Жақсылықов жақсы әкім бола алмай отыр

Нұрболат ӘЛДИБЕК

03.03.2021, 12:12

3138

        Күні кеше қоғамдық кеңес алдында берген есебінде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өзіне қойылған сұраққа «Жұмысын үйлестіре алмай отырған әкімдер деп, мен Тараз қаласының, Жуалы, Меркі және Сарысу аудандарының әкімдерін айтар едім» деп жауап берді. Бұл сөз жұртшылыққа «жақын күндері аталған әкімдер қызметінен босайды» деп естілгендей болды.

       Бұл ретте қала әкімі Айтқазы Қарабалаевқа және Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков пен Жуалының тізгінін ұстап отырған Нарбай Ергебековке Сапарбаев өңірге әкім болған алғашқы күндерден бастап-ақ шүйлігумен келеді. Күні бүгінге дейін аталған әкімдер «қатаң сөгіс» дейсіз бе, «қызметіне толық сай емес» дейсіз бе, әйтеуір, жазаның түр-түрін алып, ендігі еттері де үйреніп кеткендей. Ал жуырда Бердібек Мәшбекұлы жылуға қатысты жиында Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықовқа «ең қатаң жаза қолданылсын» деген болатын.

      Жаңатас қаласындағы орталық қазандық 9 ақпан күні істен шығып, қыстың ортасында шағын қала тұрғындары жылусыз қалғанын бүкіл ел білді. Бұл жайында облыс әкімі Б.Сапарбаев: «Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықовтан маусымның басында мән-жайды сұрағанымда, «мәселе жоқ, отын жеткілікті» деп сендірген болатын. Баяндағанда бәрі жақсы сияқты, енді келіп бүкіл республикаға әйгілі болдық. Қайта ауа райы жылы, ал 15-20 градус аяз болса, көпқабатты үйлер, аурухана, балабақшалар қайтпек еді? Қаржы берілді, мазут алынды, ал нәтиже не болды? Жауапкершіліктің жоқтығы осындай жағдайға алып келеді.

     Мазуттың бір айлық қоры бар дедің, қайда сол қор? Аудан әкімі істеліп жатқан жұмыстар жөнінде өзінің сөзімен айта ала ма? Әлде тек жазып бергенді оқи бере ме? Сен ситуацияны білмейсің ғой деймін. Анаған жаздық, мынаған жаздық, тапсырма бердік дейсің. Нәтижесі қайда? Неге келген цистернадағы мазуттар лаборатория арқылы тексерілмеген? Тексеріліп барып, актіге қол қойылуы керек. Мазуттың орнына су жағып, конденсаттар кесірінен барлық құрылғылар істен шығып қалса, не болады, сонда? Басыңызбен жауап бересіз осының бәріне! Менің ойымша, бұл жерде сыбайлас жемқорлық бар сияқты, бір мүдде бар», – деді.   

     Онлайн өткен аталған жиында «Жаңатас-жылу» КММ директоры Ғани Исқақов қаңтар айынан бастап мазуттың сапасы жөнінде дабыл қағып, тиісті басшыларға хат жазғанын айтты. «Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне ескерту беріліп, бес цистернаны қабылдамай қойдық. Мердігерді шақырып едік, келмеді. Аудан әкімінің орынбасарына, бөлім басшысына жазбаша шықтым: «мынаның бәрі толған су, қалай қабылдаймын» деп. Бәрі хабардар болып отырды», – дейді Ғани Исқақов.

       Осылайша аудан жұртшылығының көңілінен және өңір басшысының сенімінен шыға алмай, яғни Жақсылықов жақсы әкім бола алмай отыр.

        Осы орайда, Бақытжан Алпысұлын «Тараз Құрылыс Инвест» компаниясының бас директоры қызметінен Сарысуға әкім етіп тағайындаған Сапарбаевтың өзі екенін ескерсек, кім біледі, оған қатысты қолданылсын деген «ең қатаң жаза» жұмсарып кетуі де әбден мүмкін. Бірақ «мешкей деген жақсы ат емес» демекші, Жақсылықовтың аты тегіне сай, жақсы ісімен емес, жауапсыздығымен, Жаңатасты жылусыз қалдырғанымен шыққаны да қайбір жақсы атақ дейсіз.

Тегтер: әкім жергілікті әкімдік жоспар жұмыс шара

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 12:02
«Nur Otan» партиясы Жас депутаттар корпусын құрды
Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 11:45
Шпекбаев қызметінен кетіп, сыбайлас жемқорлыққа жаңа басшы келді
Дос КӨШІМ 16.04.2021, 09:40
Табанының бүрі жоқ Қазақстан парламенті
Сайт әкімшілігі 15.04.2021, 15:43
Жемқорлар да тірі жан
Елеусіз МҰРАТ 15.04.2021, 10:35
Қазыларымыз неге жиі қателеседі?
Батыр ЖАСҰЛАН 15.04.2021, 09:27
Ауыл әкімі: Көз алдау сайлау кімге керек?

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24