Жолдау ма, алдау ма?

Уәде орындалуымен құнды

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

24.09.2021, 08:55

1282

Елімізде мемлекет басшыларының жыл сайын халыққа арнап жолдау жариялауы әдетке айналды. Биыл ретімен санасақ, тәуелсіздік алғалы 25-ші жолдау жарияланыпты. 25 жыл аз уақыт емес. Талай мәселе шешімін тауып, нәтиже шығаруға жеткілікті уақыт. Бірақ кейбір мәселелердің елімізде алғашқы жолдаудан бастап «жырланып» келе жатқанын есепке алсақ, жолдаудың салмағы қаншалықты ауыр деген ой туындайды. Жолдауда көтерілген мәселелер қызыл сөз күйінде қалмасын десек, ең алдымен оның орындалуын қадағалау керек. Әйтпесе мемлекет басшысының сөзінде қадір қала ма?!

Ұзаққа бармай-ақ, президенттің былтырғы жолдауын мысалға келтірсек, мемлекет басшысы қыркүйек айының басында халық зейнетақы қорындағы қаржысының шектік мөлшерден асқанын алып, қажетіне жаратуға болатыны туралы айтылғанымен, төрт айға дейін тиісті орындар тарапынан еш қозғалыс байқалмады. Мемлекет басшысы жаңа жылдан соң қайталап айтып, одан соң мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов зейнетақы жинағын емге жұмсау және қаржы компанияларына басқаруға беру ережелерінің әлі дайын еместігін айтып, мемлекеттік органдарда қызметтік тексеру жүргізу туралы ұсыныс көтерген соң ғана сең қозғала бастады.

          Денсаулық сақтау министрі мен қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасына жолдаған депутаттық сауалында Аманжан Жамалов: «Президенттің тапсырмасы мен заң нормалары тек жартылай ғана орындалып отыр. Білуімше, қазір бұл бұйрық әділет министрлігінде қаралып жатыр. Барлық рәсім сақталған жағдайда ережелер тек наурыз айында күшіне енеді. Ал министрлік өкілдері бұған дейін талай рет уәде берген еді. Жалпы, менің бір байқағаным, шенеуніктерге уәде беру оңай. Адамдар зейнетақы жинағын ауыр сырқаттарды емдеуге жұмсайды деп жоспарланған еді. Министрлік бұл азаматтар үшін өмірлік маңызы бар мәселе екенін түсінбегені ме? Олар біздің басты байлығымыз – адамдардың денсаулығына қатысты. Әлде парламент әр министрлікке заңнамалық актіні әзірлеп, бекіту керегін үнемі ескертіп тұруы тиіс пе? Бұл олардың тікелей функциясы», – деп атап көрсетті. Алайда олар бірнеше ай бойына халықты телміртіп, ешқайсысы президент тапсырмасының не үшін орындалмай жатқанына түсініктеме бермеді. Жазаланған да ешкім болмады.

Шыны керек, мемлекет басшысының жолдауын халық асыға күтеді. Жолдаудағы әрбір тапсырманың орындалып, елдік мәселелердің шешіліп, ел ертеңінің жарқын боларына сенеді. Алайда орындалмаған тапсырмалар мен уәде етілген ұсыныстардың дер кезінде шешімін таппауы жолдаудың қадірін қашырып, президенттің сөзін құнсыздандырары сөзсіз.

Арыға бармай-ақ, он жыл бұрынғы жолдауға көз жүгіртсек, 2011 жылы 28 қаңтарда халыққа арналған жолдауда: «2020 жылға қарай мем­лекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады. Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақ­стандық­тар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады», – делінген еді. Алайда 95 пайыздық меженің ауылы алыс секілді. Өйткені кешегі жолдауда да бұл мәселе қайталанып айтылып, тағы да қадап тұрып тапсырма берілді. Бұл түрімізбен 2030 жылы да қазақ тілінің мәселесі алдымыздан шығары сөзсіз. Отыз жылдан бері бір мәселені қайталай беруден ұялатын кез жеткен секілді. Бірақ жыл сайын жолдауда қазақ тілінің мәселесі қозғалады. 2020 түгіл, 2021 жыл аяқталып қалса да, отыз жылдан бері күрмеуі шешілмеген қазақ тілінің мәселесіне қарап-ақ жолдау көтерген мәселелердің бәрінің бірдей шешіле бермейтінін ұғуға болады.

Тағы да осы 2011 жылғы жолдауда: «Қалалардағы сумен қамтамасыз ету жүйелерінің 60 пайызының тозығы жеткен. Орташа алғанда республика бойынша ауызсуға қолжетімділік деңгейі 2020 жылға қарай 98 пайызды құрауы тиіс, ал судың сапасы белгіленген барлық санитарлық нормаларға сай болуы керек. Үкіметке жеке капиталды су шаруашылығы секторына барынша, молынан тарту үшін ынталандырудың тиімді жолдарын қарастыруды тапсырамын. Жерасты суларының әлеуетін кеңінен пайдаланып, сумен қамтамасыз етудің жаңа нысандарын салу кезінде жүйелі қадамдар жасау керек. 2020 жылға қарай сумен қамтамасыз етудің орталық желісіне қолжетімділік қалаларда 100 пайызды құрауы тиіс. Ал ауылдық жерлерде екі есе артып, 80 пайызға дейін жетуі қажет», – деген болатын-ды.

        Шыны керек, бүгінгі күні таза ауызсумен сүзгі сататын жекеменшік компаниялардың қондырғысы құтқарып отыр. Сүзгі сататын компаниялардың саудасы қызып тұр десек те болады. Өйткені қай қалада болсын ауызсудың жағдайы сын көтермейтін дәрежеде, үйіне фильтр орнатпаған тұрғындар өте сирек. Нұрсұлтандық талай тұрғын үйлерінде ағып тұрған судан шошып, суды дүкеннен сатып алып ішіп отырғанын көріп жүрміз. Тіпті таза су сатумен айналысатындардың көбейгеніне қарап-ақ көп нәрсе ұғуға болады. Мұндай жағдайда ауыл түгіл, қаладағы ауызсу мәселесі шешілді дей аламыз ба?! Ауылда да таза ауызсудың қолжетімділігі артып кеткені шамалы. Есегімен суды талай шақырымнан тасып ішіп отырғандар жетіп-артылады.

         Сондықтан жыл сайын халыққа жолдау арнау алдында «былтырғы жолдау қаншалықты орындалды, кім жауапты еді, орындамағанға қандай шара қолданамыз, артығымен орындаған қайсысының арқасынан қағып, басқаларға үлгі етеміз» деп, атқарылып жатқан істері мен халыққа беріліп жатқан уәделеріне бір шолу жасаса, көп мәселенің неге орындалмай жатқанының төркіні анықталар ма еді?! Ең бастысы, халықтың билікке деген сенімі артар еді.

Жолдау халыққа арналып, бірақ орындалмаса, жыл сайын халықты алдау болмай ма? Халыққа арналған ертегіден айырмашылығы қайсы?!

Тегтер: Жолдау Мемлекет басшысы кезекті Жолдау

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.10.2021, 09:08
Халық санағы: «қолбала» мұғалімдерге жұмыс табылды
Олжас ҚЫЛЫШ 21.10.2021, 10:20
«16 желтоқсан күні не құттықтай алмайсың, не көңіл айта алмайсың»
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 21.10.2021, 08:57
Тоқаев тапсырмаса, Шөкеев те, Аймағамбетов те үнсіз
Алмас НҮСІП 21.10.2021, 08:56
Нығматулин Тоғжановқа тағы тиісті
Әділ АҚЫЛБАЙ 20.10.2021, 16:20
6 млрд доллар қайда?
Мариям МАҚСАТ 20.10.2021, 11:10
Арзан картоп арман болып қалар ма екен?

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31