"Жер кодексіне" түбегейлі өзгерістер қажет

Батыр ЖАСҰЛАН

05.03.2021, 09:23

1778

Өткен аптаның жұртшылыққа жылы және жағымды болып жеткен жаңалықтың бірі жер мәселесіне қатысты болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты алаңдатып келген жерге қатысты әңгімеге нүкте қойғандай болды. Бірақ...

       «Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржолата тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Мен мұны президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру қажет деп шештім. Президент әкімшілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек. Екіншіден, бір айдың ішінде жер реформасы жөніндегі комиссияны құрып, 25 наурызда жұмысқа кірісуді тапсырамын. Комиссияның құрамына аграрлық сектордың беделді өкілдерін және жер мәселесін жетік білетін сарапшыларды қосу керек. Үшіншіден, үкіметке биылғы тамыз айының соңына дейін жер реформасының негізгі мәселелері бойынша ортақ мәміле арқылы түбегейлі байлам жасауды тапсырамын. Төртіншіден, комиссия жұмысының әрбір кезеңі және онда ұсынылған шаралар туралы халықты үнемі хабардар етіп отыру керек», –  деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында сөйлеген сөзінде.

        Айта кету керек, 2016 жылы Атырау мен Қазақстанның бірнеше қаласында  болған митингіден кейін сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев бес жылға дейін жер мәселесіне қатысты мораторий жариялағаны белгілі. Атыраудағы митингіде көзге түскен белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян «заңсыз митингі ұйымдастырды», «алауыздықты қоздырды» және «көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты» деген айыппен бес жылға сотталды. Екеуі де бостандыққа шықты. Алайда билік белсенділерден тағы үрейленді ме, жерге қатысты мәселенің түйінін шешуге аса құлшыныс танытты. Оның үстіне биыл Назарбаев жариялаған мораторийдің мерзімі бітеді. Сондықтан қазіргі мемлекет басшысының жерге қатысты әңгімеге нүкте қоюға ұмтылысы айтуға тұрарлық қадам. Десек те, өткен шақты еске түсіру абзал дер едік. Сонымен...

                   Жер кодексі. Бәрі қалай басталды?   

                                                                   

      Кезінде мәжілістегі Жер кодексі жұмысшы тобының мүшесі болған экономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов  2008 жылдың ақпан айында «Независимая» газетінде жарияланған мақаласында ауыл шаруашылығы жерлерінің қалай жекешеленіп кеткенін жіліктеп, түсіндіріп берді.

      «2003 жылы Жер кодексінің жобасы жасалды. Парламент мәжілісінің жұмысшы тобының мүшесі болып, кодекс тармақтарын түзуге қатыстым. Жармахан Тұяқбаев жүргізген пленарлық мәжілісте ( 19-20 ақпан) менің жерге қатысты көзқарас, талдауларымның негізінде жарық көрген кітабым әр депутаттың алдында жатты. Кодекс баптары екі күн талқыланды. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын, яғни ұжымшарлар мен кеңшарларды жекешелендіретін жағдайда қоятын бес шартымыздың біріншісі – шартты жер үлесін алған ауыл азаматтарына жерді тегін беру еді. Мәжіліске үкіметтен бес шарттың ешқайсысымен келіспейтіні туралы қарсы хат келді. Менің үкіметке жазған ашық хатымды Нұртөре Жүсіп қана жүректілік танытып, «Ақ жол» газетіне басты. Жер дауы Иманғали Тасмағамбетовтің өз еркімен үкімет басшылығынан бас тартуымен аяқталды. Жер кодексі қабылданды. Ауылшаруашылық жерлеріне жекеменшік енгізу осылай –  премьер Терещенко, әкім Кулагиндер дем берген астық компанияларының, ат төбеліндей байлардың, яғни латифундистердің пайдасына шешіліп кетті.

      Америка бұл реформаларға эволюциялық жолмен даму арқылы жетті. Біз нарық «революциясынан» кейін тұтқиыл кірістік. Жекеменшік енгізген 12 ТМД елінде, соның ішінде Ресейде бұл үрдіс шу-даусыз өткен жоқ. Өзбекстан ғана халқының тығыздығына, суармалы жерлердің көптігіне байланысты ауылшаруашылық жерлеріне жекеменшік енгізген жоқ.

Қазақстан үшін бұл, негізінен, дұрыс қадам болмады. 90-жылдар аяғында астық компаниялары пайда болып, олардың біреуі ғана орта есеппен 500-700 мың гектар жер аумағын, бұрынғы 50-ден астам кеңшар-ұжымшарлардың жері мен мүлкін біріктірді. Бір ғана «Голденгрейн» компаниясына 1 миллион гектар алқап тиесілі болды. Экономиканың жабық дамуы жағдайды ушықтырды. Сол «Голденгрейннің» қайда кеткенін қазір ешкім білмейді. Дәлірек айтсақ, ол туралы ақпараттар қоғам үшін жабық.

      Жекешелендіру науқанына сараптамалар, талдаулар жасалған жоқ. 1998 жылы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының 86 пайызы әдейі жасалған банкротқа душар болды. Ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер «жер үлесін алды, ендігісін өзі білсін» деген көзқараспен жетекшілік пен қамқорлықтан тыс қалды. Оның егін салуы, өнім алуы, техникасын жаңалауы, жанар-жағармай қоры ешкімнің басын ауыртқан жоқ. Банктер жарытып несие бермеді. Тауар өндірушілер астық компанияларына тәуелденді. Жұрт жағалай жабайы нарық жетегінде кеткенде астық компаниялары элеваторларды, сонымен қоса, жанар-жағармай стансаларын сатып алды.

       КСРО кезеңінде ұжымшар-кеңшарларға мәңгілік пайдалануға берілген жерлер осылайша жыртыс-бөліске салынды. Шаруа қожалықтарының иемдену құқығы болғандықтан, оны мұрагерлікке қалдыруына болатын. 1991-97 жылдар аралығында ұжымшар-кеңшарлар тарады. Олардың орнын ұжымдық шаруашылықтар басты. Кейін жерді уақытша пайдалану құқығы деген институт пайда болды. 1992 жылы «Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының мүліктерін жекешелендірудің ерекшеліктері туралы» заң шықты. Елбасы жарлығымен 1994 жылдан жерді пайдалану құқын сатып алғандардың дәурені басталды. «Жер – мемлекеттікі, ол сатылмайды, жерді пайдалану құқығы ғана сатылады» деген тезиске алданып қалдық», – дейді экономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов өз жазбасында. Міне, мәселенің түйіні қайдан бастау алып жатыр?!

                           Жердің жекеменшікте болмағаны керек

      Енді мемлекет басшысы Тоқаев айтқан бүгінгі жер мәселесіне  қайта оралайық. Рас, енді шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауылшаруашылық жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржолата тыйым салынады. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты екені нақтыланды. Алайда әлі де көңілде сейілмеген көп күмәннің қалғаны жасырын емес.

       Ақиқатын айту керек, Қазақстанның жер қорына енетін мұнай кен орындары мен басқа пайдалы қазба байлықтары бар емес пе? Сирек кездесетін металдар, көмір мен басқа да кеніштер жекешелендірудің тұсында-ақ әлдеқашан сатылып кетті ғой. Сондықтан біз ол жерлер туралы әңгіме айта алмаймыз. Әңгіме тек ауыл шаруашылығына жарамды жерлерге  ғана қатысты. Туристік аймақтар ше? Олар да ертең көрікті жерлерімен шетелдікке немесе жекеге сатылып кетсе қайтпекпіз? Бұл жерде мемлекет басшысы тек қана ауылшаруашылық жерлерінің шетелдіктерге сатылмауы және жалға берілмеуі қажеттігі туралы ғана айтты. Сондықтан көп халық мәселенің байыбына бармай, «шетелдіктерге жер сатылмайтын болды» деп ұрандатып, қуана дабыра қылып жатыр.

      Бәрі де Қазақстан заңының бай мен байшікештердің мүддесіне қарай қызмет етуінде болып тұр. Тағы да қайталайық, президент кешегі ұлттық кеңесте жер шетелдіктерге сатылмайтынын айтты. Бірақ былай болуы да әбден мүмкін ғой. Шетелдік компания, мысалы қытайлық делік. Ол компания Қазақстаннан тікелей жер сатып ала алмайды. Бірақ Қазақстанда тіркелген белгілі бір отандық фирма арқылы пайда табуы  әбден мүмкін. Ал заңдылық жағынан қарағанда, ол елімізде тіркелген отандық фирма. Ал инвестициясын салып, пайдасын көріп жатқан қытайлық компания. Демек, тексере келгенде Қазақстанның шұрайлы жерін сатып алған шетелдік емес, өзімізде тіркелген фирма болып шығады. Мұндай жағдайда ештеңе істей алмайсың. Бірақ отандық фирманың артында қытайлық компания тұр. Мұның бәрі заңның әлсіздігінен. Сондықтан, ең дұрысы, Жер кодексіне түбегейлі өзгерістер енгізілуі керек. Сонда ғана халықтың көңіліндегі тұман сейіледі. Халық жер мәселесіне алаңдамай, өмір сүре алады. Шетелді былай қойғанда, шұрайлы, құйқалы жерді иемденіп отырған қазақтың байларына да сеніммен қарауға болмайды. Оларға сатуға немесе ұзақ мерзімге жалға берудің де қажеті жоқ.

     Жер – халықтыкі. Жалпы, жердің ешкімнің меншігінде болмағаны керек. Сонда ғана елде алаңдаушылық болмайды. Президент бастамасымен құрылмақ болып отырған жер реформасы жөніндегі комиссия осындай түйткілді мәселелерді жедел шешуі тиіс. Дұрысы – осы.

Тегтер: жер саясаты жер дауы билік әкімдік жоспар ұлттық жоспар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 12:02
«Nur Otan» партиясы Жас депутаттар корпусын құрды
Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 11:45
Шпекбаев қызметінен кетіп, сыбайлас жемқорлыққа жаңа басшы келді
Дос КӨШІМ 16.04.2021, 09:40
Табанының бүрі жоқ Қазақстан парламенті
Сайт әкімшілігі 15.04.2021, 15:43
Жемқорлар да тірі жан
Елеусіз МҰРАТ 15.04.2021, 10:35
Қазыларымыз неге жиі қателеседі?
Батыр ЖАСҰЛАН 15.04.2021, 09:27
Ауыл әкімі: Көз алдау сайлау кімге керек?

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24