Жеңіс күнін тойламау да саясат

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

06.05.2022, 05:05

1781

9 мамыр Жеңіс күні КСРО-да алпысыншы жылдардан бастап кең көлемде атап өтіле бастаған. Мұның арғы жағында алып империяның құрамындағы халықтардың мызғымас бірлігін көрсететін кеңестік идеологияның «жемісі» байқалады. Бүгінде Жеңіс күні қып-қызыл саясатқа айналып тұр.

Жуырда ақпарат құралдарында Грузия парламентінде Жеңіс күнін 8 мамырға ауыстырып, оны Еуропа мен АҚШ-тағыдай фашизмді жеңген күн деп белгілеу туралы заң жобасының қаралып жатқаны жарияланды. Кездейсоқтық емес, әрине. Украинадағы соғыс басталғалы Грузияның Ресеймен арадағы қарым-қатынасының салқындай бастағаны белгілі. Ал Украинада, Балтық жағалауы елдерінде Жеңіс күні біраз жылдардан бері тойланбайды. Жеңіс күнін тойламау да саясат. Шетелдің кейбір сарапшылары биыл Қазақстанда әскери парадттың өтпейтінін де осындай саясатпен байланыстырған. Мұның қаншалықты қисынды екендігін қайдам, бірақ саясаттан бұрын кешегі қаңтар қырғынында сыртқы жау түгілі ішкі қауіпсіздікті қорғай алмаған Қазақстанның дәл қазір әскери айбынын көрсететіндей қайбір сиқы қалды дейсіз?!

Біздің негізгі айтпағымыз бұл емес, жақында ақпарат құралдарында Ресейдің тарихи қоғамы өздерінің патриоттық жобаларының аясында Қазақстанның 11 қаласына «Город трудовой доблести» (бұл сөздің қазақ тіліндегі баламасын кездестіре алмадық) деп аталатын атақ беру туралы ұсыныс жасағаны айтылды. Бұл атақ Ұлы отан соғысы кезінде Жеңіске ерен еңбек қосқан қалаларға беріледі екен. Тізімде – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Петропавловск, Семей, Тараз, Орал және Өскемен бар. Қазірдің өзінде бұл жобаны қызу қолдап жатқандар баршылық көрінеді.

Кеңес одағының кезінде «Батыр қала» деген ұғымның болғанын білеміз. Алғаш рет мұндай атақты Ленинград, Сталинград, Севастополь, Одесса қалалары 1945 жылы алған екен. 1965 жылдан бастап «Батыр қала» мәртебесін КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен тағы бірнеше қала иеленіп, ұзын-саны 13-ке жеткен. Олар – Ресей, Украина, Беларусь елдерінде орналасқан. Бәрі де қырғын соғыс, неміс басқыншыларымен арада қиян-кесті ұрыс болған шаһарлар. «Батыр қалалар» Еуропаның басқа да елдерінде кездеседі. Күні кеше Украина президенті Зеленскийдің Жарлығымен Ресей басқыншыларына қарсы күресте табандылық көрсеткен Харьков, Чернигов, Мариуполь, Херсон, Гостемель, Волновах, Буча, Ирпень, Николаев, Ахтырка қалаларына да «Батыр» атағы берілді.

Ал енді ашық дерекөздерінде жазылған мәліметтерге қарағанда, «Город трудовой доблести» атағы 2020 жылдан бастап беріле бастаған. Оның ережесі бойынша бастаманы кез келген ресейлік немесе қоғамдық ұйым көтеріп, ұсынысты тиісті қаланың атқарушы билігіне бере алады екен. Қажет болған жағдайда сарапшылардың қорытындысына жүгінеді. Ақырғы шешімді президент пен парламент қабылдайды. 2020 жылы ТМД парламентаралық ассамблеясы аталған жобаны басқа да қалаларға тарату туралы құжатты мақұлдаған. Алайда әзірге бұл тәжірибе Ресейдің өзінен аса қоймаған. 2020 жылы «Город трудовой доблести» атағы Ресейдің 20 қаласына, 2021 жылы 24 қаласына берілген екен.

Жоғарыдағы 11 қаланың ішінде Шымкент қаласының енуі бекер емес. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Шымкент туралы әңгіме қозғалса, алдымен Шымкент қорғасын зауыты аталады. Себебі соғыс жылдары жауға атылған он оқтың жетеуі осы кәсіпорында өндірілген қорғасыннан құйылған. 1941 жылы Шымкентке Украинадан Чугуев әскери училищесі көшіріліп әкелініп, оның базасында ұшқыштар даярланған. Қазір Шымкенттегі Даңқ мемориалында осыған арнап қойылған ескерткіш те бар. Осы жылдары Шымкентте танктерге қосалқы бөлшектер, снарядтар, басқа да соғысқа қажетті заттарды шығаратын кәсіпорындар жұмыс істеген. Ұрыс болып жатқан аумақтардан көптеген зауыт-фабрикалар әкелінген. Сондықтан Шымкентке «Ерен еңбектің қаласы» деген атақ беру туралы ұсынысқа ешкім қарсы болмауы мүмкін. Жалпы, Қазақстанда жеңіске үлес қоспаған қаланы немесе елді мекенді кездестіру қиын. Осы қырғында Кеңес армиясы бірінші кезекте тылдағы еңбектің күшімен жеңіске жетті. Мұндай мүмкіндік фашистік Германияда болған жоқ. Ал Ұлы Отан соғысында Орталық Азия ең қауіпсіз тыл есептелген. 

Бірақ бұл мәселенің екінші жағы да бар. Жетпіс жыл бойы ескерілмеген еңбекті Ресейдің әлдебір қоғамының еске алып, бастама көтеруінің арғы жағы саясатпен байланысып жатқан жоқ па? Бұл да сол баяғы мызғымас кеңес халқы туралы «әннің» жалғасы емес пе? Дүние екіге жарылып, әлем Ресейге тонын теріс беріп тұрған кезде бізге тиімдісі қайсы?  

Тегтер: Жеңіс күні соғыс шара жоспар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 08:05
«Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
Әділ АҚЫЛБАЙ 08:00
Не істеу керек?
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 17:36
ҰҚК төрағасының орынбасары - шекара қызметінің директоры тағайындалды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 16:30
Ораз Жандосов Бағдат Мусиннің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 15:27
Тоқаев Қырғызстанға барады
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 18:47
«АМANAT» партиясы референдумды қолдау мақсатында Қонаев қаласы тұрғындарымен кездесті

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56