«Зың әкімге» де тықыр таянды ма?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

24.05.2022, 08:05

1244

Ел арасында «зың әкім» деген лақап атымен жақсы таныс Ғабидолла Әбдірахымов былтыр қазанда мәдениет және спорт вице-министрі лауазымынан босатылған кезде әлеуметтік желіде оның Шымкентке үшінші мәрте әкім болып келетіндігі туралы алыпқашты әңгіме тарап еді. Енді, міне, шымкенттіктер өткен аптадан бері Әбдірахымовтың үстінен қылмыстық істің қозғалғаны туралы жаңалықты қызу талқылап жатыр. 

Алдымен осындай мәліметті белгілі журналист Михаил Козачков телеграм каналында жазды. «Мәсімов пен Әбдірахымовқа қатысты «рейдерлік» бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді» деп келтірген жазбасында М.Козачков. Артынша, Ulysmedia.kz порталы Әбдірахымовпен байланысқанын, оның қылмыстық іс қозғалғанын жоққа шығарғанын, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында жеке бизнеспен айналысатынын, ешқандай рейдерлік тірліктерге араласпағанын мәлім еткенін хабарлады. Аталған портал осы жөнінде Бас прокуратураға сұрау салғандығын да жария етті. Әзірге құзырлы органдар үнсіз.

 Осы жерде айта кетері, Козачков телеграм каналында Әбдірахымовқа қатысты қылмыстық істің тіркелгендігін жазған. Бұдан мәліметтің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің автоматтандырылған ақпараттар базасынан алынған болуы мүмкін деген болжам жасауға болады. Яғни, ақпарат ел арасындағы жел сөзден немесе «билік дәлізіндегі» әңгімелерден емес, нақты бір дереккөзінен шыққан сияқты. Мәселенің анық-қанығын алдағы күндері құзырлы органдар ажыратып береді деп ойлаймыз. Дегенмен...

 Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің қаңтар оқиғасы кезінде алдымен «мемлекетке опасыздық жасады» деген күдікпен қамауға алынғаны, кейін үстінен «билікті басып алу» бабымен қылмыстық істің қозғалғаны мәлім. Дәл осындай айыптармен оның орынбасарлары да тұтқындалды. Ал Әбдірахымов Мәсімовтің бұрынғы орынбасары. Әбдірахымовты «Мәсімовтың ең сенімді және Назарбаевтар әулетінің шарапатын көп көрген кадр» десек, қателеспеуіміз мүмкін. 

Бұған дәлел ретінде бірлі-жарым мысалдарды келтіруге де болады. Мәсімов 2007 жылдан бастап премьер-министр лауазымына кіріскен кезде Әбдірахымов оның кеңсесіне басшылық жасады. Мәсімов 2012 жылы президент әкімшілігінің басшысы болып ауысып келген соң ұзамай Әбдірахымов оның орынбасары болып істеді. Мәсімов 2014 жылы екінші мәрте премьер-министрдің креслосына отырды. 2015 жылы Әбдірахымов Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалды. Жалпы Шымкентке осы жолы екі жылдан астам уақыт әкім болған Әбдірахымовтың өнімді жұмыстан гөрі жеке басының имиджін көтеретін тірліктермен айналысқанын «Жас Алашта» біз бұған дейін де жазғанбыз. Бұған енді тоқталу қажет емес шығар. 2017 жылдың қазанында Әбдірахымов қызметінен босатылып, оның орнына Нұрлан Сауранбаев тағайындалды. Ауыс-түйіс жасау рәсіміне Әбдірахымовтың өзі қатысқан жоқ. Осы жиында «зың әкімнің» кезінде  үкімет тарапынан берілген көптеген тапсырмалардың орындалмай қалғаны, мегаполистің инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының кенжелегені, елді мекендердегі қордаланған әлеуметтік проблемалардың шешілмегені айтылды.

 «Нұр Отан» партиясының хатшысы қызметінде сегіз ай отырған Әбдірахымов 2018 жылдың шілдесінде сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған Шымкентке екінші мәрте әкім болып келді. Бұл тағайындау біраз азаматты аң-таң қалдырды. Сөзіне ісі сай келмейтін Әбдірахымовтың Шымкент сияқты проблемасы шаш етектен қалаға әкім болып жарытпайтыны онсыз да белгілі еді. 2019 жылдың шілдесінде тірлігі онсыз да сұйылып бара жатқан Әбдірахымов Лондоннан жолдаған «сәлемдемесінен» кейін масқара жағдайда қызметінен алынды. Шымкентке суыт келген сол кездегі президент әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев жаңа әкімді тағайындап, Әбдірахымовқа берілген «сенім кредитінің» таусылғанын хабарлап кетті. Көшербаевтың мұндай ауыр айыптауды дүйім жұрттың алдында айтуы біраз жайтты аңғартты. Түптеп келгенде бұл президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әбдірахымовқа берген бағасы еді. Мұндай жағдайдан кейін Әбдірахымов басшылық түгілі мемлекеттік қызметтің маңына да жоламауы тиіс болатын. Жоқ, ол сол жылдың қыркүйегінде алдымен үкімет жетекшісі Асқар Маминнің кеңесшісі болып тағайындалды, 2021 жылдың қаңтарында Мәдениет және спорт вице-министрі лауазымын иеленді. Рас, Әбдірахымов бұл жолы «зың кеңесші» немесе «зың вице-министр» бола алмады.

Әбдірахымовтың осыншама өрлеуіне оның қолдаушысы, қамқоршысы, кешегі қаңтарға дейін елдегі ең мықты шенеунік Мәсімовтің ықпалы болмады деймісіз?! Сондықтан Мәсімовке қатысты істердің қалтарыс-бұлтарыстарында Әбдірахымовтың аты аталып жатса, таңғалуға болмайды. Әліптің артын бағып көрейік.   

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 25.06.2022, 11:40
Алматыда БАҚ жөніндегі заңды қайта қарау барысында журналистердің мәртебесі талқыланды
Сайт әкімшілігі 25.06.2022, 11:35
«AMANAT» – 2022 медиа сыйлығының жеңімпаздары анықталды
Есбол ҮСЕНҰЛЫ 24.06.2022, 14:10
Елбасыдан – ақсақалдыққа
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.06.2022, 09:10
Тоқаев тарапына ақпараттық соғыс басталғандай...
Әділ КЕМЕҢГЕР 24.06.2022, 09:05
Қазақтар қайда қарап келген?
Секен ЕЛШІБЕК 23.06.2022, 15:20
Біраз «жаңалық»

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33