Зейнет жасындағы Ахметов аппарат басшысын жасартты

09.01.2019, 16:11

378

Биылғы жылғы кадрлық тағайындауды Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал АХМЕТОВ аппарат басшысын ауыстырудан бастады. Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы қызметін атқарып келген Жасұлан СӘРСЕБАЕВ осы лауазымға тағайындалды. Облыстық әкімдіктің аппаратын бұған дейін басқарған Ринат ОМАРОВ бұл қызметке өткен жылдың ақпан айында ғана тағайындалған болатын. Омаровтың оған дейін Ахметовтің орынбасары қызметін атқарып, небары алты ай ішінде (2017 жылдың маусым айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін) «шыңдалып шыққаны» есімізде. Барған орынында көп отыра қоймайтын Омаровтың қаңтардың ызғарында қай «жылы орынға» жайғасқаны әзірше белгісіз.Әрине, Үкімет құрамының өзінде жылдың соңына жетпей министрлер де «ат ауыстырып» жатқанда облыс әкімінің кадрлық тағайындаулары аса таңырқай қарайтын жаңалық емес. Бірақ, зейнеткерлік жастан асқан ШҚО әкімінің аппарат басшысын жаңартқаны (анығырақ айтқанда жасартқаны) біраз ойландырып тастайды екен. Өйткені, Жасұлан Сәрсебаевтың жасы 33-те. Облыстық әкімдіктің ішіндегі бірқатар басқармаларда басшының орынбасары қызметін атқарып, облыстағы туризм саласына 2015 жылдың тамыз айынан жетекшілік етіп келген жас шенеуніктің жоғарылауына Ахметовтің өзі жол ашып отырған сияқты. Өйткені, екі сөзінің біріне туризмді тілге тиек ететін Даниал Кенжетайұлы оны аппарат басшылығына тағайындаса өзіне біршама жақындатты деген сөз. Бұл бір жағынан президент 2019 жылды жастар жылы деп жариялап отырғанда, оны қолдаған сыңайын осылай танытқаны болса керек. Өйткені, Сәрсебаев осыдан бірер жыл бұрын облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы да болған.Ахметовтің осынау тағайындауына қарап отырып, енді қала, аудан әкімдері де өз аппарат басшыларын жасарта бастар ма екен? деген заңды сұрақ туады. Өйткені, биыл жастар жылы ғой. Білдей облыс әкімі аппарат басшысын жасартып жатқанда, олар әлі «кәрі қасқырларымен» әліптің артын бағып отыра қоймас. Дейсің, еріксіз… Енді ептеп, біраз аудан,қала әкімдерінің аппаратын қай жастағылар басқарып отырғанына зер салайық.Өскемен қаласы әкімінің аппарат басшысы Нұрлыбек ШЕРУБАЕВ 1958 жылғы, 61 жаста. Қызмет жолына көз салсақ, Шерубаев та «көп отыра алмайтындардың» қатарында. Әкімдік басқарушылық жолдағы қызметін 2006-2007 жылдары Аякөз ауданының әкімі қызметінен бастаған ол содан бергі 8 жылда бір аудан әкімі, облыс әкімдігінің бас инспекторы, орынбасары дейсіз бе, жиыны 9 басшылық қызмет атқарып үлгеріпті. Оның ішінде қазіргі қызметі мен облыс әкімінің аппараты басшысы қызметтерін бір-екі жылдан атқарып шыққан.Семей қаласы әкімі қызметін 2015 жылдың шілде айынан атқаратын Ермак СӘЛІМОВТІҢ аппарат басшысы Сержан ӘЗБЕРГЕНОВ 1961 жылы туған, жасы 58 де. Қала әкімдігінде Әзбергеновті білетіндер оның «оңай шағылар жаңғақ еместігін» жиі айтады.Риддер қаласы әкімінің аппарат басшысы Асхат САҒИДОЛДИН 1979 жылы туған. Бұл қызметте дер шағында отырғандай көрінгенімен, қала әкімінің сайтындағы өмірбаянының сызбанұсқамен орналастырылғанына қарап, өзі туралы мәліметке аса назар аудара бермей ме деп қалдық. Көп шенеуніктерде көріне бермейтін ғылыми дәрежесі, мемлекеттік атағы, шет тілін білуі, әскери шені деген тұстардың бәріне де «жоқ» деген белгі қойып жайбарақат отырғаны биліктің ықпыл-жықпылында шаруасы жоқ-ау деп қалдық.Хош, сонымен, өңір әкімдерінің аппарат басшыларының ең үлкен «ақсақалы» кім? Бесқарағай ауданы әкімінің аппарат басшысы Тимофей ГЛАЗИНСКИЙ 1955 жылы туған екен. 2003 жылдан осы қызметте отыр. Бесқарағайда неше аудан әкімі ауысса да осы қызметте табаны күректей 15 жыл отыруы және зейнет жасынан асса да орынына ешкімнің табылмай отырғаны таңғалдырады.Бородулиха ауданы әкімінің аппарат басшысы Сергей ЛАЗУРИН де 1955 жылы туған. 2010 жылдың наурыз айынан осы қызметте. Үржар ауданы әкімінің аппарат басшысы Найманғазы ҚАРАТАЛОВ та Бесқарағай мен Бородулихадағы әріптестерімен түйдей құрдас, жасы 64-ке шығатындардың қатарында. Бұл қызметті ауданның қазіргі әкімі Серік ЗАЙНУЛДИННІҢ  тағайындауымен атқарып келе жатқалы 5 жылдың жүзі болыпты.Жарма ауданы әкімінің аппарат басшысы Нұралла УЗБЕКОВТІҢ  де жасы биыл 64-ке шығады. 2015 жылдың қыркүйегінен осы лауазымда отырған оны енді тағайындалатын аудан әкімі орынында қалдыра ма жоқ, па, уақыт көрсетер. Ал ауданның бұрынғы басшысының парамен ұсталып кеткені белгілі.Ақсақалдар әкімдік төрінде «мығым отырғанда»  жастарға жол беру қайдан болсын?! 1987 жылы туған Аян МАКИЕВ 2015 жылдың қыркүйек айынан бері Глубокое ауданы әкімінің аппараты басшысы міндетін атқарушы. Жасы 60-қа келген аудан әкімі Қалихан БАЙҒОНЫСОВТЫҢ ауданды 2016 жылдың қаңтарынан бері басқарып отырып, Макиевтің қызметін әлі күнге дейін неге бекіте алмай отырғаны түсініксіз. Бәлкім, көзге сүйелдей көрініп тұрған осы жайға облыс әкімінің жаңа да жас аппарат басшысы Жасұлан Сәрсебаев назар аударар.Шығыстың өзге аудандарындағы әкімдіктің аппарат басшылары 35 тен 50 жасқа дейінгі аралықта қалыпты қызмет атқарып отыр. Дегенмен, осы мысалдың өзі Шығыстың атқарушы билігіне жастар жылында бір өзгерістің керек екендігін аңартып тұрғандай. Аппаратын жасартқан облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі 1954 жылы туған. Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметін 2014 жылдың қаңтар айынан атқарып келеді.     Фото: altaynews.kz   
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16:00
ОСК: Мәжіліс депутаттығына кандидат сайлауда 5%-дан аз дауыс жинаса, жарна қайтарылмайды
Сайт әкімшілігі 10:35
Болат Назарбаевтың компанияларына тиесілі жерлер мемлекетке қайтарылды: істің мән-жайы
Нұрболат ӘЛДИБЕК 07:12
Тағдырын «дәретхана дауы» талқандаған...
Сайт әкімшілігі 01.02.2023, 17:45
Әсет Матаев парламент сайлауына қатысады: "Біздің буын көптеген мәселелерді шеше алады"
Сайт әкімшілігі 01.02.2023, 15:19
Мәртебелі фамилияңыз әділдікті қалпына келтіруге кедергі емес – Ерлан Саиров
Сайт әкімшілігі 01.02.2023, 12:38
Серікқали Брекешев жаңа қызметке тағайындалды

Аңдатпа


  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    07:16
  • Тағдырын «дәретхана дауы» талқандаған...
    07:12
  • «Экстің» пайдасынан зияны асып кеткен жоқ па?!
    01.02.2023, 07:32
  • Бір мандатқа таластырды бұл билік...
    01.02.2023, 07:28