19.04.2022, 05:01
2986
Көкейде жүргеніне біраз болды, қолды бір сілтейін деп едім, ой пәлекет кенедей жабысып қалмады. Бұндай тақырыпты жақтырмасам да бір-екі ауыз жазайын деп шештім. Өткенде бір ағам: Атаңның аузы, шапыраштылар болмағанда, отыз жылда қазақ өркендеп кетер еді, даже Олжас Сүлейменовтың өзі оларға қарсы шығып жатыр, – деп қарап тұр. Түп-төркін О. Сүлейменовтың «Қаңтар оқиғасын шапыраштылар кланы ұйымдастырды» дегеніне тірелгенін түсіндім де: Есенқұл көкеме тіл тигізбеңізші?! – дей салдым. Әлгі ағам «А, иә, енді...» деп кібіртіктеп қалды. Оңбағандық пен опасыздықта ру мен тек болмайтынын ақсақал жасындағылар білмейтіні өкінішті. Баяғының шалдары ондайға «Тексіздік» деп бір-ақ ауыз сөзбен диагноз қоя салған. Ал Олжекең… Оның сөзін іліп әкеткендер аруағыңнан айналайын Қарасай, Сұраншы, Саурық, Сүйінбай сүлей, сұрапыл Жамбыл, «қоразы жоқ қотыр тауық» баққан Есенқұлдардан арлы-берлі аттап жүр. Жүрегің ауырады. Негізі, трайбализмнен жағымпаздық қауіпті, Нұрекең тақта отырғанда, осы ақындардың біразы ағыла жыр арнап еді: бірі – «Атақазақ» деді, енді бірі «енді қазақ ұл тумас қайта сендей», деп күллі аналардың құрсағына қарғыс айтып тастады. Ол кезде ру маңызды емес, «кіру» маңыздырақ еді. Осындайлар «коридорда» қаптағандарды суырып тастап, ары өтті, «кірді». Көрерін көрді, аларын алды, үлгі болды. Содан көпшілік лап берді дерсің. Бір данагөй «Аңырақайда Қарасай қол бастаған» деп қойып қалды, газет-жорнал жұлып әкетті. Әлгі жазарман, ең құрығанда, Гуглдағы мәліметтерді бір қарап алмаған екен… Апырай, «140 жастағы батыр қалай қол бастайды, қойыңдар», деп жүріп, әзер тоқтаттық. Енді ух дей бергенде, жолбарыстан «шашлык» жасаған Наурызбай батыр «Ана тілі» пәніне атойлап кіріп кетті. Естеріңізде шығар, әлгі жазықта ойнап жүрген шерілер үстінен түсіп, Бөгенбай бір жолбарыс, Қабанбай екеу, ал Наурызбай үшеуін шаншыпты деген «шатпақ». Оллахи-биллахи осыған шапырашты Есенқұлдың еш қатысы жоқ, өз жерінен шыққан жуан бөкселерге бөстек болсам, деп өліп кете жаздағандардан дәл Ес-ағаңдай жиренген адам болмаған шығар:
К… ке, бөстек жасайды, сенен көрпе,
Қай к… еннің заманы туды екен деп, к.т аңдумен өтесің өле-өлгенше...
Сол Есенқұлға шапырашты екен деп, Назарбаев нанынан бөліп берген жоқ, өйткені оның өресі басқа еді. Жалпы, бөксе мен бөстекте тек болмайды, соны ағалар ескерсе, дейсің. Топтасып алған бөкселер ел тоздырып жібергені, соған халық шыдамағаны анық, сол аныққа рулық тұрғыдан «анықтама» беру оңған іс болмады. Қарттардың дәл осындай сөзінен кейін Абай облысы жарияланғанда, «Ура, наймандар тәуелсіздік алды!» – деп «алақайлаған» ақымаққа аса таңғалмадық. «Жалайырлар жетісетін шығар?!» деген де соңғы жылдары жиі айтылатын сөз болды. Қытай билеген Мұқалы, ақындар пірі Қабылиса, ғұлама Қадырғали қайта тіріліп келсе де көпшілік дарынына сенейін деп тұрған жоқ, бұл рудан шыққан қай баланың да жетістігі «кланның планына» келе салады. Осындайда, қоғамды аяп кетесің, бізде тобықтан аспас топтық, жо-о, тобырлық ойға шыланып жүргендер әлі көп. Қазақ ортасы осы мінезді қашан аластап, үйренеді екен: жабылып «адам» (саясаткер, ақын, жазушы...) ету «ойбай, ана біздің бала қалып қоймасын, бәйге бер»; одан кейін надан ету «ана рудың адамына көп сөз берілді, давай, мына рудан бір-екеу қос»; ақыр-аяғы «бас, жілік кімге бұйырды?»… Жетекке ілескен адамды табақ аңдушының деңгейіне түсіріп, айтаққа қосар итаршы жүр арада. Оларды астыртын түрде рубасы, көсем санайды.
Ру – тектілік факторы ғана, ал оның апарар шыңы – ұлт. Ұлт болып ұйыссақ, жаңағы көп көсем «қызметсіз» қалады, сондықтан «әләулайлата» береді. Ауыл арасындағы әләулай мен биік мінберде отырған олжекеңдердің аузынан шыққан «әләулайдың» дым айырмасы жоқ. Тым дендеп кеткен екен...
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР