«Үлкен ойыншық»

Қазақстандағы қарт әкімді кім «ұстап» отыр?  

Жарас КЕМЕЛЖАН

15.09.2022, 05:38

2112

«Суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» адамдар болады. Ондайлар әкімдер мен министрлердің арасында да аз емес. Мәселен, билік ауысса да, мұрты қисаймаған, ескі Қазақстаннан қалған бір әкім болса, ол – Даниал Ахметов.

Кісілік келбетіне, азаматтық болмысына тіл тигізуден аулақпыз. Бірақ әкім ретінде Ахметовтің Шығысты жарылқап, халықты қарық қылғаны шамалы. Бірнеше жылдан бері шығысқа жамбасы жабысып қалды оның. Инсайд ақпараттарда Ахметовты «ұстап» отырған Путин деген әңгіме де жоқ емес. Жаны бар сөз-ау! Орысы көп өлкеге Ресейдің тілінен шықпайтын, айтқанына көніп, айдағанына жүретін «жансыз қуыршақ» керек қой. Даниал ағамыз сол сынға әбден лайық болса керек.

Ахметовтің алдында шығысты Сапарбаев та басқарды. Бердібек көкеміздің қазақылығы басым екені рас. Ондай адам қанша жерден істің ығын білсе де, орыстың тілін таба алмады. Қазақтың құқығын қорғап, кейбір жерде белден басып жібергендерін де еститінбіз. Ал Ахметовте ондай мінез қайдан болсын? Орысқа мінезсіздігімен жағып отыр немесе орыстың мүддесін қорғап, креслосын сақтап отыр.

Биылғы әкімдер рейтингісінде Даниал Кенжетайұлы «Ең нашар әкім» ретінде көш бастапты. Akimy.kz қосымшасында 6190 адам «бас бармақтарын төмен қаратып» басқан. Оның үстіне, Назарбаев ұзақ жылдар бойы сүйреп келген «шалдардан» қалған жалғыз тұяқ. 68 жастағы Даниал ағамыздың «ең қарт әкім» деген лақап аты тағы бар. Айтпақшы, жасының үлкендігінен бе, әлде жұмыс өтілінің ұзақтығынан ба, Даниял Ахметовтің  жалақысы әкімдер көшін бастайды екен. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 2 миллион теңге айлық алатынын айтқан болатын-ды.

«Баяндамаңыздың 80 пайызын орысша жасадыңыз. Сіз өзі ШҚО-ның әкімісіз бе, әлде Ресейдің  губернаторысыз ба?» деген журналистің сұрағына сасып-пысқан Кенжетайұлы уәжі қисынсыз, жауабы жүйесіздеу сөзбен құтылған-ды.

Ешкім ұмыта қоймаған болар, былтыр бір топ кәсіпкер Даниал Ахметовтың отставкаға кетуін талап етті. Кейін іс сотқа жеткен. Ақыр-аяғы, Шығыстың дөкейі әлгі кәсіпкерлерді жеңіп, отставка талап еткендер оңбай жазалансын. «Айғырмен алысқан ат арқасын алдырадының» кері.

Мәселе былай болған ғой. Шығыстың бірнеше кәсіпкері дөңгелек үстел ұйымдастырып, мемлекеттік сатып алу саласындағы заң бұзушылықтар туралы айтып, Ахметовтің әрекеттерінен зардап шеккендерін баспасөз жиынында көпшілікке жайып салады. Арызданушылардың сөзіне сенсек, тапсырыстың бәрі аймақ басшысына көңілі жақын кәсіпкерлерге бөлініп берілетін көрінеді. «Металлист» ЖШС-ның жетекшісі Айдос Серікқалиұлы: «Біз ШҚО басшысы Данимал Ахметовтің лауазымын босату туралы мәселені қарастыруды сұраймыз! Ол мемлекеттік биліктің абыройына нұқсан келтіруде», – деген мәлімдемесінде. Ал құрығы ұзын Даниал Кенжетайұлының барып кел-шауып келдері мұны жоққа шығарып, кәсіпкерлер жергілікті билікке қысым көрсетіп, талаптарын орындатуға мәжбүрлемекші деген уәж айтады. Даудың соңы сотқа барып, Айдос Серікқалиұлы мен Офелия Гусейноваға қатысты үкім шықты. Екеуіне де бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалды. А.Серікқалиұлы 1 жылға, О.Гусейнова 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Даниал Ахметов осы сот арқылы Шығысты бір ықтырып алғаны анық. Дегенмен әкімнің тісі батып жүргендер көп. Кенді Алтай өлкесі Даниал ағамыз барғалы еш өзгермеген. Тіпті ол күн тәртібіндегі кейбір түйіткілдердің өзін шеше алмай отыр. Мәселен, екі жылдан бері Шығыста алтын қазып, Сақ қорымдарын аршып жүрген ресейліктерге қарсы нақты шара қолдануға да әкім қауқар таныта алмауда. Бұдан басқа да жол, ауыз су, жыл сайынғы қызылсу апаттары Ахметовтің ұйқысын бұзар емес. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген ескі тәмсілді ұмытқан ескі Қазақстанның қарт әкімдері тақтан түсіп, орнын жастарға беретін уақыттың әлдеқашан жеткенін түсінбейді-ау, шамасы?! ШҚО-ны шыр айналдырған Ахметов туралы жазбамыз мұнымен бітпейді, айналып соғамыз.   

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.09.2022, 09:53
Бүгін Қазақстанда президенттікке кандидаттарды ұсыну басталды
Сайт әкімшілігі 23.09.2022, 08:57
ҰҚК Қазақстан мен Ресей шекарасында қалыптасқан жағдайды түсіндірді
Әділ АҚЫЛБАЙ 23.09.2022, 08:47
Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау
Сайт әкімшілігі 22.09.2022, 16:16
Прокурор Қайрат Сатыбалдыұлын 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Сайт әкімшілігі 22.09.2022, 13:53
Сайлау-2022: бюллетендерде барлығына қарсы дауыс беру мүмкіндігі болады
Сайт әкімшілігі 22.09.2022, 13:48
Қазақстан президенті үміткеріне қойылатын талаптар айтылды

Аңдатпа


  • Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау
    23.09.2022, 08:47
  • Жемқорларға жем болған Қазақстан
    23.09.2022, 08:42
  • Аймағамбетовтің құлағына «Алтын сырға»
    23.09.2022, 08:37
  • 25 қазан ұлттық мереке: Парламент заң қабылдады
    22.09.2022, 13:38
  • Әкімді әйел билесе...
    22.09.2022, 08:41