Тоқаевтың қолына билік енді тигендей...

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

13.05.2022, 07:58

1742

Отыз жылға жуық бір адамның билікті бермеуі қазақ қоғамын жалықтырғаны рас. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет басына келуінен қазақ қоғамы зор үміт күтті. Келе сала, халықтың  өзекті мәселесіне назар аударып, кейбір санаттағы отбасыларының несиесінің жабылуы, әр азаматқа зейнетақы қорындағы қаржысын пайдалануға рұқсат берілуі, несиеден қажыған талай қазақты қуантты. «Халқына шын жаны ашитын тұлға билік басына келді ме», деген халықтың мемлекет басшысына айтарлықтай іші жыли бастады.

Алайда жалпы, қоғамға Тоқаевтың «жартылай президенттігі» сезілетін. Көп нәрседе кібіртіктеп, үш жылда айтарлықтай, кадрлық өзгерістер жасалмады. Яғни Назарбаев құрып кеткен саяси және бизнес-элита өкілдерінің «креслосын» бермегені анық көрінетін. Сондықтан Қазақстаннан анау айтқандай өзгеріс байқалмады.

Бірақ биылғы қаңтар оқиғасынан соң, Тоқаевтың батыл шешімдері мен батырып айтқан сөздеріне куә бола бастадық.

«Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында»

Кенет ұйқыдан оянғандай, жыл басында «Қазақстанда байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық жол беруге болмайтын деңгейге жетті. Аз ғана элиталық топтар ықпалының артуы және халықтың басым бөлігінің табысының азаюы қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндірді. Бұл қоғамның экономикалық, әлеуметтік, содан кейін саяси бөлінуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықаралық сарапшылар Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте, халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1 300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек», – деді президент.

Байлар байыған үстіне байып, ал қара халықтың айлығы шайлығына жетпей бара жатқаны халықаралық сарапшылар айтпай-ақ анық байқалатын.Шыны керек, мемлекет басшысының бұл сөзі талай халықты қуантып тастады. Билік «шынайы жағдайды білді, енді жағдайымыз дұрысталады», деген көптің көкейінде үміт пайда бола бастады.

«Алдағы бес жылда министрлер, депутаттар мен әкімдердің жалақысы көтерілмейді»

Депутаттардың миллиондап жалақы алып, бірақ «халық қалаулыларының» халықтың сөзін сөйлемейтіні талайды шамдандыратын. Сондықтан Тоқаевтың депутаттар мен шенеуніктердің жалақысына мораторий жариялап, «алдағы бес жылда министрлер, депутаттар мен әкімдердің жалақысы көтерілмейді», деуі халықты, тіпті қуантты. «Ең болмағанда, күн санап, өсіп бара жатқан қымбатшылықты біз қатарлы сезінетін болды», деп риза болған халық мемлекет басшысының бұл сөзіне де қуанып қалды. Шыны керек, қара халықтың жалақысы жолақыға жетпей жүргенде, депутаттардың тегін киіммен, тегін жатын орынмен қамтамасыз етіліп, парламенттің арзан асханасынан құнарлы тамақ ішуіне қалай наразы болмасын. Салыстырмалы түрде депутаттың айлығы мен қарапайым жұмысшының немесе дәрігердің айлығын салыстыруға келмейтіні анық. Осы бір анықтықтың жыл санап, ұлғаюы халықты ашындырғанмен істерге амалы жоқ болатын. Ал осы мәселеге мемлекет басшысының араласуы оның әділдігін айқындай түскендей.

«Самұрық Қазына» секілді майлы жердегі топ менеджерлердің жалақысы да халықтың «жынына тиіп» келе жатқан бір мәселе болатын-ды. «Өзінің негізгі міндетін орындап отырған жоқ, ұлттық байлықты еселеуге қосқан үлесі де шамалы. Қазір қор – өте үлкен құрылым. Жабықтық, «саяси маңызы бар адамдарды» тағайындау, сатып алулардың тиімсіздігі, еңбек қатынастарындағы дау-дамай, ауқымды жобалардың аяқсыз қалуы және тиімсіздігі, компанияны ұстап тұру шығындары  – бұлардың бәрі қоғамның наразылығын тудырып отырған мәселелер. Күні бүгінге дейін мұнай-химия саласын қалыптастыра алмадық. Кеңес дәуірінде салынған зауыттарды қайта жөндеумен келеміз. Директорлар кеңесі рөлі мен тәуелсіз директорлардың қатысуы көп жағдайда ештеңе шешпейді. Қорды түбегейлі реформалау міндетін жүктеймін. Бұл мәселе бойынша Алмасадам Сәтқалиевпен сөйлестім. Егер ол жүктелген міндетті атқара алмаса, өзі де, қор да бірге кетеді», – деді Тоқаев.

Артынша, «Самұрықтың» «еркелері», жеті топ менеджер қызметінен кетті. Жасыратыны жоқ, ұлттық байлықты еселеп, халықтың әл-ауқатын жақсартудан гөрі, қалталарын томпайтып қалуды көздеген топ менеджерлердің жалақылары елде жоқ жалақы болатын. Мемлекет басшысының ескертуінен соң, қаржыны үнемдеу мақсатында – басқарушы қызметтер 10-нан 5-ке дейін қысқарып, құрылымдық бөлімдер саны 27-ден 18-ге дейін азайды.

Президенттің туыстарына лауазымды қызметте «орын жоқ»

Осыған дейін президенттің үрім бұтағына шейін, жайлы орындарды иеленіп, лауазымды қызметтерге тұрып алуы да халықтың көңілінен шықпағаны рас. Осыны сезген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл салаға да өзгеріс жасады. Өзінің соңғы жолдауында президентке жақын адамдарды кадрлық іріктеу мәселесін айрықша атап өтіп, мемлекет басшысының жақын туыстарының мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда басшылық лауазымдарға орналасуына Конституциялық деңгейде тыйым салуды ұсынды.Заңнама бойынша, жақын туыстарға ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері жатады. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамада жекжаттар, яғни ерлі-зайыптылардың жақын туыстары үшін шектеулер белгіледі. Президент  елді басқарып отырған уақытында саяси партияға мүше бола алмайтын бастама көтеріп, бас партияның мүшелігінен шықты.

Жалпы, мемлекет басшысының барынша халықтың көңіліндегісін дөп тауып, халықтың билікке сенім артуын қалайтыны байқалады. Жақында мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту туралы Жарлыққа қол қоюы соның айғағы.

«Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткен дүниелер қайта бастады

Тағы бір оң өзгеріс, Қайрат Сатыбалдының тұтқындалуы халықты жаңа Қазақстанның келгеніне сендірген бір жаңалық болса, «Қазақтелеком»  ұлттық акционерлік компаниясындағы оның иелігіндегі 28,8 пайыз акциясының мемлекет меншігіне қайтарылуы халықты тағы бір сірпілткен жаңалық болды. Онымен қоса, бірнеше кәсіпорынның мемлекет меншігіне  қайтарылып, «Сыбайлас жемқорлықты тергеу бюросының» хабарлауына сенсек, Назарбаевтар әулетіне тиесілі болып келген жер телімдері де мемлекет меншігіне қайтарыла бастады.

Халықтың қалтасын қаққан, Алматының кез келген бұрышындағы ақылы автотұрақтар да қала әкімдігінің иелігіне қайтты. Қаржы айналымы жылына орта есеппен – 1,4 млрд теңгені құраған автотұрақтардан түскен табыс енді қала бюджетіне бағытталады. Әрине, оның барлығы алдағы уақытта халықтың жағдайын жақсартуға жұмсалатыны анық. Ал кейбір автотұрақтардың ақылы алымы мүлдем алынып тасталды. Негізсіз халықты тонап келген автотұрақтар ісін қазір құзырлы орындар май шаммен қарауда.

Сондай-ақ жақында әділет министрі Қанат Мусин президент Тоқаев Конституциялық кеңеске қайырылып, «елбасы», Қазақстанның «негізін қалаушы» мәртебелерін алып тастауды ұсынғанын айтты. Экс-президент пен оның отбасы мүшелерін қылмыстық қудалаудан қорғайтын, мүлкі мен активтерінің сақталуына кепілдік беретін, оның кеңсесін бюджеттен қаржыландыру ісінде артықшылық беретін тұңғыш президент туралы конституциялық заң да күшін жояды деп күтілуде. Айтпақшы, 2019 жылдың наурызынан бері Назарбаев кеңсесін қаржыландыруға 9 миллиард теңгедей жұмсалғанын ескерсек, бұл да болса, мемлекеттік бюджетке айтарлықтай, салмақ түсіріп тұрған дүние болатын-ды.  

Шыны керек, бұл дүниелердің барлығы бір жыл бұрын өңіміз түгілі, түсімізге кірмейтін өзгерістер еді. Бірақ санаулы айда көп дүние жасалғанын байқаймыз. Қайтсек те бір жылымықтың басталғаны анық сезіледі. Арты қазаққа қайырлы болғай деп тілейік...

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 09:25
Тоқаев Ердоғанды президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады
Сайт әкімшілігі 09:00
Смайылов екі облыс басшысын сынға алды
Еркенұр ҚОНЫСБАЙ 26.05.2023, 09:13
Құқығың бұзылса, депутатқа айтасың, депутат бұзылса, кімге айтасың?
Сайт әкімшілігі 25.05.2023, 15:00
Министр оқу жылы неге ұзарғанын түсіндірді
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ 25.05.2023, 09:15
Оралов жауап бермейді, «тапсырма» береді
Қанат ТІЛЕУХАН 23.05.2023, 09:40
Қуанышалинмен қоштасу

Аңдатпа


  • Келген қазақ құжатсыз, туған бала тұрақсыз
    26.05.2023, 10:25
  • Қазақтың жерін саудалап жүрген кім?
    26.05.2023, 09:51
  • Құқығың бұзылса, депутатқа айтасың, депутат бұзылса, кімге айтасың?
    26.05.2023, 09:13
  • Ғинияттың 207 мың кемшілігі
    25.05.2023, 10:00
  • Орталық Азияның «отағасы» кім?
    25.05.2023, 09:31