Тоқаев тарапына ақпараттық соғыс басталғандай...

Ерзия ЕРСҰҢҚАР

24.06.2022, 09:10

2458

Кешегі апта халықтың президентке деген ыстық ықыласының шегіне жеткен аптасы болды ау, сірә… Тоқаевтың Ұлытаудағы құрылтайынан бастап, Ресей сапарындағы әрбір әрекеті мен сөзі, өзін-өзі ұстауы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Пікірлерден бір байқағанымыз Қасым-Жомарт Кемелұлына деген халықтың сенімі артып келеді.

Соның дәлелі Ұлытаудағы құрылтайға қатысты Америкада білім алып жатқан журналист Нәзира Байырбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Ұлытаудағы жиын біздің тұлғалар да өз ойын еркін айтуды әдетке айналдыра алатынын көрсеткен сияқты. Тоқаевтың мәдениетіне де сенгеннен болар деп ойлаймын. Ал бұрын Назарбаевтың тұсында біреу артық нәрсе айтса, Назарбаев зекіп ұрсып тастайтын ел алдында. Үлкен кісілер балаша ұрыс естіп, күмілжіп сөйлей алмай тұрушы еді. Еркіндік болмаған жерде, даму болмайды дегенді айтайын дегем ғой», депті. Тәуелсіздік алғалы маңдайымызға біткен екі президенттің ел басқарудағы амал-әдістерін салыстыра отырып, түйінін әдемі жеткізіпті. Тек осы бір еркіндік ел дамуына сеп болса дейік.

«Президентімізді Алла қолдасын!»

 Осы орайда, айта кетер жайт, «Күлтөбенің басында күнде жиынның» керімен құрылтайдың өткізілуіне наразылық білдіргендердің қарасы көп болғанымен, келесі күнгі мемлекет басшысының Петербордағы сөздері, өзін-өзі ұстауы миллиондаған халыққа ұнап, президентке қатысты көпшіліктің көп ренішін «жуып шайып» өткендей болды. Мәселен, әнші Алтынай Жорабаева өзінің желідегі парақшасында «Сұрақ қойды! Лайықты жауап айтылды! Нақты, нық айтты. Елін сүйген президентімізді Алла қолдасын! Қалай жауап береді екен деп ойлады ау деймін. Симоньянды отырғызып қойғанында да бір «гәп» бар ғой. Путин «көке» осындай аяуға болмайтын (не жалко) Симоньян және Симоньянның күйеуі Кеосаян деген сияқты адамдардың аузына өзі сөз салып беріп қоятын сияқты ма, қалай өзі?» депті. Дәстүрлі әнші Айгүл Бажанова да әлеуметтік желіде «Тоқаев пен Путиннің сөз алмасуын қарап отырдым. Жер мен көктей. Путин самбошының сөздік қорында сөз көп емес екен. Тоқаев қалай көсіледі. Жазушының баласы, интеллигент қой, нағыз. Орағытып әкеліп, адамды сауатты түрде орнына қоя біледі. Шын интеллигент, қанша ашуланса да өзін ұстай біледі, аузынан жаман сөз шықпайды. Қазақ тілінде солай сөйлесе енді, керемет болар еді. Болды, қойдым, мақтағаным емес, байқағаным», — депті.

Жалпы, әлеуметтік желіде президенттің Мәскеудегі сапарына қатысты алуан түрлі пікір бар. Соның көпшілігі, Тоқаевтың әрекетіне оң баға бергені байқалады. Журналист Диас Нұрақын да «Біздің президент дым шешпейді, батыл қадамға бара алмайды дегендердің аузына бүгін құм құйылды. Қасым-Жомарт Тоқаев нақты сұраққа нақты, тіке сұраққа тіке мүдірмей, жауап бере алатынын Петербор төрінде көрсетті. Күлбілтелеп, күмілжіп, тұспалдап, керегімізді сұрай алмай жүрген өзіміз екен. Нақтысы, президенттің айналасындағы ішкі цензурасы жоғары адамдар сұратпай жүр бізге. Оң жамбасқа келетін әңгімелерді ғана айтқызады. Ал өзге елде біздің президентке не сұрақ қоятынын айналасынан сұрамайды. Өткір сұрақтар болды, бәріне ашық жауап берді. Сондықтан бүгінгі жиында байыппен, ақылмен барлық қитұрқы сұраққа салмақты жауап берген президентке риза болдым», — дейді парақшасында.

«Соғысшыл атмосфераның» аясында қалып қоятынын біліп, сол сөзін әдейі дайындап барғандай, әсер қалдырды»

Журналист Мұхтар Сеңгірбай «Петербордағы жиын Қасым-Жомарт Тоқаев үшін жария саясат тұрғысынан өте ауыр шара болды. Көршісіне агрессия жасап, бүкіл Батыс әлемінен бөлініп қалған елдің басшысымен сахнада қатар отырды. Яғни, бірнеше сағат бойы батысқа қарсы мысқыл, кекесін, менменшіл риториканы тыңдауға мәжбүр болды.

Путиннің «Батыс бермей қойған заттың бәрін басқа жақтан аламыз, не өзіміз шығарамыз», деген сөзіне Тоқаев бірнеше рет қарсылық білдірді. «Қазіргі заманда толық оқшаулану мүмкін емес», — деді Қазақстан басшысы.

Қазақстанның егемендігіне қатысты даулы мәлімдемелер жасаған Ресей депутаттарына, Тигран Кеосаянға қатысты мәлімдемесін Тоқаев әдейі айтты. Оған бұл жөнінде сұрақ та қойылмаған еді. Яғни, Қазақстан басшысы осындай «соғысшыл атмосфераның» аясында қалып қоятынын біліп, сол сөзін әдейі дайындап барғандай, әсер қалдырды», — деген ойын білдіріпті.

«Орта Азия тирандарын ыммен басқарып отырған Путиннің алдында Тоқаевтың өктем сөйлеуі миға қонбайтын дүние...»

Дегенмен мемлекет басшысының сөздеріне сенбестік танытып, бәрі қолдан ұйымдастырылған деген сыңайдағы пікірлер де кездеседі. Мәселен, журналист Бүркіт Нұрасыл мемлекет басшысының сөзіне сенбестік танытып: «Сонымен, кеше әдемі шоу болды. Президентіміз ЛХР, ДХР мәселесіне әдемі нүкте қойып, Путин ұсынған орденнен бас тартты. Халық мәз, батыс басылымдары да «Тоқаев біздің адам екен», деп шуылдап жатыр. Әдемі көрініс, ә?

Ал шындығында не болды? Путин өзіне біраз уақытқа жетерлік кислород жинап алды. Жан-жағы құрсау, қаптаған санкциядан әбден қалжыраған Путин үшін Қазақстаннан басқа жанашыр қалған жоқ. Сенімді серіктес саналатын Қытайдың өзі тұмауратып жатырмыз, басты қатырмашы, дегендей, рай танытып отыр. Яғни, ауыр санкция қамытынан қорқады. Қазақстан да тура осындай жағдайдың алдында тұр деуге болады. Ресейдің батыстың қырына іліккен байлары мен ірі кәсіпорындары Қазақстанды жағалап жүргенін, ешкім алмай жатқан тауарын қазақ шекарасы арқылы емін-еркін өткізіп жатқанын батыс білмей отырған жоқ. Яғни, Путин үшін Қазақстан соңғы мүмкіндік. Яғни, кешегі ЛХР, ДХР мәселесі келісілген дүние. Орта Азия тирандарын ыммен басқарып отырған Путиннің алдында Тоқаевтың өктем сөйлеуі миға қонбайтын дүние...», депті.

«Президентім крашыма айналды»

Мұндай сенбестік танытқандарға ашуланып жатқандар да жоқ емес. Режиссер Сая Қасымбек «Ойпыр-ай, «сенбеймін» дейтіндерге жауап беруден шаршап кеттім?! «30 жылда тұңғыш рет аюдың бетіне айтқан тарыдай, ақиқатқа сенбесеңіз, мәселе өзіңде», дегім кеп кетті. Бүгінде, кез келген саяси пікір мен бітімгерліктің ар жағында әркімнің өзіне тиімді пайда барын бесіктегі бала біледі ғой?! Тоқаевтың тап кешегі ашық пікірін әлем тыңдады. Бағалағанға – аз емес!» дейді. Айтпақшы, инстаграмдағы жастардың пікірінен мемлекет басшысының сөзінен соң, қанаттанып қалғаны байқалады. Солардың бірі шетелде оқып келген жас маман Гүлдана Дәуренбек «Президентім крашыма айналды. Енді елден қусаңыздар да кетпеймін», деген сөзі жастардың президенттің сөзіне риясыз сенетіні, мемлекет басшысының батылдығына қуанатынын байқатады.

Бір анығы, президентіміз Петербордан қайтқалы Ресей тарапынан ақпараттық соғыс басталды. Ресейлік басылымдардағы мақалалардың «айқайлаған» тақырыптарын атпағанда, Шешенстан президенті Рамзан Қадыровтың өзі ақ пиғылын аңғартып қалды.  Сырттан бағытталған ақпараттық соғыстың арты қайыр болғай! Дегенмен осыған дейін «неге біздің билік елімізге, жерімізге тиіскен көрші елдердің арандатушыларына жауап бермейді», «билік Украинадағы жағдайға қатысты неге позициясын білдірмейді», деп реніш танытып жүргендерге нүктесі қойылған жауап болды. Шыны керек, көптеген мәселелерде Ресейге жалтақтық танытып, әлі күнге Тәуелсіздігіміз мойындалмағандай, сынық жүретін көңіліміз бір серпіліп қалғандай. Лайым сол көңіліміз алдамағай...

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 14:15
Алматы тұрғыны Әл-Фараби бойындағы тұрғын үй құрылысына шағымданды
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 10:38
Смайылов қант монополисінің қызметін тексеруді тапсырды
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 15:56
Назарбаев елордада жаңа мешіттің ашылуына қатысты
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 13:39
Ақжарқын Тұрлыбай ісі: Нигерия күдіктіні Қазақстанға экстрадициялауға әлі жауап берген жоқ
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 11:37
Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы тағайындалды
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 09:09
Бақытжан Сағынтаев жаңа қызметке сайланды

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49