22.11.2017, 18:07
857
Біздің транзиттік «нұрлы жол» қандай болмақ?
Қазақстандағы биліктің ауысуы әлі де ел басқарып отыруға бар мүмкіндігі бола отырып, 1999-жылдың Жаңа жылының қарсаңында теледидарға шығып, халқынан кешірім сұрап, өз орнына өзі таңдаған мұрагерді отырғызып кеткен Ресей президенті Борис Ельциндікіндей бола ма? Борис аға осы қадамымен өзінің барлық дұшпанын батпаққа отырғызып кетті емес пе?! Өз еркімен биліктен кеткен екінші Ресей басшысы болып (алғашқысы тақтан бас тартқан Николай II патша болды) тарихта қалды. Ең бастысы – Путиннен өз отбасына ешкім тиіспейді деген кепілдік те алды, сөйтіп өз үрім-бұтағын қылмыстық қудалаудан аман сақтап қалды. Ресей экономикасын өз қолымен олигархтардың қолына өткізіп берген, «аузы жесе де, жемесе де қан» Ельцинге одан артық не керек еді?Бұрын-соңды үлкен саясатқа араласа қоймаған КГБ подполковнигі бір-екі жылдың ішінде бұрын-соңды болмаған карьера жасап, билік шыңына өрлеп, Кремльдің төрінен бір шықты емес пе?! Олай болса, біздің биліктің ішінде (немесе оның айналасында) әзірше ешкімнің көзіне түсе қоймаған, елеусіз «қазақтың путині» жүрген болса керек.Болмаса, постсоветтік кеңістікте алғаш боп, бас биліктің өркениетті формада ауысуының тамаша үлгілерін көрсеткен Балтық жағалауы республикаларының даңғыл демократиялық жолына түсеміз бе? Олардың басшылары жай кетпей, өздерінен соң өкілеттігі мол парламенттік жүйе түзіп, соны қалдырып кетті, сол саяси модель қоғам мен биліктің тұрақтылығын осы күнге дейін қамтамасыз етіп келеді: осы уақыт ішінде ол елдерде президенттер бірнеше дүркін ауысып үлгерді, одан ешнәрсе де бүліне қойған жоқ, керісінше, билік жүйесі қоғам бақылауына көшіп, жемқорлық азайды, экономика мен әлеуметтік сала европалық стандарттарға жақындап, елдің тұрмысы түзеліп, ауқаты артты.Қайдам, биліктің бүгінгі тірлігіне қарасаң, дәл осындай, 26 жылға созылып кеткен бір адам басқарған жүйеден әбден шаршаған қоғамның көңілінен шығар өркениетті қадам жасау туралы бас қатырып жатқанға мүлдем ұқсамайды!Билікпен қоштасудың басқа да заманауи жолдары бар екенін көршілеріміз де көрнекті түрде көрсетіп жатыр емес пе? Өзіне алтын ескерткіштер құйғызған, «Түрікменбашы» атанған Ниязовтың ақыры не болды: «өлдің, Мамай, кор болдың»! Биліктен өле-өлгенше айрылмаймын деп жүріп, аяқ астынан мерт болды да, бар билік парламент не саяси партияға емес, кезінде президенттің тісін емдеп жүрген, содан бірден жоғарыға көтеріліп кеткен Ғұрбанғұлы Бердімұхаммедовтің қолына өтіп кетті. Бір қызығы, Конституция бойынша келесі президент боп парламент төрағасы Өуезгелді Атаев ұсынылуы тиіс еді, бірақ оның үстінен кенеттен қылмыстық іс қозғалып, ол биліктен шеттетіліп қалды (саяси қарсыластардан құтылудың жолдары бір-біріне ұқсап жатыр!).Көрші Өзбекстандағы Кәрімовтің жағдайы да баршаға белгілі: көзі тірісінде билік транзиті мен трансформациясын қолға алмай, созып жіберіп еді, енді отбасының мүшелері не шетелде қаңғып жүр, не үйқамақта отыр.Меніңше, тұрмыстық сипаты бар «қыс арбаңды сайла, жаз шанаңды сайла» деген халық нақылының саяси астары да бар. Яғни, ел басқарып отырған кез келген басшы өзінен кейінгі саяси ландшафттың қандай боларын, өз орнын кім (жеке тұлға немесе ұжымдық орган) басарын осы бастан, көзі тірісінде қамдап қоюы тиіс!Және де Зимбабве секілді экзотикалық ел сылтау боп отырған осы тәмсілдің біздің елге де тікелей қатысы бар!Өйткені, «жаман айтпай, жақсы жоқ» бүйтпеген жағдайда не болары белгісіз. Мәселен, өз халқы көтеріліп, тағынан тайып, елінен безіп кеткен көрші қырғыздың қос президенті Ақаев пен Бакиевті алайық. Олар да кезінде өз креслосында мұртын балта шаппайтындай отырған еді ғой. Елімен санаспады, жемқорлыққа жол берді, отбасын мемлекеттік қызмет пен бизнеске молынан араластырды. Ақыры не болды?!Мугабенің де ең осал тұсы, «ахиллес өкшесі» отбасы боп шықты емес пе? Мугабенің өзінен қырық жастай кіші екінші әйелі Грейс «алтын жағаң болса да, жаға менен жең керек» деген қарапайым қағиданы есінен шығарып, алғандай. Әйтпесе, мұрнынан есек құрт түсіп байлыққа кенелген оның бақыттан басы айнылап кетпей, 93-тегі байының орнын басып аламын деген тіпті орынсыз әрі оғаш ойы болмағанда, жағдай осылайша ушығар ма еді? Құдай қосқан шалының ежелгі досы, вице-президент Эммерсон Мнангагваны орнынан алып тастап, елден қуып жібермегенде, «баяғы Мугабе сол Мугабе» боп, 40-жылдық диктатураның тарихы түк болмағандай жалғаса бере ме еді, кім білген!Бәрі дұрыс қой. Міне, халқының басына әңгір таяқ ойнатып келген тағы да бір диктатор тағынан тайды. Және де бұл XXI ғасырдың басты саяси тренді болайын деп тұр: адамзат неғұрлым ақпараттық, технологиялық, коммуникациялық, бір сөзбен айтқанда, өркениеттік тұрғыдан дами түскен сайын, авторитарлық жүйелер де құри береді. Заманауи заңдылық пен қоғамдық қисын сондай!Бірақ бір нәрсе өкінішті-ақ: Қазақстан секілді бар мүмкіншілігі бар, Құдай бәрін бере салған, төрт құбыласы түгел мемлекет бола отырып, бас биліктің транзиті туралы әңгіме қозғағанда біз әлемнің басқа, дамыған елдерінің тәжірибесі емес, өркениетті дүние баяғыда-ақ өз санатынан шығарып, аластап тастаған Зимбавбе секілді «зың-зың», диктаторлық ел тәжірибесін де ескеруге мәжбүрміз. Жетіскен екенбіз! Соған жаның ашиды.ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР