Тұран одағы: аңыз бен ақиқат

Күлтегін БЕК

14.09.2021, 07:45

2147

Қазақ   тал  қармауға  көшкендей.  Оның өзіндік  себептері де  жоқ  емес. Рас,  бұған  дейін еліміздің  БАҚ  беттерінде   «қытай  синдромы» жиі  жазылды, үрейлі  деректер келтірілді. Қазір Ресей   тарапынан    төнетін  қауіп жөнінде   жазбалар  көбейді. Бұған   ол  елдің   кейбір  саясаткерлерінің  қазақ  жеріне  байланысты  айтқандары  себеп  болуы ықтимал. Содан келіп  қазақ  зиялылары аждаһа  мен  аюдан аман  қалудың  жолын  іздеп  әлек. Ол  жол – жалғыз  Қазақстанды  ғана  емес,  мұқым түркі  жұртын алып  қалатын   одақ.  Яғни   түркі  жұртының әскери-саяси, мәдени-экономикалық бірлестігі. Былайша айтқанда,  Ұлы  Тұран  одағы. Көптеген  адам осы одақ   түркі  жұртын  ел  етіп  сақтап  қалатын   құдірет  көре  бастады.  Бұл  қаншалықты ақиқат?  Шын  мәнісінде Тұран  одағы құрылуы  мүмкін бе? 

       Рас,  Ұлы  Тұран  бірлестігін    өткен  ғасырдың  басында  Алаш  арыстары да арман  еткен. Тарих  беттерін  парақтап  жіберсек,   түркі  жұртының  басын  біріктірген  одақты  Бумын қаған  мен Естеміс   баһадүр  құрды.  Одан кейінгі екінші  бір  түркі  қағанатының  шаңырағын  Білге  мен  Күлтегін  және  Тоныкөк  абыз  көтерді.   Сайын  далада  шашырап  жатқан түркі  жұртын  бір байрақтың  астына  жиып,  қағанат етіп кеткен солар. Жарты  әлемді  табанының  астына  салды. Айтқаны  болды,  дегені  іске асты.   Ал  одан кейінгі   тарих  сахнасына  шыққан  Шыңғыс хан  да,  Ақсақ  Темір де  өз  түркі  қандастарымен  қидаласты. Бір-бірін  жоқ  етуге  тырысты. Найман  мемлекеті  жойылды. Алтын  Орда  қирады. Десек те,  сол түркілік   Шыңғыс хан   мен  Осман  құрған   империялардың    территориясына 40  мемлекет  сыйып  кететіндей  алып еді. Ол  түркі жұртының  мейманасы  тасқан  кез-тұғын. Қазір   уақыт өзгерді. Заманның  талайына түсіп,  сайдың  тасындай  шашырап кеткен түркі  жұрты  басын  қосып, бірлесе алмай  әлек.

        Рас,  мәдени-рухани  байланыс  бар.  Бірақ  әскери-саяси бірлестікке  қол  жеткізе алмай  жатыр. Жақында   мәжіліс депутаты Қазыбек  Иса  әлеуметтік  желіде  «Тұран  одағы  құрылуы  тиіс»  деген  жазба  қалдырыпты. Пікір  жазып,  қолдап  жатқандар  жыртылып-айырылады. «Екпіні қатты Ердоған ер бастаған ел басшыларының мойнында түгел түркі мемлекеттерінің тәуелсіздік тағдыры, территориялық тұтастық қауіпсіздігі тұр», – дейді  Қазыбек  Иса.  Жөн сөз. Негізі,  солай.  Бірақ  бұл  жүзеге асатын  жоба  ма,  әлде  қиял  көгінде  қалып  қоятын  дүние  ме?  Тамырына  үңіліп  көрелік.  

       Әу  баста  бұл  мәселені 1991  жылы  КСРО  тарқап, қызыл империя  бұғауындағы  республикалар тәуелсіздік  алған кезде  Түрік  президенті  түркі  жұртына   құшақ  жайып,  «Түркі бірлестігін құрайық»  деген емеурін  танытқан. Бірақ  содан  бері  30  жыл  өтсе де, бұл тек  әңгіме  түрінде  қалып келеді.  Тіпті  былтыр Әзірбайжан  Түркияның қолдауымен  Арменияның қол  астында  қалған  жерімен  Таулы  Қарабақты  өзіне қайтарып алған кезде  де Түркі  бірлестігі,  Тұран  армиясы  жөнінде   әлемдік  деңгейде  сөз  болды.  Өз  территориясында   түркі  жұрты  мекен  етіп  отырған  біраз мемлекет  жылан  шаққандай шоршып  түсті.   Себеп белгілі:  Түрік  президенті  Ердоған айтқандай, «бір ұлт,  алты  мемлекет»  бір  шаңырақтың  астына   топтасып,  Тұран  одағын,  Тұран  армиясын  құратын  болса,  әлемдік  геосаясат  өзгеріп  сала  берері  хақ.  Ол одақтың  10 миллион  әскер  шығаратын  әлеуеті барын  өзге ел  біледі.

      Қазіргі кезде түркі  әлеміне  кіретіндердің  саны 200 миллионнан астам. Олар Еуразия аумағының  4 миллион шаршы  шақырым  кеңістігін  мекен  етуде. Ол аймақтың табиғи байлығы 500 триллион доллардан  астам көрінеді. Осындай ырғын  байлыққа мелдектеп  жатқан жерде Ұлы  Тұран  мемлекеті  дүниеге келетін  болса, сөз  жоқ, толайым күшке  ие  болары  хақ. Бұл  одақ  тек Түркия,  Әзірбайжан,  Қазақстан,  Қырғызстан,  Өзбекстан   және Түрікменстанмен  шектеліп  қалмасы белгілі.  Ұлы  Тұран  мемлекетінің  территориясына  Балқаннан  Сібірге  (Ресейде  отырған   түркітілдес  мемлекеттер) дейін,  Орталық  Азия республикалары, Ауғанстанның (өзбектер  отырған)   біраз  бөлігі,  Иранның  біраз аймағы, Қытайдың  Шыңжаң  өлкесі кірері хақ.  Демек,  Тұран  әлемдегі  алып империяның біріне айналмақ.

      Алайда ауызбірлігі  мықты  түркі  империясының дүниеге келуіне ешкім мүдделі емес.  Мәселен, Түркиямен геосаяси  һәм  экономикалық кейбір  мәселелерде (әскери  одақ  НАТО-да бірге  болғанына қарамастан) қырғиқабақ  болып  отырған батыс  елдері ресми  Анкараның   түркі  жұртын бауырына басып, әскери-саяси-экономикалық  жаңа қағанат  құруына  қарсы. Оған  жол бермеуге  тырысып  бағары  анық. Сол  секілді Иран.  Мұнда 30 миллионға  тарта  түркі жұртына  жататын  халық  бар.   Қытайда  20 миллионның үстінде негізі  түркілік  жамағат  отыр.  Сол  секілді  Ресейде  де 25 миллионға  тарта  мұсылман, яғни  түркіге  жататын  28 ұлт пен ұлыс өмір  сүруде. Сондай-ақ Тұран  одағын  араб әлемі де бүйірге  қадалған  қанжар  ретінде  қабылдары хақ. Себеп  белгілі: түркі жұртын бір орталыққа  қаратып, күшейіп алған Түркия  ежелгі  Осман  империясының  жерін даулап  жүре ме деп  қорқады. 

      Демек,  Ұлы  Тұран мемлекетінің  құрылуы Қытайға да,  Ресейге де, Иранға  да тиімсіз. Тұран  мемлекетін арқаланып, Шыңжаңда  отырған мұсылман  түркілер бас көтеріп, бой  бермей кете ме  деп  Қытай сезіктенеді. Иран абыржулы. Сол  секілді   территориясында  20 миллионнан  астам мұсылман мекен еткен  Ресей де үрей  құшағында  отырғаны  анық. Өйткені Ұлы  Тұран мемлекеті алда-жалда  құрыла  қалса, Мәскеуге амалсыздан  бағынышты  болып  отырған ондағы  түркітілдес мемлекеттер мен ұлыстар Тұран  жұртына  қарай   бет  бұрары  белгілі. Мұның арты Ресейдің ыдырауына  әкеп соқпақ. Демек, мұндай  жағдайда Қытай да, Иран да,  Ресей де және  өзге де  мемлекеттер  әлемдік  геосаясатты өзгертетін   жаңа  одақтың  құрылуына барынша қарсылық  танытпақ.  

      Ұлы  Тұран  мемлекетінің  құрылуына  екінші  бөгет бір дүние – осы түркі  жұртына  жататын алты  мемлекеттің әзірге бірауыздылық танытпауында. Кезінде Нұрсұлтан  Назарбаев «Орталық  Азия  республикаларының  одағын құрайық» дегенде  де, мемлекет басшылары  ортақ мүддеден гөрі жеке  бастарының амбицияларын жоғары  қойып,  келісімге келмеген. Қазір  Өзбек  президенті  Шавкат  Мирзиеев та  түркілік бірлестік,  рухты  ояту  мәселесін көтеріп  жатыр. Бұл  жолы  қалай  болмақ? Дегенмен  «бас-басына би  болып»  үйреніп қалған тәуелсіз бес елдің  басшысы ресми  Анкараны «аға»  тұтып, өздері «інінің»  рөлінде  жүргісі  келмейтіні бесенеден  белгілі.  Мұны  олар  кешегі  КСРО-ның  кебін кию  деп  түсінеді. Ұлы  Тұран  мемлекетін  құрудағы ең үлкен қарсылық – осы.

       Тағы  бір  мәселе – Түркиядан өзге,  бес  түркітілдес  республика  саяси  және экономикалық жағынан Ресейге, қала  берді, Қытайға тәуелді. Қазақстан  мен  Қырғыз Республикасы   Ресей басшылық  жасап отырған Еуразия  экономика  одағына, Ұжымдық қауіпсіздік шарты  ұйымына мүше.  Ресейге  тәуелді. Сондай-ақ бұл  елдер  Қытайдың әбжілдігі  басым Шанхай ынтымақтастық  ұйымына  кіреді. Демек, Ресей де, Қытай да осы  құрылымдарды ұйымдағы  түркі  республикаларына  қысым жасау  тетігі  ретінде  пайдалана  отырып, Ұлы  Тұран  мемлекетін құруға қарсы  тұрары  хақ.

         Дегенмен  ешқандай  ұйымға кірмей,  дара  саясат  жүргізуге тырысып  отырған  Әзірбайжан  мен  Өзбекстан Түркиямен   біріге отырып,  алдағы уақытта  Тұран  одағының  қабырғасын  қалауы мүмкін. Бірақ  ол  одақтың құрылуы   бүгін-ертең  емес, ұзақ уақытты қажет етеді. Бәлкім,  түркі  жұртының арманы  болып  қала  беруі де   мүмкін.  Демек, қазақ  зиялылары,  исі Алаш  баласын  һәм  түркі  жұртын  аждаһа мен  аюдан  аман алып  қалатын, ғаламдық жаһандануда  жұтылып кетуден  сақтап  қалатын   Тұран  одағының  әзірге толғағы  келмегенін  біле  жүргені  дұрыс.

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Олжас ҚЫЛЫШ 10:20
«16 желтоқсан күні не құттықтай алмайсың, не көңіл айта алмайсың»
Алмас НҮСІП 08:56
Нығматулин Тоғжановқа тағы тиісті
Әділ АҚЫЛБАЙ 20.10.2021, 16:20
6 млрд доллар қайда?
Мариям МАҚСАТ 20.10.2021, 11:10
Арзан картоп арман болып қалар ма екен?
Ақылбек КҮРІШБАЕВ 20.10.2021, 09:11
Халық кедей, квота аз – бала қайтіп оқиды?
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 19.10.2021, 17:14
"Ауыл - Ел бесігі " ауылға пайда әкелді ме?

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31