұсынған. Сол сәтте нағашы ағасы келіп алып кеткен. Таңғы сағат төрт шамасында ювеналды полиция қызметкері баланың қайтыс болғаны туралы мәлімдеген. Мектеп директоры У.Бесімбаев, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары М.Тоқбергенова мен Б.Тілеубеков, мектеп психологі М.Жунайтова, сынып жетекшісі Г.Ешманова болған жағдай туралы полиция басқармасына жеке-жеке түсінік берген», – делінген басқарманың берген мәліметінде.

Түркістан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзованың айтуынша, қазір оқушының өліміне байланысты Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері тексеру жүргізіп жатыр. Сараптамалар тағайындалған. Сараптама қорытындысы бойынша заң шеңберінде нақты шешім қабылданады. Біз хабарласқан Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова да сараптама нәтижесін күтіп отырғанын, сұрақтардың бәріне осы медициналық қорытынды жауап беретінін алға тартты.

– Оқиғадан кейін облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып зерделеу жұмыстары жүргізілді. Қайтыс болған баланың ағасымен, психологтар ата-аналармен тренингтер өткізді, анализдер жасалды, – деді бөлім басшысы.

Шендінің айтуынша, Рамазан оқыған Ж.Еділбаев атындағы №18 мектептің бұрын-соңды жаман аты шықпаған. Білім ұясындағы шәкірттер әсіресе спорт саласында жақсы жетістіктерге жетіп жүрген көрінеді. Айта кетейік, Қолдасованың Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалғанына екі апта ғана болған.

2019 жылдың қаңтарында ғаламторда Түркістан қаласындағы мектеп оқушыларының бір-біріне әлімжеттік жасап, дәлірегі: бір топ оқушының өз қатарластарын қорлап, ұрып-тепкілеп, темекінің шоғын басып жатқаны туралы видео тараған-ды. Бұл қоғам арасында қызу талқыланып, көпшіліктің наразылығын тудырды. Кейіннен тексеру барысында әлімжеттікке ұшыраған Түркістан қаласы «Бекзат» ықшамауданындағы Бигелдинов атындағы мектептің оқушылары екені анықталды. Ал оларға әлімжеттік көрсеткендер осындағы үш мектептің 9-сынып оқушылары болып шықты. Сол үш білім ұясының бірі – жоғарыда аталған Ж.Еділбаев атындағы мектеп. Ал күні кеше республикалық телеарналардан осы мектептің директоры Уәлихан Бесімбаев: «Мектепте әлімжеттік деген мәселе бұған дейін болған емес», – деп сұхбат беріп тұр. Білім саласына жауапты басшылар сол 2019 жылғы жағдайдан қаншалықты сабақ алды, қаншалықты қорытынды жасады? Бұл сұраққа енді кім жауап береді?

2019 жылдың күзінде Таразда оқушы қыздың мектеп әжетханасында зорлануынан кейін президент Тоқаевтың тапсырмасымен бірқатар шаралар қолға алынды. Тараз қаласының әкімі мен облыстық білім басқармасының басшысынан бастап, біраз шенеунік қызметтерінен босатылды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовке ескерту берілді.

Түркістанда мектеп әжетханасында таяқ жеп, соның салдарынан ауруханада қайтыс болды деген баланың өлімі бойынша жоғарыдағылар әзірге ешқандай түсінік берген жоқ. Күні кеше Семейде мектеп мұғалімдеріне көше сыпыртқаны үшін шенеуніктердің жазаға тартылатынын әлеуметтік желідегі парақшасында жазған білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те, өткен аптада Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауына кіріп шыққан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев те үнсіз. Түркістандағы жағдайға назар аудару үшін атқамінерлерге президенттің тапсырмасы жетпей тұрған сыңайлы.

Айтпақшы, сараптама қорытындысы бір айдың көлемінде шығуы тиіс. Сондықтан біз бұл мәселеге қайта айналып соғатын боламыз.

Тегтер: министр әкім реформа халық пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әділ АҚЫЛБАЙ 15:46
Назарбаев дұрыс істеді!
Сайт әкімшілігі 13:15
Тоқаев үкіметке жаңа кадрлар даярлау жөнінде тапсырма берді
Сайт әкімшілігі 11:35
Алматыда жылу жүйесі жарылып, Рысқұлов даңғылын қалың бу басып қалды
Еңлік АБАҒАН 09:16
Ырымшыл Бозымбаев һәм Баталовтан қалған аутсайдер облыс
Жарас КЕМЕЛЖАН 09:15
Сталин өлтірді, Ақсақалов күресінге тастады
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 12:08
30 градус аяз болады

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14