"Зың-зың әкім" қайта орала ма?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

08.10.2021, 09:07

2043

Үкіметтің қаулысымен Ғабидолла Әбдірахымов Мәдениет және спорт вице-министрі лауазымынан босатылды. Өткен аптаның жұмасында премьер-министрдің ресми сайты таратқан ақпаратта:«басқа қызметке ауысуына байланысты» деп жазылған. Бірақ оның қандай қызмет екендігі,әзірге,жарияланған жоқ. Шымкентте қазір осыған қатысты алыпқашты  әңгімелер тарап жатыр.

Әлеуметтік желідегі болжамдарға қарағанда, Әбдірахымов жуық арада Шымкентке әкім болып тағайындалуы мүмкін көрінеді. Бұл болжам қаншалықты қисынды? Әбдірахымов бұған дейін Шымкентке екі мәрте әкім болған. Бір өңірге екі рет әкім болғандар аз емес, бірақ үш рет әкім болған ешкімді еске түсіре алмадық. Осы рекордты жаңартып, үшінші мегаполиске үшінші рет әкім болу Әбдірахымовтың қолынан келер ме екен?

Қалай десек те, бұл әңгімелер Әбдірахымовтың көпшілік арасындағы танымалдылығының жоғары, өзінің әкім ретіндегі бет-бейнесін әбден қалыптастырған шенеунік екендігін даусыз мойындатады. Жұртқа өзімен-өзі, томаға-тұйық, не істеп жүргенін айналасындағылардан басқа ешкім білмейтін әкімнен гөрі, бірдеңені деп салатын, әрқилы әрекетімен жұртты таң қалдыратын әкім әлдеқайда қызық емес пе? Бірақ ол өңірдің экономикасы, қоғамдық өмірі, шешілмеген әлеуметтік проблемалары үшін қаншалықты қисынды болар еді?

Ғабидолла Әбдірахымов үшінші мегаполистің әкімі болып алғаш рет 2015 жылдың тамызында тағайындалған. Елордадан, президент әкімшілігі басшысының орынбасарлығынан, ауысып келген ірі шенеунік бірден ірі жобаларды қолға алды. «Шымкент Лас-Вегастан да әдемі қала болуы керек» деген сөзінен шымкенттіктер кәдімгідей серпіліп қалған. Алайда бұған дейін кеңседен ұзап көрмеген оның әкімдік саладағы тәжірибесінің аздығы ә дегеннен байқалды. Әйдік жобалардың көпшілігі іске аспай қалды.

2015 жылдың күзінде Әбдірахымов Шымкент қаласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті. Осы тұжырымдама бойынша Шымкент ертегідегідей әсем, инфрақұрылымы дамыған мегаполистердің біріне айналуы тиіс еді. Әбдірахымовтың осы жобаларды жүзеге асыруға қажетті 600 миллиард теңгені инвесторлардың есебінен табатыны, егер бес жылдан кейін тұжырымдама іске аспаса, командасымен қызметінен кететіні жөнінде батыл мәлімдеме жасағаны есте қалыпты. Кейінірек тұжырымдама да, тың жобалар да ауызға алынбайтын болды. Бес жыл емес, екі жарым жылға жетпей, дәлірегі: 2017 жылдың күзінде Әбдірахымов ойда жоқта қызметінен босатылды. Бұдан кейін оның біраз уақыт «Нұр Отан» партиясында басшылық қызмет атқарғаны белгілі.

2018 жылың маусымында Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған соң, ол Шымкентке екінші қайтара әкім болып оралды. Сол баяғыша, Шымкентті Еуропа мен Американың атақты қалаларының тәжірибесімен дамыту басталды. Айналасындағылар Әбдірахымовтың имиджін көтеру бағытында көп тірліктер атқарды десек, артық айтпағанымыз шығар. «Әрбір сөзі хит әкім», «зың әкім» деген сөздер, әкімнің көпшіліктің алдында халықты әйелге теңеген әңгімелері ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде «хит» болып тарап жатты. Шайтанарбаға отырып, Еуропаның мэрлеріне еліктеген әрекеттері біреулерге қызық, біреулерге күлкілі көрінгені рас. Әбдірахымовтың әкімдік дәуірінің екінші кезеңі аналардың бас көтеруімен есте қалды. Қалаға жаңадан қосылған елді мекендердегі өзекті мәселелер шешімін таппай, шиеленісе түсті. 2019 жылдың шілдесінде ол қызметінен босатылды. Бұл жолғы босату ерекшелеу өтті. Президент әкімшілігінің сол кездегі басшысы Қырымбек Көшербаев Шымкентке келіп, «зың әкімге» берілген сенім кредитінің таусылғанын айтқанда, көпшілік сенер-сенбесін білмей, дал болды. Әбдірахымовтың Шымкенттегі әкімдік қызметі осылайша, есекке теріс мінгізгендей, масқара жағдайда аяқталған.

Бірақ «сенім кредиті таусылды» деген Әбдірахымов бір жылдан астам уақыттан кейін премьер-министр Асқар Маминнің кеңесшісі болды. Одан кейін вице-министр қызметіне ауысты.

Әбдірахымовтың ендігі қадамының қалай боларын кім білсін? Карантиннен кейін Шымкентте «зың әкімді» сағынып отырғандар аз емес. Әліптің артын бағып көрелік.

Тегтер: әкім лауазым мансап тағайындау

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Олжас ҚЫЛЫШ 10:20
«16 желтоқсан күні не құттықтай алмайсың, не көңіл айта алмайсың»
Алмас НҮСІП 08:56
Нығматулин Тоғжановқа тағы тиісті
Әділ АҚЫЛБАЙ 20.10.2021, 16:20
6 млрд доллар қайда?
Мариям МАҚСАТ 20.10.2021, 11:10
Арзан картоп арман болып қалар ма екен?
Ақылбек КҮРІШБАЕВ 20.10.2021, 09:11
Халық кедей, квота аз – бала қайтіп оқиды?
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 19.10.2021, 17:14
"Ауыл - Ел бесігі " ауылға пайда әкелді ме?

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31