22.09.2022, 13:01
1083
Елімізде тіркелетін қылмыстардың ішінде соңғы жылдары алаяқтық көбейген. Алаяқ бүгінде алаңдатарлық деңгейге жетті. Аттап бассаң, алданған адам. Алаяқтың арбауына түсіп, алданып жатқан, сан соғып қалған жұртшылықтың есебі қалың. Бұл қалыпты құбылыс па, әлде әдеттен тыс жағдай ма?
Мәселен, биыл жалпы Қазақстан бойынша 11 763 алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық оқиға тіркелген. Айталық, ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шұғыла Тұрлыбектің айтуынша, соңғы алты жылда интернет арқылы алаяқтық жасайтын адамдардың саны көп өскен. Мәселен, 2016 жылы 1 мың қылмыс тіркеліпті. Ал 2021 жылы алаяқтардың саны 21 мыңға артқан. Биылдың өзінде алаяқтардың салдарынан 7 млрд теңге шығын шыққан. Ұзын саны 571 қылмыскер, 17 ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды.
Жуырда түркістандық полицейлер осы саладағы атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, жұмыс жоспарларын сараптау үшін арнайы жиын өткізді. Дәлірегі Түркістан облысы Полиция департаменті ғимаратында алаяқтықпен байланысты, соның ішінде интернет желісі мен ұялы байланыс құралдарын пайдаланумен болатын қылмыстардың алдын алу және оларға қарсы іс-қимыл тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Кездесуге Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Бағланбек Айтпаев, Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Сұлтанбек Үсіпбеков, ішкі саясат басқармасының, мәдениет және дін істері басқармасының, сондай-ақ Halyk Bank, Kaspi Bank, Forte Bank сияқты екінші деңгейдегі банк филиалдарының өкілдері мен басқа да тиісті сала қызметкерлері қатысты.
Алаяқтық жайттарының алдын алу және болдырмауды, халықты осындай қылмыстарға тосқауыл қою туралы шаралармен таныстыруды, түсіндіруді мақсат еткен жиында біраз статистикалық мәліметтер жария етілді. Тәртіп сақшылары атап өткендей, бүгінгі таңда алаяқтық кең таралған қылмыс түрі болып отыр.
Мәселен, биылдың 8 айында Түркістан облысы аумағында 321 алаяқтық фактісі тіркеліп, оның 152-сі сотқа жолданған, ал қылмыстың ашылуы 48,9 пайызды құрайды. Дегенмен әрбір ашылмаған қылмыстық істің артында интернет-алаяқтықтың құрбаны болған жәбірленушілердің әл-ауқаты жатыр.
Соңғы бір айдың көлемінде тіркелген бір ғана мысалға тоқталсақ, жуырда Түркістан облысының тәртіп сақшылары «жүргізуші куәлігін жасап беремін» деп тұрғынның атынан 3 бірдей несие алған азаматты ұстады. Түлкібас аудандық Полиция бөліміне жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны жөнінде шағым түсірді. Жәбірленуші азаматтың айтуынша, ол жуырда бейтаныс ер адаммен танысқан. Әңгіме барысында ол жүргізуші куәлігін тез арада істеп бере алатынын айтып, сендірген. Осыдан соң жәбірленуші бейтаныс ер адамға жеке куәлігінің көшірмесі мен 250 000 теңге ақша берген. Алайда 1 апта ішінде бітеді деген жалған уәде 2 айға созылған. Жәбірленуші не ақшаны, не куәлікті алмағаннан кейін, полицейлерден көмек сұрайды. Аталған жайтты тәртіп сақшылары «алаяқтық» бабы бойынша тіркеуге алды.
Алаяқтық қылмысына байланысты полиция қызметкерлерінен тергеу тобы құрылып, істің ақ-қарасын ажыратуға кірісті. Нәтижесінде, осы жайтқа қатысы бар бұрын сотты болған жергілікті тұрғын анықталды. Қазір күдікті жәбірленушінің ақшасын ғана алып қоймай, жеке куәлігі арқылы оның атынан 3 бірдей несие рәсімдегені белгілі болып отыр. Жалпы шығын көлемі – 3 000 000 теңге. Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ж.ШӨКЕ
Қылмыстың жазасы ауыр
Алаяқ деген ат жаман. Бірақ қазір қылмыстық осы түрі қатты белең алып тұр. Банк қызметкері болып хабарласатындар, Қазақстан халқына қорының атынан хабарласып ақша табатындар, интернет арқылы Алматыда отырып Шардарадағы 76 мұғалімнің айлығын ұрлаған алаяқ, жоқ пәтерін жалға берумен айналысқан алматылық сияқты ел естімен қылмыс көп. Қайсыбірін айтасың?
Мәселен, Түркістан облысында «Кәсіпкерлік палатадан 1 200 000 теңге ақша алып беремін» деп алаяқтық жасаған әйел ұсталды. Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Азаматшаның айтуынша, оның танысы «Бизнес бастау» кәсіпкерлік палатадан қайтарымсыз 1 200 000 теңге ақша алып беремін деп, 710 000 теңге ақша алып кеткен. Ол 1 жылдан аса уақыт өтсе де, уәде орындауды созбалаңға салған. Хабарлама келіп түскен бойда тәртіп сақшылары қажетті шараларды жүргізді. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар күдікті, яғни жергілікті тұрғын полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын тексеріп, оның басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтауда. Сезіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Жуырда «мемлекеттен миллион теңге жәрдемақы алып беремін» деп, алаяқтық жасаған келіншек анықталды. Бұл Түркістан облысындағы жағдай. Арыс қаласындағы Полиция бөліміне жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны туралы шағым түсірген. Тұрғынның айтуынша, оның үйіне бейтаныс адам келіп, босануға байланысты мемлекеттен берілетін жәрдемақыны еселеп алып беретінін ұсынған. Өзін мемлекеттік қызметкер ретінде ұстаған келіншек қызметі үшін 450 мың теңге дәметкен. Бар ақшасын санап берген жәбірленуші уәденің орындалуын 6 ай күткен. Ақыры алданғанын түсініп, ақшасын қайтарып алу мақсатында полицияға арызданады. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шарасының нәтижесінде алаяқтық жасаған күдіктінің жеке басын анықтады. Ол жұмыссыз жергілікті тұрғын, яғни жас келіншек болып шықты. Тексеру кезінде күдікті әйелдің бұдан басқа осындай 2 алаяқтық жайтына қатысы бары расталды. Жалпы тұрғындарға келтірілген шығын 1,5 миллион теңгеге жуық. Қазіргі таңда осы іске қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Полицейлер «көлік алып беремін» деп тұрғынның ақшасын алған, бірақ уәдесін орындамаған күдіктіге қатысты да тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Жуырда Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын әйел арызданған. Оның айтуынша, өзінің танысы жеңілдетілген несиемен автокөлік алып беретінін айтып, 800 000 теңгесін алып кеткен. Алайда бүгінгі күнге дейін уәде етілген автокөлікті де, не өз ақшасын да ала алмаған. Тәртіп сақшылары күдіктіні анықтау мақсатында ақпарат жинады. Нәтижесінде, күдікті деп танылған ер адам жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты. Белгілі болғандай, ол жәбірленушіні алдап, ақшасын қалтасына басқан. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын тексеруде.
Түркістан облысындағы алаяқтық қылмыстардың жалпы сипаты осындай. Ал енді интернет арқылы алаяқ қылмыстар өз алдына бөлек мәселе. Түркістан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, алаяқтардың құрбандары көбінесе жаңа технологиялар туралы, оның ішінде банк саласы туралы білмейтін қарт кісілер немесе сенгіш, қарапайым азаматтар. Осындай тез алданып, сеніп қалатын адамдардың салдарынан, соңғы үш жылда интернет-алаяқтар заңсыз несиелер рәсімдеп, жәбірленушілерге 200 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Осы тұрғыда дөңгелек үстелге қатысушылар заңсыз онлайн-несие берудің жолын кесу бойынша өз пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ интернет-алаяқтықтың жолын кесу үшін бірлескен шараларды ұйымдастыруды талқылады.
Талайды сан соқтырған алаяқтық қылмысына жол бермеу мақсатында Түркістан облысы Полиция департаментінің киберқылмыстың қызметкерлері халыққа интернет-алаяқтықтың түрлері туралы ақпарат жеткізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Тәртіп сақшылары түрлі буклеттер мен бюллетендер таратып, баннерлер мен Led-экрандарда алаяқтық қылмысы туралы көрнекі ақпарат орналастыруда. Тіпті телеарналар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы алаяқтықтан қалай қорғану туралы бейнероликтер көрсетуде. Мұның барлығы алаяқтық қылмысын жоюға айтарлықтай өз септігін тигізеді деген сенім бар. Бұл бағыттағы шаралар үздіксіз жалғаса бермек.
Сондай-ақ жуырда Түркістан облысының полицейлері президент жолдауында берілген тапсырмаларды да арнайы жиында талқылады.
«Президент бірінші кезекте отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесін көтерді. Отбасында қысым көрсететіндер жазаға тартылмаса, одан әрі басынып кетеді. Ал жәбірленушілер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді» деп атап өтті.
Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов: «Сондықтан біз-полиция қызметкерлері осы салада мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануымыз қажет. Одан бөлек жолдауда синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбейгені айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан облысы Полиция департаменті қызметкерлері тарапынан одан әрі қарқынды іске асырылуы тиіс. Сондай-ақ Мемлекет басшысы интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керектігін жеткізді. Сол себепті, полицейлер ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын арттыруда БАҚ-ты пайдалана отырып, жұмысты жандандыруды тапсырамын» – деді жиында.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР