Үкімет қазақ әйелдерін ашындырып жүр

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

21.09.2021, 08:31

1667

Еліміздегі «Аналитик» әлеуметтік-экономикалық талдау-зерттеу орталығы Алматы мен Нұр-Сұлтанда тұратын жалпы саны 1 млн 200 мың ана қатысқан сауалнама жүргізіпті. Орталық жүргізген зерттеулерге жүгінсек, жұмыс істемей, отбасының бабын жасап, ас-суын әзірлеп, үйде отыратын қазақ әйелдерінің 76 пайызы үкіметке ашынып жүр екен. Деректер көрсеткендей, қазақ әйелдерінің басым бөлігі елдегі әлеуметтік қамсыздандыру, жәрдемақы тағайындау, атаулы әлеуметтік көмек көрсету шараларына көңілі толмайтынын ашық айтқан. Тіпті олардың қайсыбірі өздерінің болашақтарына мүлде сеніммен қарай алмайтындарын, зейнет жасына жеткенде, шынымен де, зейнет көретіндеріне сенімді емес екеніне қатты алаңдайтынын баса айтыпты.

Айтса айтқандай, соңғы жылдары қоғамда қазақ әйелдерінің наразылығы, расымен де, күшейіп тұр. Байыптап қарасақ, пикетке, митингіге шығып, әкімнің алдына барып, министрліктердің есік алдына түнеп жүргендер тек қана қазақ әйелдері. Билікті диалогқа шақырып жүргендердің де басым бөлігі қазақтың аналары. Ал енді осы қазақ әйелдерін көшеге алып шыққан қандай жағдай?! Атойлап сөйлемек түгіл, еріне имене қарап сөйлейтін қазақ әйелі неге қазір қайта-қайта билікке наразылығын білдіріп кетті. Қазақ әйелін ашындырған не?!  

         Бұған қатыстықоғамда «Ереуілге шығатындар баяғы сол бір адамдар. Ылғи бір адамдарды көреміз. Олардың түрін де жаттап  алдық» дейтін де  пікірлер бар. Осыған қарап, тіпті «наразылық шарасына шығатын аналар арандатушылар емес пе» деген де ой келеді.

        Әлеуметтанушы Серік Нысанбаевтың айтуынша, көшеге шығатын аналарды елді арандатушылар, «белгілі бір қордан қаржы алып, көшеге шығушылар» деуге болмайды.  

     – Олар үлкен әлеуметтік мәселені қозғап отырғаннан кейін қоғамның қолдауын тауып отыр. Көпбалалы аналардың арасында жеке мүддесін көздеп, өзінің мәселесін шешіп алу үшін әкімдерге барып, партиялардың есігін қағып, министрлерге мәселесін айтып жүргендер де бар шығар. «Бес саусақ бірдей емес» қой. Тіпті шын мұқтаждары, көмекке шын зәрулері шеруге шықпай, именіп қалуы да мүмкін. Бірақ елдегі ана мен бала мәселесінің әбден түйінделіп қалғанын жасырмау керек. Мәселе бар ма – бар. Үкімет оны шешудің жолдарын қарастырмаса, бұл мәселе жылдан-жылға ушыға береді. Сондықтан билік аналармен диалог орната білуі керек, – дейді Серік Нысанбаев. 

        Маманның айтуынша, Қазақстан ана мен балаға толыққанды жағдай жасай алмай отырған мемлекет. Мысалы, өзге елдерді сөз етсек, Германияда қандай да бір себеппен бала күтіміне байланысты немесе жұмыстан қысқарып қалуы бойынша үш баласы бар әйел адам үйінде алты ай мерзімнен артық отырар болса, өкіметтен 900 евро арнайы жалақы алады. Ал финдік әйелдер 760 евро көлеміндегі жәрдемақы алса, Голландияда үйде отыратын мұндай әйелдерге ай сайынғы төленер ең төменгі жәрдемақы көлемі 600 евроны құрайды екен. Бір ескеретіні, біз үлгі етіп отырған елдердің «үй бикелері» бірінші, бастапқы кезеңдері жұмыс істеген болса, жинақтаушы қорының есебінен, екінші кәсіпорындық жинақтаушы қорынан, үшінші тіпті жұмыс істемеген әйел болса да, мемлекеттік бюджет есебінен жәрдемақы алады. Міне, осы үш бірдей қордан алынатын қаржы Еуропа әйелдерінің өмірін қамсыз ететіні анық. Бұл ретте «Жас Алашқа» пікір білдірген маркетингтік-зерттеу орталығының сарапшысы Марал Төртенованың айтуынша, әрине, біз өзімізді Еуропамен салыстыра алмаймыз.

     – Мен Германия, Голландия елдерінде болдым. Аталмыш елдерде әйел адамның асырауында үш баласы бар ма, ол әйел жұмыссыз ба, мемлекеттік органдар оған дереу жәрдемақы рәсімдейді. Ал бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан әйелдерге бұл елдерде арнайы жалақы төленеді. Қазір көптеген елде мұндай жүйе бар. Жапонияның «Бала капиталы» атты арнайы бағдарлама қабылдап, жаңа туған балаға мемлекеттің арнайы капитал салуы, Ресейдегі «Ана капиталы», Оңтүстік Корея еліндегі «Бала ресурсы» бағдарламалары бізге сабақ болатын дүниелер. Әттеген-айы, біздің атқарушы биліктің мұндай үрдістерді ескере бермейтіні, – дейді сарапшы.  

Негізінде, біздің елімізде де дүниеге келген әрбір балаға азды-көпті жәрдемақы қарастырылған. Дегенмен, мамандардың пайымынша, бала күтіміне қатысты берілетін жәрдемақы тым мардымсыз.

   – Бұл жерде мәселе жұмыс істейтін әйелдер жайлы емес, жұмыс істемейтін, жұмыссыз немесе өзін-өзі жұмыспен қамтитын әйелдер жайында болып отыр. Олар жұмыссыз жүріп, өмірге бала әкелетін болса, бір жылға дейін бала күтіміне 10 000-15 000 теңге көлемінде жәрдемақы алады. Мұндай табысқа өмір сүріп, бала өсіру мүмкін емес қой. Сондай-ақ біздегі барлық төлемдер мен жәрдемақылар тек бір жылға арналған. Елімізде бір жастағы баланы ешқандай балабақшаға бере алмайсыз, оның үстіне балабақша тапшылығы сезілуде. Сәйкесінше, осы екі жылда әйелдердің басым бөлігі бала күтіміне байланысты табыссыз қалады. Сондықтан бала күтіміне байланысты әйелдерге берілетін жәрдемақыны тым құрығанда ең төменгі жалақымен теңестіре алса жақсы болар еді, – дейді Марал Төртенова.

     Мамандардың пайымынша, әйелдердің ашынып үкіметке базына айтатын жөні бар. Себебі  қазан басында жүрген қазақ әйелдерінің еңбегі ескерілмей жатқаны рас. Мысалы, қазір олардың жинақтаушы зейнетақы қорында салынған қаржысы жоқ. Олардың орта жастан асқандағы өмірлеріне алаңдайтыны да осыдан. Сондықтан бізге жұмыс істейтін әйелдер мен жұмыс істемейтін әйелдерге қатысты арнайы бір тереңдетілген мемлекеттік жоба ұйымдастырып, соны реттеп алу қажет.

       Ал бұл арада үкімет әбжіл қимылдай ма, әлде көшеге шыққан қыз-келіншектердің барлығын «арандатушыларға, көкбет әйелдерге» теңеп бейқам отыра ма, ол жағын алдағы уақыт көрсетер. Тек бізге болашақта аналардың жыламағаны, билікке алақан жаймағаны, мемлекеттен өздеріне тиесіліні ашынбай, ашуға булықпай алғаны керек-ақ.

Тегтер: демография статистика ана-бала

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Олжас ҚЫЛЫШ 10:20
«16 желтоқсан күні не құттықтай алмайсың, не көңіл айта алмайсың»
Алмас НҮСІП 08:56
Нығматулин Тоғжановқа тағы тиісті
Әділ АҚЫЛБАЙ 20.10.2021, 16:20
6 млрд доллар қайда?
Мариям МАҚСАТ 20.10.2021, 11:10
Арзан картоп арман болып қалар ма екен?
Ақылбек КҮРІШБАЕВ 20.10.2021, 09:11
Халық кедей, квота аз – бала қайтіп оқиды?
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 19.10.2021, 17:14
"Ауыл - Ел бесігі " ауылға пайда әкелді ме?

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31