Жер мәселесіне байланысты туған алты сұрақ

Дос КӨШІМ

02.03.2021, 09:36

1571

        Кеше ғана президент Қ.Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жердің шетелдіктерге сатылмайтыны мен жалға берілмейтіні туралы қадап айтып, бұл мәселеге нүкте қойылғанын білдірді.  Бесжылдық мораторийдің мерзімі аяқталып келе жатқанына алаңдап отырған көпшілік баскиімдерін аспанға атып қуанып жатыр. Ең қызығы, оның ішінде сенаторлар мен депутаттар, парламенттегі фракциялардың басшылары да бар.

      Әрине, мен де қуаныштымын. Бірақ президенттің нықтап айтқан шешімін қолдаумен қатар, сол шешімнен туындаған төмендегі сұрақтар да маза берер емес. Меніңше, әңгіме қазақ халқын бес жыл ойландырған мәселеде емес, оның шешілу жолында сияқты. Егер біз бұл сұрақтарға жауап іздемесек,  алысқа бармайтынымыз анық.

       Бірінші сұрақ. Билік мораторийді 2016 жылы бес жыл мерзімге жариялады. Оны парламенттің арнайы заңымен бекітті. Бұл – жерге қатысты даулы мәселені бес жылдан кейін ғана шешу керек деген  заң емес, осы бес жылдың ішінде мәселе шешімін табуға тиіс деген сөз. Қазақтың жерді сатуға жібермейтіні сол жылдың өзінде анық көрінді емес пе?! Онда неліктен төрт жарым жыл күттік (оның екі жылы Тоқаевтың басқаруына келеді)? Неге осы жылдардың ішінде бір шешімге келмедік? Ай бағып отырдық па? Бұл төрт жарым жыл кімдерге керек болды? Не себепті керек болды? Жымқырған жерлерді жасыру үшін бе, әлде шетелдермен жасалуға дайын шарттарды бұзу үшін бе? Білмеймін. Әлде жоғарғы жақтағылардың бір тобы «жерді сатамыз», ал екінші тобы «сатпаймыз» деп төрт жыл айқасты ма?  Оны да естімеппін. Меніңше, парламентте де ондай дебаттар болған жоқ. Бірақ халықтың жүйкесін жұқартып, мораторийдің соңғы мерзіміне дейін алып келу билікке ешқандай абырой әкелмегені анық.

       Екінші сұрақ.  Президент жердің шетелдіктерге сатылмауы керектігін бірнеше рет айттым дей келе: «Мен мұны президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру қажет деп шештім. Президент әкімшілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек», –  деді. Бұл сөзді қалай түсінуге болады? Демек, жерге қатысты даулы мәселені заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы парламент жүзеге асырмайды, президенттің заңдық күші бар жарлығы арқылы жүзеге асады деген тұжырым ба? Ашығын айтсақ, бұл – заңға өзгерістер енгізу мәселесі – парламенттің құзыреті, міндеті. Әрине, Конституция бойынша президентте де заңдық күші бар жарлық шығару құқығы бар. Бірақ президенттер көп жағдайда бұл құқықты парламент өз жұмысын тоқтатқан жағдайда жүзеге асырады. «Тірі парламенттің» көзінше «президенттің заң шығару» бастамасына сүйену не парламентке сенбеу, немесе өзін «халықтың жалғыз құтқарушысы» етіп көрсетуге алып келетін сияқты. Екеуі де жақсы емес.

       Үшінші сұрақ. Мені алаңдататын басты сұрақ – президенттің бұл сөздерінде тек шетелдіктерге сатылмайтыны туралы айтылды да, «ал өзімізің азаматтар мен ұжымдарға сатыла ма?» деген сұрақ жаупсыз қалды. Әрине, президент, ұмытпасам, бұрынғы сөздерінде бұл мәселеге де өзінің көзқарасын білдірген. Екіншіден, қазіргі қоғамда «шетелдіктерге жеріміз сатылып кетпесін» деген алаңдаушылық көбейгендіктен, шетелдіктердің мәселесін баса айтқан да болар. Бірақ бұл – жердің тауарға айналып, нарыққа шықпауы, оның өзіміздің азаматтарға да сатылмауы – 2016 жылдың басты ұраны болды, екіншіден, бұл екі мәселені (жердің қазақстандықтарға да, шетелдіктерге де сатылмауы) бөліп-жаруға болмайды деп ойлаймын. Сондықтан бір жағын ғана айтып, екінші жағын тастап кету жартылай шешім болып қала береді.

       Төртінші сұрақ. Халық – бала сияқты, өзіне ұнаған сөзді, өзіне қажетті шешімді қуана қабылдайды. Ал саяси-қоғамдық салада жүргендер сол шешімдердің қабылдану жолына көңіл бөледі, және ең бастысы, сол соқпақпен қайта жүрмеудің жолын іздейді, тырманы қайта баспауды ойлайды. Әлі есімде, 75 адамнан Жер комиссиясы құрылып, облыстарда, Астанада кездесулер өткізгенде, билік жағы жердің нарыққа шығу қажеттігін дәлелдеп бақты. Обалы не керек, талай депутаттар мен министрлер, қоғам қайраткерлері «сендер ақымақсыңдар ма, жерді шетелдік компанияларға ұзақ мерзімге жалға бермесек, инвестиция келмейді» деп, бізбен жаға жыртысуға дейін барды. Комиссия отырыстарына өздерінің сөзін сөйлейтін адамдарды алып келді. Оларды алдын ала дайындады, т.т. (Біз де оларға қарсы қауымды ұйымдастырып үлгердік. Бұл басқа мәселе). Ең бастысы, 2015 жылы ауылшаруашылық жерлерін сатуға шығару туралы заң да қабылданды. Енді сол азаматтардың, сол мамандардың, сол депутаттардың президенттің кешегі сөзіне қарсы уәждерін тыңдағым келеді, қарсылықтарын (митинг, шерулер) көргім келеді. Мен оларды сол уақытта ғана сыйлаймын. Маған қарсы пікір айтса да, өзінің пікірін аяғына дейін қорғап, хамелеон сияқты өзгермеген адамдарды сыйлаймын. Жоғарыдан не айтылса, соған бас шұлғып отыра беретін адамдар басқарған ел оңбайды. Оны бәріміз де жақсы білеміз. Сол шешімді шығарып, қабылдап, қол көтерген депутаттардың алдында да екі жол бар: біріншісі – «мен Тоқаевтың бұл пікірімен келіспеймін» деп ашық айту, дәлелдеу, парламентте дауысқа салу не болмаса өз еріктерімен қызметінен кету (бұл да азаматтық қадам).  Мен бұлардың үнсіз қалғанынан не Тоқаевтың шешімін жақтағанынан қорқамын.

        Бесінші сұрақ. Бұл ең қысқа сұрақ болар. Неліктен осы елу айдың ішінде бірде-бір депутат немесе парламенттік фракция кешегі Тоқаевтың айтқан мәселесін парламентте көтеріп, Жер кодексіне өзгеріс пен толықтыру ретінде екі бапты ұсынбады? Оларға (ескісі бар, жаңасы бар) кім бөгет болды? Кім олардың қолын байлап, аузын жапты? Біздің заңымыз бойынша кез келген парламент депутаты кез келген заң жобасын дайындап, ұсынуға, не кез келген заңдарға өзгеріс енгізуге бастама көтеруге толық құқығы бар. Кейде парламентте заңдық бастама көтеруді былай қойғанда, сөйлеуге мүмкіндік алудың өзі оңай емес деген сөзді де естиміз. Білмеймін. Мүмкін, Қасым-Жомарт ағамыздың «президенттің заң шығару бастамасы арқылы» деген сөзі мен «президент әкімшілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек» дегені де осыдан болар. Мойындауым керек, ең болмаса бір мәжілісмен не сенатор осы жер мәселесін парламентте көтере ме деп, президент сияқты мен де күттім.

       Алтыншы сұрақ. Сұрақ емес, менің алаңдаушылығым. Қазақ халқы жақсы ханды аңсайды, армандайды. Сол келіп, бәрін шешіп берсе екен дейді. Бірақ, өкінішке қарай (адам аласы ішінде), бір хандар жақсы болса, енді біреулері хан талапайға салуға лайық хандық құрады. Сондықтан болу керек, әлемнің басым көпшілігі демократиялық басқару үлгісіне көшкен. Барлық мәселенің президентке тіреліп, соның қас-қабағына қарау, соның айтқан пікірінің заңға айналуын Қазақ елі көріп, тойған сияқты (экс-президенттің үштілділік туралы бір ауыз сөзінен кейін орта білімді де үш тілге көшіре жаздадық). Әрине, президенттің беделі, оның көрегендігі, халықтың ой-арманын түсіну деген сөздерді мен де түсінемін. Бірақ оның ауданның атын ауыстыруға араласуы (бұл ономастика комиссиясының жұмысы) немесе сайлау бюллетеніне «бәріне де қарсымын» деген графа енгізу қажеттігі туралы сөзі (бұл орталық сайлау комиссиясының немесе парламент депутаттарының құзыреті) немесе жер шетелдіктерге берілмейді деген заң шығарамын деуі (бұл да парламенттің құзыреті) және т.б. мәселелерге тікелей араласуы тағы да сол суперпрезиденттік жүйеге көшудің нақты көрінісі. Президенттің міндеті – мемлекеттік аппараттың, биліктің барлық түрлерінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Ал жұмыс істемей, бақырайып президентке қарап отырған органдар мен олардың лауазымды тұлғаларын дер кезінде отставкаға жіберіп, олардың орнына өз құзыретіндегі мәселелерді президентке айтқызбай жасайтын жандарды отырғызу. Меніңше, президенттің басты құзыреті осында.

Тегтер: жер саясаты жер дауы билік әкімдік жоспар ұлттық жоспар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 12:02
«Nur Otan» партиясы Жас депутаттар корпусын құрды
Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 11:45
Шпекбаев қызметінен кетіп, сыбайлас жемқорлыққа жаңа басшы келді
Дос КӨШІМ 16.04.2021, 09:40
Табанының бүрі жоқ Қазақстан парламенті
Сайт әкімшілігі 15.04.2021, 15:43
Жемқорлар да тірі жан
Елеусіз МҰРАТ 15.04.2021, 10:35
Қазыларымыз неге жиі қателеседі?
Батыр ЖАСҰЛАН 15.04.2021, 09:27
Ауыл әкімі: Көз алдау сайлау кімге керек?

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24