Ұранхаев пен Ахметовке «өз адамдары» маңызды

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

16.08.2022, 08:22

1436

Шығыс Қазақстан облысынан бөлініп шыққанымен, жаңа облыс негізінде құрылған Абай облысының атқарушы билігінде түрлі қызықтар жалғасып жатыр. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев қазір аудандарды аралап, жалпы жағдайларға қанық болып жүргенімен, командасы әлі қалыптасып болған жоқ. Жаңадан құрылған 17 басқарманың басшылары әзірге міндетін атқарушы болып саналады. Қызығы, аудандардың бөлінісінен шығып отыр. Яғни Тарбағатай ауданынан Ақсуат ауданы бөлініп, Абай облысының құрамына өткенде, Ұранхаев соған дейін Тарбағатай әкімі қызметін атқарған Асхат Смайыловты өзінің туған жеріне – Ақсуатқа әкім етіп қалдырды. Енді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке Тарбағатай ауданына әкім тағайындау қажет болғанда, оған дейін Смайыловтың орынбасары болған Ерсін Ескендіровті аудан әкімінің міндетін атқарушы етіп алып кеткен болатын-ды. Расы керек, Ескендіровтің ауданды дөңгелетіп әкете алатынына тарбағатайлықтар күмәндана қарады. Себебі, аудан орталығы – Ақжардың өзінде бұрынғы аудан басшылары шеше алмай кеткен түйткілді проблемалар жетерлік еді. Оның үстіне, оны әлеуметтік желіде «уақытша отырған әкім» деп танып, талқылағандар аз болған жоқ. Аудан халқы үшін әкімнің жергілікті азаматтар ішінен тағайындалғаны маңызды еді.

Осы жайды ескерсе керек, таяуда ШҚО әкімі Д. Ахметов Тарбағатай ауданының әкімі етіп өткен жылдың маусым айынан бері Семей қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген Дархан Жөргекбаевты тағайындады. 43 жастағы Дархан Шомпайұлына қатысты деректерден белгілісі – Ақжар ауылының тумасы. Яғни тарбағатайлықтардың арманы орындалып, ауданға өз азаматы басшы болып келді. Сол тұрғыдан алғанда, Ахметовтің Жөргекбаевты апарғаны жөн екен делік. Әрине, егер Семей бұрынғыдай, Шығыс Қазақстан облысының құрамындағы қала болса, бұл тағайындауға таңырқамас едік.

Қызықтың көкесі, Даниал Кенжетайұлының көрші Абай облысының орталығынан кадр әкеткенінен шығып отыр. Сонда Семей қаласының әкімі Бақытжан Баяхметов қол астындағы орынбасарын жібере салып, өзі қайда жүр? Ахметовтің облыс орталығынан аудан басшылығына аттай қалап, Жөргекбаевты «шақырып алғанда», кадрларын түгендеп үлгермеген Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың үнсіз қалғаны қалай?..

Әйтеуір бір анығы – Семей қаласының әкімі Бақытжан Баяхметов 3 тамыз күні парламент сенатының депутаттығына үміткер болып тіркелген. Абай облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Наталья Фесенконың мәлімдеуінше, сенаттағы екі орынға Абай облысынан 11 үміткер өзін-өзі ұсынғанымен, нақты 6 адам тіркеліпті.

«24 тамызда Абай облысынан ҚР парламенті сенатының депутаттарын сайлау өтеді. Заң бойынша жергілікті мәслихат депутаты және облыста тұратын азамат депутаттыққа кандидат бола алады. Қазір алты үміткер тіркелді. Оның ішінде, Семей қаласының әкімі Бақытжан Баяхметов та бар. Дауыс беруге қатысқан таңдаушылардың 50 пайыздан астам дауысын алған кандидат сайланған болып есептеледі», – деді Наталья Фесенко арнайы өткізген баспасөз мәслихатында.

Тоқетерін айтқанда, Семей қаласының әкімі Бақытжан Баяхметовтің сенатқа үміткерлер арасынан есімі жиі естілуіне, әрі Н. Фесенконың оған екпін түсіре айтуына қарағанда, кімнің өтетіні белгілі болып қалған сияқты. Бір жағынан, командаластарын енді жинап жатқан Абай облысының әкімі Н. Ұранхаевтың облыс орталығы Семейге жаңа басшыны «өз адамдары» арасынан қоюға ынталы екені байқалатындай. Оның тағы бір мысалын Даниал Ахметов Д. Жөргекбаевты Тарбағатай ауданының әкімі қызметіне тағайындағанда «қыңқ» етпегенінен көруге болады. Енді Д. Ахметов о баста «жаңа әкім келгенше отыра тұр», деп Ақсуат ауданынан аудан әкімінің міндетін атқаруға алып кеткен Ерсін Ескендіровтің бұдан ары қайда баратыны белгісіз. Аудан әкімі Асхат Смайылов жақында ғана екі орынбасары Қайрат Мауадинов пен Әсет Аққазинді нақты бекітті. Бәлкім, чемоданын қолына ұстап, бұрынғы орынбасары Ескендіров есік қақса, Ақсуаттың әкімі оны «танымай қалмас».

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.09.2022, 09:53
Бүгін Қазақстанда президенттікке кандидаттарды ұсыну басталды
Сайт әкімшілігі 23.09.2022, 08:57
ҰҚК Қазақстан мен Ресей шекарасында қалыптасқан жағдайды түсіндірді
Әділ АҚЫЛБАЙ 23.09.2022, 08:47
Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау
Сайт әкімшілігі 22.09.2022, 16:16
Прокурор Қайрат Сатыбалдыұлын 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Сайт әкімшілігі 22.09.2022, 13:53
Сайлау-2022: бюллетендерде барлығына қарсы дауыс беру мүмкіндігі болады
Сайт әкімшілігі 22.09.2022, 13:48
Қазақстан президенті үміткеріне қойылатын талаптар айтылды

Аңдатпа


  • Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау
    23.09.2022, 08:47
  • Жемқорларға жем болған Қазақстан
    23.09.2022, 08:42
  • Аймағамбетовтің құлағына «Алтын сырға»
    23.09.2022, 08:37
  • 25 қазан ұлттық мереке: Парламент заң қабылдады
    22.09.2022, 13:38
  • Әкімді әйел билесе...
    22.09.2022, 08:41