Тоқаевтың үміті ақтала ма?

Күлтегін БЕК

22.09.2020, 09:30

1109

      Кеше  ғана президент  Тоқаевтың арнайы  қаулысымен  құрылған Реформалар  жөніндегі  жоғарғы кеңес  сынның  астында  қалды. Сынап  жатқандардың уәжі жөнсіз  деуге  болмас. Келісесің.  Қолдайсың. Неге? Әңгіменің  әлқиссасы  былай: Тоқаев  президент  орынтағына  отыра  салысымен реформатор  саясаткер  ретінде халықтың сеніміне  ие  болғысы  келді  ме, саясатты,  экономиканы, кадрлық саланы  күшейтетін  орталықтар мен кеңестер құрып  тастады. Бұған  қарап, «Әп, бәрекелді! Енді мемлекетте күрт  өзгерістер,  серпінді бетбұрыстар  болады» дескен жұрт. Шындығында, Тоқаевтың  бұл тірлігі елдегі  қасатталып  қалған таптаурын саяси  жүйеде бір «жылымықтың»  басталғанын  сездіргендей еді.

      Алайда уақыт өте келе,  бұл құрылымдардың шама-шарқы белгілі болып  қалды. Аттары  дардай  болғанымен, жасап жатқан жұмысы тасбақа тірліктен аспаған-ды. Содан  болар, халық «баяғы жартас – сол  жартас»  деп, кеңестердің жасап  жатқан іс-әрекеттеріне  сенімсіздік  танытты,  қол  сілтеді. Бірақ  жоғарғы  жақ  оған  қыңқ  демеді.  Тағы да  бір  құрылым құрып  тастады. Онысы мынау: Реформалар  жөніндегі  жоғарғы кеңес.

     Енді халықтың, қоғам белсенділерінің,  саясаттанушылардың  бұл  кеңесті қалай,  не  үшін  сынап  жатқанына келейік. Ол  үшін кеңес мүшелері кімдер  дегенге  келсек. Олардың  есім-сойларын былай  тізіп  шығуға  болады:  Асқар Мамин – үкімет басшысы, Ерлан Қошанов – президент әкімшілігінің жетекшісі, Ерболат Досаев – Ұлттық банк төрағасы, Қайрат Келімбетов – стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы, Мәдина Әбілқасымова –  қаржы нарығын басқару және дамыту агенттігінің төрағасы, Әсет Исекешев – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, президент көмекшісі, Тимур Сүлейменов – ПӘ жетекшісінің орынбасары, Тимур Құлыбаев – «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы. Сондай-ақ  бұл  кеңеске  кеше  ғана Тоқаевтың экономикалық даму жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі боп тағайындалған Еуропалық қайта құру және даму банкінің бұрынғы президенті Сума Чакрабарти де  кіріп кетіпті.

        Бір қарағанда кеңеске  мүше  болғандардың аттарынан ат үркетіндей  бар. Бұл  бір  қарағанда  ғана. Ал,  сайып келгенде, онсыз да  билік пен бизнесте  жүрген  бұлардан ешкім үлкен бір «серпін, соны бастама, күрт  бетбұрыстар» күтпесі  белгілі. Елдің  сынап, жаңа кеңестен  түңіліп жатқанының  бар  гәбі  осында. Неге?  Мәселен, 1996 жылдан бері билік дәліздерінде жүрген (бүгінгі  премьер-министр) Асқар  Мамин, билік  кеңсесінде ұзақ жұмыс  істеген һәм әкім де  болып көрген Ерлан Қошанов, талай  министрліктің тізгінін  ұстаған, бүгін Ұлттық  банкті басқарып  отырған Ерболат Досаев, сол секілді Қайрат Келімбетов, Әсет Исекешев, Тимур  Сүлейменов, Мәдина  Әбілқасымовалардан  не күтуге  болады?  Әрине,  ештеңе. Бұлардың қай-қайсысы да елдегі  маңызды салаларды тізгіндеп келгендер.  Қазір де  солай. Егер мықты  болса, неге  өздері  басқарып отырған министрліктерінде реформа  жасай  алмады? Демек, не  білімі,  не  біліктілігі кем. Яғни қазір де олардан  бірдеңені  қарық қылады  деп, дәмеленудің  реті  жоқ.

      Осы  жерде Тоқаевтың онсыз да  билікте   жүргендерді топтастырып, экономикада  «секірістер» жасаймын  деуі мүлт кеткендік  деуге  болады. Президентке  мұндай  кеңеске экономиканың  жілігін  шағып,  майын  ішкен Ораз  Жандосов, Мұхтар Жәкішев т.б.   «бір атары  бар»  мықтыларды, сондай-ақ Азия мен  Еуропада  және ТМД-ның бірқатар елдерінде топ  менеджер болып жүрген  өз  еліміздің  азаматтарын шақырғаны  жөн еді. Бәлкім, сонда  ғана Реформалар жөніндегі  жоғарғы кеңестің  жұмысы жанданып  сала  берер ме еді.

      Ал  әлемдік деңгейдегі экономист Сума Чакрабартиге  үлкен  сенім артудың  қажеті  шамалы.  Ол  демократиялық құндылықтарды бірінші  орынға қоятын,  ашық  қоғамда жұмыс істеп келген   азамат. Біздегі жемқорлықпен,  парақорлыққа  құрылған  жүйе,  туғаннан сауда-саттықтың,  экономиканың  емшегін еміп  өскен бір емес, он  Чакрабарти  келсе де,  адымын аштырмасы  белгілі. Өйткені  оған  дейін де азуын Айға  білеген доктор Бэнг, Тони Блэр  секілділер де Қазақстан экономикасында таңғажайып  «құбылыс»  жасай  алмаған.

      Демек, Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің  кеңесшісі  болып, күнкөрістің қамымен  жүрген Сума Чакрабарти ел экономикасын еселеп арттырады деп, қимамыз қышымай-ақ  қойса  болады. Қысқасы, президент  құрған бұл  кеңес те білікті  реформаторларсыз, бұған  дейін  құрылған аты  бар да, заты  жоқ құрылымдардың бірі  болып қалуы ықтимал.

Тегтер: реформа саясат билік бизнес серпін әкімшілік белсенді сын кеңес

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 09:51
Қырғызстанның сыртқы істер министрі Қазақстаннан көмек сұрады
Алмабек ЕРБОЛАТҰЛЫ 29.10.2020, 11:11
АЭС салу: пайда ма, әлде зиян ба?
Сайт әкімшілігі 29.10.2020, 11:08
Лукашенкоға шегінетін жер қалмады
Нұрбол СҮЛЕЙМЕНҰЛЫ 29.10.2020, 10:29
Сот әділ болсын десек
Әділ КЕМЕҢГЕР 29.10.2020, 09:06
Түркі әлемі дүр сілкінейін деп отыр
Сайт әкімшілігі 28.10.2020, 10:32
Мәжіліс депутаттарына тікелей хат жазуға болатын арнайы сайт ашылды

Аңдатпа


  • Мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
    29.10.2020, 11:03
  • Қайда кеткен? Қоймада коронавирустан емдейтін 12 дәрі жоқ болып шықты
    28.10.2020, 16:24
  • Kaspi.kz сервистері жұмыс істеп тұр
    28.10.2020, 15:38
  • Жалт етіп сөнген бір жасын
    27.10.2020, 09:53
  • Бүгін еліміздің басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауады
    26.10.2020, 10:04