«Әр таңымызды үреймен қарсы аламыз» (видео)

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

14.01.2021, 11:41

1748

    Президент күнінде пәтер кілтін алған «Қарағайлы» тұрғындарының жанайқайын Ахметов неге естімейді?!  

Семей қаласының қазіргі беткеұстар және мақтан етер мекеніне айналған «Қарағайлы» ықшамауданында өткен аптаның ортасында тосын оқиға орын алды. Яғни бұған дейін қасиетті шаһарға жолы түскен ұлық болса, облыс әкімі Даниал Ахметов бастаған жергілікті шенеуніктер қолынан жетектеп апарып, қала дамуының жарқын мысалы ретінде көзіне көлденең тосатын осындағы көпқабатты үйлердің бірінің шатырынан су сорғалап, енді бірінің қабырғасы қақырай бастағаны белгілі болды. Анығын айтқанда, тоғыз  қабатты №15 үйдің ішінде не болып, не бүлініп жатқанын тірі жан білмейтін еді, дәл 6 қаңтардан 7-сіне қараған кеште төбесіндегі су құбыры жарылып, төменге қарай сарылдай жөнелмегенде...

      Дәл осы үйдің 2-подъезінің 9-қабатында тұратын Зарина үшін сол күнгі әуре-сарсаңды айтып жеткізу өте қиын.

— Бұл 2019 жылдың 1 желтоқсаны күні – Тұңғыш президент күніне орай, облыс әкімі Даниал Ахметовтің өз қолынан кілтін алған баспанамыз еді. Күйеуіме балалар үйінің тәрбиеленушісі ретінде берілген болатын. Шыны керек, қолымызға пәтер кілті тигенде жеке иелігімізге қашан өтетініне шаруамыз болмастан, қуана қабылдап алдық. Жалға берілетін пәтер болса да, өз шаңырағымыз барына қуандық. Бұған дейін Шығыс кентінде пәтер жалдап, одан өз анамның, туыстардың қарамағында тұрып келгенбіз. Бір жылымыз жақсы өтіп, алаңсыз жүргенде мұндай күйге тап болатыным үш ұйықтасам түсіме кірген емес. 6 қаңтар күні кешкісін анамыздың үйіне қонаққа барғанымыз сол, бір сағаттан соң төменгі қабаттағы көршілер жаппай қоңыраулатып, менің пәтерімнен төменге су кетіп жатқанын хабарлады. Есігімізден шығып, дәлізге де жайылып кеткен екен. Бұл тосын жағдай осы нысанды салған «Азия» фирмасына да жетіпті. Фирманың техникалық директоры Серік есімді азамат қоңырау шалып, бүлінген жиһазды, заттарды, еден төсеніштерін жаңартып беруге уәде берді. Қазір пәтер ішін өздері берген «пушка» пішіндегі пештермен кептіріп, сағат сайын қарап отырмыз. Расын айтсақ, дәл қазір баратын жеріміз жоқ, көршілеріміздің үйінде жүрміз, – дейді жас сәбиін қолына ұстаған Зарина.

      Қос бөлмелі пәтер ішін шолып шыққанымызда, үй құрылысының сапасы күмән тудыратынын қабырға жағалай сарылдап құйылған су сарқындыларынан байқадық. Тіпті жас келіншек асүйде сұхбат беріп тұрғанда, залдан су құйылып кеткенде, тұра жүгіргенін де көзім көрді. Шамасы, шатырда қалып қойған су қалдығы болса керек, тез тоқтады. Бірақ қолына құрғататын шүберегін алып, еден сүртуге кіріскен Заринаның сөзіне сүйенсек, пайдалануға берілгеніне екі жыл өтпей жатып төбесінен су кеткен баспананың алдағы уақыттың қай жылында толықтай жекешелендіруге берілетіні де белгісіз. Дәтке қуат етері «Азия» фирмасы берген үшжылдық кепілдік мерзімі бар. Бірақ та осы пәтерге жауапты ПИК басшылығының қызметіне көңіл толмайды.

      Жас шаңырақтың ұйытқысы қалалық әкімдік басшылығынан 7 қаңтардан бері жағдай сұрап, ешкім келмегенін де айтты. Тек өздерін қалалық ТҮКШ өкілдері екенін айтып таныстырған екі азаматша осы пәтерге кіріп, құрылысқа жауапты фирма өкілдерімен кездесетінін айтқаннан басқа жарытымды жауап бере алмаған. Тіпті арнайы акт жасау, тиісті қандай құжаттар дайындау керегін де түсіндіріп бере алмаған.

— Біз тап болған жағдайымызға қатысты инстаграмм әлеуметтік желісіне видео салған болатынбыз. Пікірлер аз жазылған жоқ. «Азия» фирмасының өкілдері дереу хабарласып, егер видеомәлімдеме жасалса, көмектесуге жылдамырақ жол ашылатынын айтты. Сонымен, күтіп отырған жайымыз бар. Іске кіріскен жағдайда жылдамырақ бітіріп берсе екен деп отырмын, – дейді жас ана.

       Төмендегі қабатқа түсіп, 60-шы пәтердің жағдайымен де танысудың сәті түсті. Есікті ашқан Салтанаттың сөзіне және пәтердің ішкі жағдайына қарасақ, айтарлықтай зиян тимегенге ұқсайды. Айтуынша, бұл баспананы шешесі 2015 жылы жалғызбасты ана ретінде кезекке тұрып, жалға алған. Інісі Саяттың сөзіне сүйенсек, осы көпқабатты үйдегі басты проблема –сантехниктердің шақ келмейтіні және жұмыс ретін білмейтіні. «Біздегі ПИК сантехниктерінің көбі тәжірибесіз. Орын алған жағдайдың себебін дұрыс түсіндіріп бере алмайды. Білуімше, подъезге келетін жылуды өшіріп тастаған. Кім жауып тастағаны да белгісіз. Сұрасақ, біріне бірі сілтейді. Бірінші қабаттағы батарея жарылған ба, оны алып тастапты. Жертөледе не болып жатқанын адам біліп болмайды. Тек тәубе дерлігі – жылу ойдағыдай беріліп тұр», – дейді Саят.

       Ал осы подъездегі 32-ші пәтердің тұрғыны Азат Асқарбекқызы болса, керісінше, пәтеріндегі жылудың әлсіздігіне ашулы. Қаншама жыл осы қаладағы кәсіпорында жұмыс істеп, маңдай терін сіңіріп, кезекке тұрып қол жеткізген баспанасы саршұнақ аязда қабаттап көрпе жамылып, ал күндіз тоқпен берілетін жылу пештерін қоса пайдалануға жеткізген жайы бар дейді. Осы пәтердің бөлмелерін аралағанда бірінде үш, бірінде төрт, бірінде бес секциялы жылу батареяларын көзіміз шалды. «Осындай секциядағы батареяларда жылу қайдан болады?» – деп күйінген қарт ананың сөзіне жауап айтуды «Азия» фирмасы мен Семейдің атқарушы билік өкілдеріне қалдырмасқа шара жоқ.

      Дәл осы №15 үйдің 1-подъезі 9-қабатында тұратын тағы бір жас отбасының жағдайы да «шықпа, жаным, шықпалап» тұр. Ұлы мен келіні пәтер алғанда қуанышы қойнына сыймаған Торғын апайдың жүзі  бұрынғыдай бал-бұл жанып тұрғаны шамалы.

— 2019 жылдың 1 желтоқсанында ел қатарлы балаларымызға баспана бұйырғанда ерекше қуанған болатынбыз. Өзім ауылда тұрамын. Жасыратыны жоқ, келініміздің балалар үйінде өскеніне орай берілген болатын. Ал ұлым Секен болса мүгедек. Пәтер жалдап та күнелтті. Сонымен, өткен жылдың көктемінде ептеп жарықшақтар байқала бастаған. Мұндайда ана болған соң, алаңдамай қалай отыра аласың?! Шынымды айтсам, әр таңымызды үреймен қарсы аламыз. Осы ақау пайда болған бетте дереу осы баспананы пайдалануға берген «Азия» фирмасынан Денис дегенге хабарласып, көрсеттік. Бірақ жағдаймен танысса да, ауыз толтырып айтарлық көмек жоқ әлі. Қазір ай сайын үлкейіп бара жатқан жарықшақтан суық үрлеп тұр. Ара-тұра немерелерім де ауырып қалады, – дейді балаларының жайын ойлап, жай таппаған ана.

       Қай пәтердің есігін қақсақ та, анығы – мұндағы баспаналар жекеменшік құқығынсыз пайдалануға берілген. Нақты толықтай иелікке қашан өтетінін  ешкім тап басып айта алмайды. Ең ауыры, құрылыстың сапасыз жүргізілгені, тұру жайының сын көтермейтін жағдайға айналып бара жатқаны. Былтыр Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойында жолы түскен жоғары лауазым иелері енді бұл аумаққа аттап баса ма, әлде жергілікті билік тұрғындар сөзін тыңдаудан аулақ қаша ма, ол да тағы белгісіз.

  

Тегтер: баспана мәселе проблема әкімдік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 19.01.2021, 10:30
"Сатаев - саудагер, бас серіктес - Райымқұлова"
Сайт әкімшілігі 13.01.2021, 07:19
Садаға кеткен сайлау (видео)
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 05.01.2021, 09:41
Үржарлық дәрігерлер Жұмахановтан жауап күтіп жүр (видео)
Сайт әкімшілігі 25.12.2020, 12:57
Короновируспен күрескен дәрігерлер үш ай бойы жалақысын ала алмай жүр (видео)
Сайт әкімшілігі 23.12.2020, 09:20
Петропавл атауын өзгертуді талап еткен жастар петиция жолдады (видео)
Сайт әкімшілігі 19.12.2020, 12:30
Желтоқсаншылар, бізді кешіріңдер! (видео)

Аңдатпа


  • Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
    19.01.2021, 09:15
  • Бір тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны мыңнан асты
    18.01.2021, 10:57
  • Жұрт жадындағы Жолдасбек
    10.01.2021, 00:33
  • «Жас Алашым» – жастық шағым
    15.01.2021, 10:07
  • Қуат Хамитов: Қазағы көп жерге кетіп барамын
    14.01.2021, 13:01