Ұлттық мүддеге келгенде қашанғы ұтыла береміз?

Батыр ЖАСҰЛАН

20.04.2021, 09:38

1330

Атырау облысы Құрманғазы ауданы Көптоғай ауылындағы жағдай халық шулаған соң, сәл саябырсыған сияқты. Кеше жасалынып жатқан тікенек сымдар мен қоршаулар алынып тасталды. Билік «жағдай тұрақтанғанша, қоршаулар салынбайды», деген мәлімдеме жасады.

        Бірақ бұл мәселе бәрібір шешімін табуы тиіс қой. Әңгіме 2005 жылғы 18 қаңтарда Мәскеуде қол қойылған «Қазақстан–Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісіміне» байланысты туындап отыр. 2005 жылғы 18 қаңтардағы екі ел арасындағы келісімге сәйкес, қоршау орнатылуы үшін ол қазақстандық территорияға қарай жылжытылды. Әңгіменің дауы да, халықтың наразылығын да тудырған осы. Ендігі жағдай қалай өрбімек? Шекара – шетін мәселе. Шекара маңында орналасқан ауылдың мұң-мұқтажы, арман-мақсаты шешіле ме? Ақиқаты, бұл – Көптоғай ауылының ғана емес, бүкіл қазақтың мәселесі. Қазақ қарыс қадам жерін орысқа бере қояр ма екен?! Мәселе мынада: Ресеймен арада жүргізілген келісімде біздің қазақ билігі өз мүддесін қорғай алмаған. Өз мүддесін жүзеге асыра алмаған. Міне, содан келіп, жергілікті халық наразылық білдіруге шықты. Олардікі де жөн. Дұрыс. Қол қойылған келісімге 15 жылдан аса уақыт өтті. Содан бері бір түсінік, ағарту жұмысын жүргізе алмаған біздің биліктің немесе сыртқы істер министрлігінің, немесе жергілікті әкімшіліктің жауапсыз әрекетін қалай түсінуге болады? Сонда біздің атқамінерлердің мемлекетшілдігі қайда? Неге Ресейдің шекарасы қазақ жеріне 1500 метргедейін сұғына еніпкетті? Осы жерде тағы биліктің жауапсыз, қисынсыз әрекеті қылаң береді. Егер делимитация туралы келісімге 2005 жылы қол қойылса, демаркацияны 16 жыл күткен бе, сонда? Биліктің мемлекетшіл емес, жауапсыз әрекетін қалай түсінуге болады? Біз-ақ осы ұлтқа келгенде, ұтыла береміз. Мәселе мынада: біздің билік ұлтжанды емес.  

         Ресей соңғы аптада АҚШ пен басқа елдер салған санкциядан сансырап жатып, өз нарығын гастарбайтерлерден тазалау  үшін тағы бір өте керек, жауапты әрекетке барды.  Ресей билігі заңсыз жұмыс істеп жүрген миллиондаған  мигранттарды елден шығаратынын мәлімдеді. Атап айтар болсақ, 332 мың адам – Өзбекстаннан, 247 мың адам – Тәжікстаннан, 152 мың адам – Украинадан, 120 мың адам – Әзірбайжаннан, 115 мың адам –Қырғызстаннан, 61 мың адам – Армениядан, 56 мың адам – Молдовадан, 49 мың адам – Қазақстаннан. Бұдан шығатын қорытынды не? Ресми Мәскеу осы әрекеті арқылы нәпақа тауып жүрген заңсыз гастарбайтерлерді елден қуып, нарықты бір тазалап алмақ. Екіншіден, гастарбайтерлердің ақша аударымдары сыртқа кетпейді. Үшіншіден, ресейлік жұмысшыларға нәпақа табылады. Әрине, бұл орыстардың өз нарығын қорғау мақсатында жасалған қадамы. Қолдауға тұрарлық.

        Алайда бұл әрекет Қазақстанға зиянын тигізейін деп тұр. Ресейде заңсыз жұмыс істеп жүрген өзбек, тәжік, қырғыздың барлығы енді Қазақстан нарығына қарай ағылады. Ал біз осындай жағдайда өз нарығымызды, өз мүддемізді қорғауға дайынбыз ба?  Ресей өзге гастарбайтерлерді елден қуып жатқанда, Қазақстан жауап ретінде мұны жасай ала ма?  Ұлтқа келгенде, қашанғы ұтыла береміз? Неге біздің билік отандық жұмысшыларды ойламайды? Қазақтың орысқұл билігі Ресейге жалтақтап өмір сүргенше, алдымен, отандық нарықты ойлауы керек.

        Ұлттық мүдде мен намыс біздің атқамінерлердің санасында үнемі жаңғырып тұруы қажет.  Бір ғана мысал айтайық, көше аттарын ауыстыруда тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл өтсе де, әлі кедергілер көп. Өткенде, Павлодарда 30 көшенің 23-і зор қиындықпен ауыстырылды. «Керекуде 23 көше атауының егемен елдік рухына сай келетін атаулармен ауыстырылуына қоғам белсенділері, журналистер, блогерлерден тұратын патшашыл-кеңесшіл топтың баспасөз арқылы байбалам салып қарсы шыққанына келейік. Бұл күтілген жайт еді. Бірақ осы топ В.Жириновскиймен астыртын байланыс орнатып, ақпараттық соғыста «орыс әлемінің сойылсоғарларына айналады» деген ой қаперімізге кірмепті. Қазір олар бетпердесін түсіріп, түр-келбетін көрсетсе де, іс-әрекеттеріне мемлекеттік органдар тарапынан құқықтық-саяси баға берілмейтінін сеземіз. Бұрын солай болған, бүгін де, ертең де солай болатын шығар. Өйткені біз таспен атқанды, аспен атуға дағдыланған елміз», – деп жазды ақын, қоғам белсендісі, павлодарлық Арман Қани.

        Расын айту керек, біздің билік ұлттық мүдде мен намысқа келгенде, ұтылып қала береді. Бұл немқұрайдылық па? Әйтеуір, кежегеміз кейін тартады да тұрады. Жоқ әлде ынжықтық па? Баға беру қиын. «Ресей территориясы қалай Қазақстанға өтіп кеткен?» деп байбалам салып жүрген арандатушы шовинист Мединскийді осыдан бірнеше апта бұрын Байқоңырда премьер-министрлік деңгейде күтіп алып, қошеметтеп шығарып салдық. Тіпті, үш жыл бұрын Қазақстан–Ресей қатынасын жандандырғаны үшін оны «Достық» орденімен марапаттадық. Ал басқа ел қайтер еді?!

       Осыдан он шақты күн бұрын Грузияға туған күнін тойлауға барған Познерді тіл тигізгені үшін грузиндер жұмыртқа лақтырып, елден қуып шықты. Міне, грузиндік намыс, кавказдық қайрат, жігер мен мүдде! Демек, бізге қазақы намыс жетіспей тұр. Егер билік халықтың тілімен сөйлесе, елдік мүдде тұрғысынан ойласа, онда бәрі де реттелер еді. Өкінішке қарай, біздің орысқұл билік әлі де Мәскеуге көп жалтақтайды. Ұлтшыл болудан қорқады. Осы уақытқа дейін біз «мәселені саясиландырмайық, біздің елге тұрақтылық қымбат» деген жасанды саясаттың жетегіне еріп келдік. Ал жасанды саясат жарға жығады. Өйткені билік, ең алдымен,  өзінің тыныштығын ойлайды. Ал біз үшін бәрінен елдік мүдде мен халықтың намысы қымбат. Демек, ұлт үшін жасалатын ұлы істерде ұтылмауымыз қажет.

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Батыр ЖАСҰЛАН 09:18
Тілі 7-бапқа байланған ел
Әділ КЕМЕҢГЕР 12.05.2021, 07:41
Билік транзиті болмады
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 12.05.2021, 07:03
Ким қазақты қайтсін...
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 15:28
Өзін «ақпын» деп ресми тілде ақталған Жоламанова қазақ тілін менсінбей ме?!
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 11:39
Мұхтар Түменбай: Бұл әзілдейтін нәрсе емес!
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 10:08
Риддердегі өрт: полиция тергеу бастады

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06