Веложарыс: Сағынтаев бұл қайткенің?

    Алматы бюджетінен оған 311,3 миллион теңге шашылмақ

Әділ АҚЫЛБАЙ

13.05.2021, 10:19

2311

Алматыда алғаш рет 2013 жылы әкім Ахметжан Есімовтің кезінде имидждік мақсатта «Тур Алматы» (Tour of Almaty) деген веложарыс өткен. Содан бері жыл сайын өтіп, былтыр  коронавирус пандемиясына байланысты өтпей қалған еді.

        Сонымен, қала билігі шығыны көл-көсір веложарысты өткізуді осымен біржолата ұмытып кетіп, оның орнына сол ақшаны халыққа пайдалы мақсаттарға бағыттайтын шығар десек, бұлар да қоймайды екен. «Тур Алматы» деген жарыс бар екенін ұмытпапты, әлемде коронавирустың өршіп тұрғанына қарамастан, биыл бәрібір өткізіп жібермек екен.        Алматы әкімдігі мемлекеттік сатып алу порталында «Халықаралық көпкүндік «Тур Алматы 2021» веложарысын ұйымдастыру мен өткізу» деген лот жариялап, оған өтінім қабылдау мерзімі күні кеше аяқталыпты. Айтпақшы, көпкүндік дегені – екі-ақ күн. Тапсырыс беруші – «Алматы қаласының мемлекеттік активтер басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны. Қызмет көрсету мерзімі: 2021 жылғы тамыз-қыркүйек.

        Бұл мемлекеттік сатып алу лотына қатысуға жалғыз мекеме өтінім берген. Оның өзі «Қазақстан велосипед спортының федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі тарапынан Қазақстан аумағында UCI эгидасымен өтетін спорттық шараларды ұйымдастыра алатын білікті ұйымдастырушы деп танылуы тиіс. Штатында халықаралық жарыс өткізу тәжірибесі сегіз жобалық менеджері болуы да тиіс екен.

         Сонымен қатар лотты жеңіп аламын деп тәуекел еткен қызмет көрсетуші «Тур Алматы 2021» веложарысын анау-мынау емес, «Евроспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетілуін қамтамасыз етуі қажет. Жай көрсетіп қоймай, сол «Евроспорт» телеарнасының кәсіби комментаторының қызметін қоса сатып алуы керек екен. Бұл мемлекеттік сатып алу лотына 311,3 миллион теңге бөлінген.

Алайда бұл қызметке халықаралық велокомандаларды шақыру, олардың ұшақпен ұшуын қамтамасыз ету, Қазақстандағы жүріс-тұрысы мен жарыстың жүлде қорын қамтамасыз ету сияқты техникалық талаптар кірмейді екен. Ол жағы енді тіпті бөлек шығын болғалы тұр-ау.

Пандемия уақыты болсын, болмасын мұндай понттық шаралар өткізу ақшаны желге шашумен бірдей дейді жазушы-публицист Марат Тоқашбаев:

— Ондайды оба жайлаған кездегі  той дейді. Еліміз коронавирус жүріп жатқан қиын кезеңде өмір сүріп жатқан тұста, халықаралық деңгейдегі веложарыс өткізу, оған шетелдерден қонақ шақыру, қатысушылардың барып-келу шығындарын көтерудің бәрі де түкке де керегі жоқ. Оның орнына осындай қиын жағдайда ауруханаларға жетіспей жатқан консентраторлары мен қосымша жедел-жәрдем машиналарын алып, әрі медициналық заттарды осы қиын жағдайға лайықтап жабдықтаған артық емес пе?! Ал бұл шығын шенеуніктердің, биліктің қалтасынан шығып жатқан шығын емес. Бұл халықтың салығынан жиналған мемлекеттің бюджетін осылай оңды-солды шаша беруге болмайды. 311,3 миллион қосымша шығындарымен қосқанда 350-360 миллион деген аз ақша емес. Қазақстан бұндай понттық шаралардан әбден аузы күйген. Өткен жылдары да Астанада бүкіләлемдік дін өкілдерінің сьезі қайта-қайта өткізілген болатын. Сондай-ақ Азиялық спорт ойындары мен халықаралық EXPO көрмесі де өткізілді. Ал бұлардың ешқайсының түкке қажеті де жоқ. Бұның барлығы биліктің басында отырғандарға понт үшін ғана қажет. Шын мәнінде, бұлардың ешқайсы халықтың жағдайын көтермейді де жақсартпайды. Сол салынған керемет құрылыстардың қазір ешкімге де керегі де жоқ, жай бос тұр. Сонымен қатар Алматыда өткізілген қысқы олимпиада ойындарына кеткен ақшалар да босқа желге ұшты.  Мәселен, Табаған жақтағы комплекстерді де арнайы барып, бақылап көрдім. Сондағы трамплиндер мен сырғанақтар босқа тот басып, құлап, қирап жатыр екен. Осының бәріне қаншама миллиардтап ақшалар жұмсалған болатын. Осындай понттық іс-шараларды тоқтату керек. Бұл тек биліктегілердің ақша жеп, пайда тауып қалуы үшін жасалынып жатқан шаралар. Ал халыққа түкке де керегі жоқ, осындай пайдасыз шараларға өз басым үзілді-кесілді қарсымын, – дейді қоғам қайраткері.

     Әкімдік қаланың имиджін қанша жерден асқақтатса да, одан қарапайым қазаққа пайда бар ма, осы? Алматы бюджеті шетелдік спортшылардың, шетелдік комментаторлардың, осындай даңғаза жобаларды ұйымдастыру мен өткізудің басы-қасын жағалап, жалақтап жүретін жергілікті шенеуніктердің қалтасын қашанға дейін  қампита берер екен? «Тур Алматы» жарысы тоқтатылды. Қазақстан билігі бұл спорттық шарадан ресми түрде бас тартты» деген жаңалықты бұл билік тұрғанда естімейміз-ау.

       Алда-жалда, Құдай оңдаса, билікке келуі мүмкін, қазаққа жанашыр биліктің бірінің аузынан естімесек...

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Батыр ЖАСҰЛАН 10.06.2021, 08:49
«Медаль алғыш» Мамин міз бақпай отыра бере ме?
Әділ КЕМЕҢГЕР 10.06.2021, 08:44
Біз бұларға қалай сенеміз?
Батыр ЖАСҰЛАН 08.06.2021, 08:45
Мәскеудің лас ойынына біз неге араласуымыз керек?
Әділ АҚЫЛБАЙ 04.06.2021, 08:57
Әй, «Самұрық-Қазына»! Халықтың ақшасын қашанға дейін шаша бересің?
Сайт әкімшілігі 04.06.2021, 08:44
Сең қозғалған секілді
Батыр ЖАСҰЛАН 03.06.2021, 09:02
Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02