07.06.2023, 15:40
2786
«Үңгірдегі ұлтшылдықтың» авторы Дәурен Абаев антикордың назарына ілінді. Экс-мәдениет және спорт министрі былтыр «Еуразия» халықаралық кинофестивалін өткізген болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік сол кино фестивальден заңсыздықтар тауыпты. Қазір тексеру жүріп жатыр.
ҚазТАГ таратқан ақпаратқа қарағанда, редакция кинофестивальді өткізудің қаншалықты заңды-заңсыз екендігіне қатысты антикорға сауал жолдаған. Жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі әңгіменің жай тексеріс жүргізу шегінен асып түскенін, «өте көп санды қылмыстық істерге барып тіреліп тұрғанын» айтыпты. «Өте көп санды қылмыстық істер» дегенді қарапайым оқырманға жұмсақтап түсіндірсеңіз де, қылмыстық исі аңқиды.
Ал Абаевтың өзі қылшығы қисаймай шетелде жүр. Биыл наурыздан бері ТМД Бас хатшысының орынбасары. Минискіде тұрады. Дәурен Абаев Назарбаев командасының сенімді өкілдерінің бірі болғанын жұрт жақсы біледі. Әйтпесе, 2001 жылы оқу бітіріп қызметке араласқан жас жігіттің 14 жылда министр болып кетуі – «Ертөстік» сияқты ертегі кейіпкерлеріне ғана тән қасиет. Дәурен де өте жылдам өсті, тез жетілді.
Мәдениет пен спортты қолына ұстап тұрған уақытында қаңтар оқиғасы бұрқ ете түсті. Назарбаевтар сияқты қаңтар Абаевтың да жүйкесіне ауыр салмақ салды. Олай дейтіміз, қаңтардан кейінгі кездесулерінде, жүрген жерінде Абаев қыңыр-қисық сөйлейтінді шығарды. «Үңгірдегі ұлтшылдық» туралы айтқаны, «Астынан ба, үстінен бе» деген бәдіктеу сөзі – бәрі қаңтар қырғынынан кейінгі ауыс-түйістер тұсындағы аумалы көңіл күйден шыққан болатын.
Антикор демекші, Абаев Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тұрған кезінде сыбайлас жемқорлықпен күресудің жаңа тәсілін ұсынып, жемқорлардың ішкен-жегенін құстыруға қатты белсенділік танытқан-ды.
«Әңгіме сыбайлас жемқорлықпен күресудің жаңа әдісі туралы болып отыр. Сыбайлыс жемқорлық әрекеттің бірнеше түрі бар. Атап айтсақ, тұрмыстық, корпоративтік немесе жүйелі жемқорлық. Соның ішінде ең қауіптісі – жүйелі парақорлық. Бұл жағдайда антикор жемқорлықтың осы аталған түрімен күресуді қолға алды. Менің ойымша, бұл біздің еліміз үшін тиімді болмақ» – деген еді, бірнеше жыл бұрынғы сұхбатында. Абаев сол жүйелі тәсілге енді өзі ұрынып отырған жоқ па? Кім білген, сол антикор күндердің күні өзіне құрық саларын?!
Абаевтың аты қай кезде шықты? Назарбаевтың баспасөз хатшысы болып тұрған уақытта, экс-командада ондай адамның барынан ешкімнің хабары болған жоқ. 2019 жылы Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалғаннан кейін ғана Абаевтың аты атала бастады. Айлық жалақысы 950 мың теңге екенін айтып, журналистер алдында тұмсығын көтерген уақыты сол тұсқа тура келеді. «Министр үшін лайықты жалақы» деген сөзді сол кезде айтқан болатын.
Назарбаев үнемі қорғап-қолпаштап жүретін етжақын кадрлары бар, Абаев солардың бірі болды. Н.Назарбаев президент болып тұрған уақытында Абаевқа қаратып: «Ешкімнен қорықпа, бірдеме десе мен бармын...» деген сөзі – Абаевты қолдау ғана емес, жалғанды жалпағынан басуына ашық жол көрсетуі болды. Дәурен мырза «ешкімнен қорықпа» дегенді тура мағынасында қабылдаған болу керек, экс-елбасының арқасында бірнеше жыл дәурендеді…
Абаевтың дипломат екенін біреу білсе, біреу білмес. Ол дипломатиялық шені бар – I сыныпты хатшы. «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері екен. «Құрметте» құрмет қалмаған шығар? Ал «Парасат» кім көрінгеннің омырауына тағылмайтын салмақты орден еді.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР