"Жарты млрд жеп қойған" дейді

Экс-министр Біртановтың тағдыры не болады? 

Алмас НҮСІП

03.11.2020, 03:23

4297

 2017 жылдан бастап 2020 жылдың маусымына дейін денсаулық сақтау министрі болған Елжан Біртановтың ұсталуы туралы ақпарат ел ішін шарлап кетті. Бірақ билік әлі күнге дейін ресми ақпарат берген жоқ. Бұл жайлы қашанда әлдебір дақпыртты таратып қойып, ел не дер екен деп, қызығына қарап отыратын биліктің кезекті бір ойыны болуы мүмкін деген де болжамдар бар.

Не де болса ресми ақпарат шыққанша қарап отыратын емес, Біртановтың ұсталуына байланысты түрлі болжамдар БАҚ беттерінде қаптап кетті. Қаржы министрлігі «ақпарат болғанда міндетті түрде хабарлайтынын» айта келіп, «бұрынғы денсаулық сақтау министріне қатысты тергеу амалдары жөніндегі ақпарат Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, жариялауға жатпайды» деп мәлімдеді. Не растамай, не жоққа шығармай, созбаққа салып отырған бұл жауап Біртановтың ұсталғаны жайлы ақпаратты бекіте түсетіндей.

Әсіресе пандемия басталғалы басынан дау арылмай келе жатқан  Біртановқа бір тықырдың таянғаны президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін-ақ түсінікті болған. Тоқаев басқа емес, үндеуінде денсауминнің өз міндетін дұрыс атқара алмай жатқанын айтуының өзі көп нәрседен хабар берген-ді. «Ашығын айту керек, денсаулық сақтау жүйесі індетке тойтарыс беруге дайын болған жоқ. Осы мәселе бойынша біз тергеу жүргіземіз және бұл жағдайдан сабақ аламыз. Әкімдердің жіберген қателіктеріне тиісті баға береміз», – деген Тоқаевтың сөзі коронавирус жұқтырып, ауырып жатқан жерінен отставкаға кеткен Біртановтың оңай құтылып кетпейтініне, бір «қызықтың» басталып келе жатқанына ешқандай күдік қалмаған. Рас, Біртанов қана емес, президент айтқан әкімдердің де қатары селдіреп шыға келе ме деген ой болған.

Біртановтың отставкасынан кейін көп ұзамай оның орынбасары болған Олжас Әбішевтің ұсталуы Біртановтың басына төніп тұрған бұлт сейіліп келе жатқандай әсер қалдырған. Иә, әдетте негізгі қылмысты орынбасарлар арқалап кетіп жатады, бұл да солай болар дегенбіз. Дегенмен осы тұста бір мәселеге ерекше тоқталған жөн. Тамызда ұсталған Әбішевке де, күні кеше қамауға алынды деген Біртановқа да бір мәселе бойынша айып тағылып отыр: цифрландыру. Үйқамақта жатқан Әбішевті тергеу кезінде оның денсаулық сақтау саласын цифрландыруды ілгерілету үшін жасалмақ ақпараттық жүйені дайын болмаса да қабылдап, жарты миллиард теңгеден астам қаржыны тапсырыс орындаушылардың шотына аудара салғаны анықталған.

Осыншама қаржы жұмсалған ақпараттық жүйенің кейінгі тағдыры елдің көз алдында: бәрі де баяғыдай. Ал енді араға екі ай уақыт салып барып Біртановтың да цифровизацияға бөлінген 526 млн теңгені жымқырғаны үшін уақытша тергеу изоляторында отырғаны жайлы ақпарат шықты. Әбішев ұсталғанда жарты миллиардқа жуық делінген ақпарат екі айдан соң нақтыланып, 526 млн теңге екені көрсетілгеніне қарағанда, биліктің о баста көздегені Әбішев емес, Біртанов болуы да мүмкін.

Қаржы министрлігі қаржы мониторингі комитетінің баспасөз хатшысы Арман Жүнісовтің Біртановтың ұсталуына байланысты түсініктеме дүйсенбіде берілетіні жайлы айтқан. Әзірге үнсіз. Соған қарағанда әлі де біраз мәселенің басы ашылмай жатқан сияқты. Әбішев пен Біртановқа тағылған айыптың ұқсастығы жұртшылық көкейінде тағы бір сұрақ тудырды: Біртановты Әбішев ұстап берді ме?

Әрине, Әбішев үйқамақта жатқалы екі айдан асты, сонша уақыт ішінде құпия жүргізілген тергеп-тексеру амалдарының қорытындысын тап басып болжау мүмкін емес, бірақ қазірдің өзінде бір нәрсені анық болжауға болады: Әбішев пен Біртановтың ұсталуындағы сәйкестік бекер емес.

Жалпы, коронавирусқа дейін де Біртановтың отставкасын, тіпті жауапқа тартылуын талап еткен белсенділер мен дәрігерлер аз болған жоқ. Имиджі онсыз да оңбай тұрған Біртановтың жағдайы коронавирус кезінде тіпті қиындап кетті. Әдетте өзін біртоға ұстайтын, сырт көзге ұстамды көрінетін экс-министрдің кейбір ақпараттары бір-біріне қайшы келіп, күлкіге қалған кездері де болды. Мәселен, ДДСҰ коронавирустың екінші толқыны қазанда келеді деп болжам айтып жатқан шілде айында Біртанов Қазақстанда вирустың екінші толқыны басталып кеткенін айтып, Айды аспанға бір-ақ шығарған. Одан бөлек, Қазақстанда коронавируспен ауырғандардың саны шырқау шегіне жетіп тұрған шақта «көрсеткіш төмендей бастады» деп, тағы бір алжасқан. Кейіннен түк таппағандай вирусты симптомды-симптомсыз деп бөлуі де «суға кеткен тал қармайды» дегенді еске түсіреді.

Одан бұрынғы Денсаулық кодексі кезінде де бір қабылдаған заңын бірнеше рет өзгертуге мәжбүр болғаны, әсіресе осы кезде қарсыластарының белсенділік танытуы, одан соңғы коронавирус кезіндегі маска жыры, дәрі-дәрмек тапшылығы, дәрігерлердің наразылығы, жедел жәрдем қызметкерлерінің «жағдайымыз нашар» деп, шағым айтып көшеге шығып кетуі, вакцина дауы, көшелерді залалсыздандыруға босқа ақша шашқаны жайлы ақпараттың таралуы, дәрігерлердің көптеп ауру жұқтыруы, медицина қызметкерлері өлімінің көбеюі т.б. мәселелер Біртановқа оңай тиген жоқ. Вирус басталғанда «дәрігерлерді үйлеріне жіберуге болмайды, өйткені олардың вирус тасушы болу мүмкіндігі өте жоғары» деп алып, арада үш ай өтпей жатып, қонақүйде жатқан дәрігерлерді үйіне қайтаруы да Біртановтың сүйкімін аз кетірген жоқ. Дәрігерлерді үйіне қайтаруды министрліктің «олар бір-бірін танып қалды, кешкісін бірге жиналып, бас қосып отыруды шығарды. Оларға бірге болу өте қауіпті» деп түсіндіруі де жұрттың біраз күнгі түңілісті әңгімесіне арқау болды.

Басқасы басқа, өзі коронавирус жұқтырып, емделуге кеткенде өз орнына үш орынбасарын бірдей министрдің міндетін уақытша орындаушы етіп қалдырып кеткенде, жұртшылық оның бұл әрекетін ешқандай нормаға сыйдыра алмай дал болды. Бұл оның үш орынбасарына да толыққанды сене алмайтындай көрінген. Неге ешкімге сене алмағанын енді ғана түсіне бастаған сияқтымыз.

Басқа – басқа, дәл нәубет тұсында ақша жымқырғаны расталса, онда Біртановтың аты тарихта мәңгі қалатыны анық. Бәлкім, бәрін жазмышқа сілтей сөйлейтін кеңқолтық қазақ оны да саяси ойындардың құрбаны болды ғой деп кешіріп те жіберер, ақырын күтейік.

Әзірге Біртановтың бір сөзін мысалға келтіріп, сөзімізді аяқтайық:

«Еліміз бай болғанда ғой, кейбір Еуропа елдері сияқты үш ай бойы карантиндік режимді ұстап тұрар едік. Өкінішке қарай, біз ондай бай ел болмадық...»

Тегтер: жемқорлық пара сыбайлас жемқорлық заңсыздық тергеу

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 08:05
«Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
Әділ АҚЫЛБАЙ 08:00
Не істеу керек?
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 17:36
ҰҚК төрағасының орынбасары - шекара қызметінің директоры тағайындалды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 16:30
Ораз Жандосов Бағдат Мусиннің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 15:27
Тоқаев Қырғызстанға барады
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 18:47
«АМANAT» партиясы референдумды қолдау мақсатында Қонаев қаласы тұрғындарымен кездесті

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56