Трұмовтың «тормозы» ұстады ма, Маңғыстау медицинасы маңып кетті

Тоқтар ЖАҚАШ

17.11.2020, 14:00

4094

      Биыл қаңтар айының соңында еліміз пандемияға дайындалып, іштен тынғанда Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансер мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны басшысы Нұрлан Джариевтің атына «Salus көпсалалы медициналық орталығы» ЖШС-нан хат келеді. Онда әлгі мекеме медицина қызметкерлерін ақпан және наурыз айларында «Клиникалық және коммуникативті тәжірибелер негіздері. Жаманат хабарды жеткізу алгоритмдері»бойынша оқытуға мүмкіндік туып тұрғанын жазады (1-сурет). Онкологиялық диспансердің бас дәрігері Нұрлан Джариев дереу осы ұсыныс-хаттың негізінде тендер жариялайды. Оны, әрине, «Salus көпсалалы медициналық орталығы» ЖШС жеңіп алады. Жекеменшік клиниканың талабына сай, оқу ақысы әр адам басына 40 мың теңгеден, оқитын адам саны 100 адамнан кем болмауы керек. Сонымен, облыстық онкологиялық диспансердің жүздеген қызметкері пандемиямен жағаласып, әлгі мекемеден «оқып-тоқуға» жіберіледі.

      Бәлкім, көңіл аударарлық бір мәселе болмаса, мүлдем мән бермеуге болар ма еді? Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке көз жүгіртсеңіз, жағаңызды ұстайсыз. Өйткені «SALUS көпсалалы медициналық орталығы» ЖШС облыстық онкологиялық диспансер басшысы Нұрлан Нұратдинұлының туған қызы Нұратдинова Фаризаға тиесілі екен. Ал Фариза болса Нұр-Сұлтан қаласындағы медицина университетінің студенті. Логика бойынша студент қыз әкесі басқаратын мемлекеттік мекемеге «қызметкерлеріңді ақылы түрде оқытып берейін» деп хат жазған да, әкесі дереу оны жүзеге асырған болып шығады. Сөйтіп, Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Нұрлан Джариев туған қызының атына тіркелген кәсіпорынға 5 миллион 360 мың теңге аударып береді.    «SALUS көпсалалы медициналық орталығы» ЖШС-ында «оқып келді» деген медицина қызметкерлерінің айтуынша, оларға ешқандай сабақ өтпеген. Тек қолдарына «оқыды» деген сертификат қана табысталыпты.

       «Жүре берсең – көре бересің» деген рас сөз. Мемлекеттік сатып алу порталындағы шартқа облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Нұрлан Джариев, ал «SALUS көпсалалы медициналық орталығы» ЖШС тарапынан Нұрлан Джариевтің әйелі Сақтағанова Алмагүл қол қояды. Бұл ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңының бірнеше баптарын өрескел бұзу болып табылады.

      Нұрлан Джариевтің «хикаяттары» мұнымен де бітпейді. 2019-20 және 2020-21 жылдар аралығында Нұрлан Джариев Ақтаудағы Есенов атындағы университетте оқыған ақысы үшін онкологиялық диспансердің есебінен 780 мың теңге аударады. Дөрекі тілмен айтқанда, Ақтаудағы бір отбасы мемлекеттік мекеменің қанын сорып, жеке отбасылық бизнес көзіне айналдырып алған.

        «Отбасылық бизнес» демекші, редакциямызға Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерде істейтін 35 қызметкерінің атынан шағым түсті (3-сурет). Онда Нұрлан Джариевтің айналасына туған-туыстарын жинап алғанын атап жазады. Мысалы, «шаруашылық басшысы Рахымжан Қызмабаев – туған балдызы, бас медбике Гүлім Мұқсанова – келіні, құдағиы Сахиева М. – бір қызметте, тағы бір келіні Гүлмира Әбенова – кәсіподақ жетекшісі, тіпті мемлекеттік сатып алу бойынша жақында жұмысқа алған жас маман мен кадр бөліміндегі қызметкер – Джариевтің отбасылық достары Жұмыровтың балалары» деп жазған.

     Дәл осы шағым облыстық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жамал Жаманбаеваға, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалына, еңбек инспекциясы басқармасына, облыс әкімі Серікбай Трұмовтың атына бірнеше мәрте жазылды. Бірақ еш нәтиже жоқ. Пандемия кезінде мақсатты және үнемді жаратылуы тиіс мемлекет қаржысы Маңғыстауда қадағалаусыз шашылып жатыр.

      Тағы бір ескеретін нәрсе – биыл Нұрлан Джариев «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысты. Сөйтіп, 441 дауыс жинап, үшінші орынға топ ете қалды. Былайша айтқанда, партияның алғашқы іріктеуінен өтіп, әне-міне «халық қалаулысы» атанып кетуге сәл қалып тұр. Облыс әкімі Трұмовтың «тормозы» ұстап тұрғанда, Маңғыстау медицинасы өз бетімен маңып барады.

Тегтер: медицина біліктілік. коронавирус індет қауіп қатер

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ 09:07
Билік тәуелсіз партияларды парламентке жібермейді
Сайт әкімшілігі 25.11.2020, 13:01
Мамин мен Назарбаева Мәжіліс сайлауына қатыспақ
Сайт әкімшілігі 25.11.2020, 12:25
Әлеуметтік төлемдерді индекстеуге 3 триллион теңге бөлінеді
Әділ КЕМЕҢГЕР 24.11.2020, 09:13
Қазақ мемлекеттігіне жаһандық қауіп төніп тұр
Қайнар ОЛЖАЙ 24.11.2020, 09:05
Тіл комитетінің тісі қышып бара жатса...
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 18:42
Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат

Аңдатпа


  • Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
    25.11.2020, 10:40
  • «Жас Алаш» жазған жайдан соң: Тұғыл тығырықтан шықты (видео)
    24.11.2020, 15:57
  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    24.11.2020, 12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42