Ажалға апарған адал еңбек

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

30.06.2022, 08:26

2931

Айдың-күннің аманында інісімен бірге өз кәсібімен еңбек етіп, құрылыс жұмысынан нәпақасын тауып жүрген мақаншылық Мағжан Ержанұлы Мекен кісі қолынан қапыда қазаға ұшырады. Оқиға 2022 жылдың 21 маусымы күні, сағат 21 шамасында Үржар ауданы Мақаншы ауылында болды.

– Біз бұған дейін де құрылыс жұмысымен айналысып, келісілген баға бойынша шақырған адамдардың тапсырысын ойдағыдай орындап беріп жүрдік. Мұны ауылдастарымыздың барлығы да жақсы біледі. Дәл осы 21 маусым күні түс ауа жұмысымызға бара жатқанбыз. Жолай ағам Салтанат деген танысының үйінің сыртына сылақ жұмыстарына шақырғанын айтып, ақылдасты. «Істейік» дедім. Сонымен түстен кейін барсақ, үйдің иесі Есбол жоқ екен. Жұбайы Салтанатпен сөйлесіп, кешке кездесетін болып, уәделесіп, ары қарай жұмысымызды аяқтауға кеттік.

Сонымен, кешке қарай Мағжан Есболға қоңырау шалып, хабарласты. Ол шақырды, бардық. Бірақ әлі келмегенін сырттай байқаған соң, дүкенге кіріп шықтық. Көлігі тұрғанын көрдік те, қайыра бардық. Жанында Ардақ есімді араласып жүретін жігіт те тұр екен. Қой алып келіпті, сойып беруімізді сұрады. Біз құрылысшы екенімізді айттық та, бас тарттық. Одан кейін Есбол екі қабырғаны көрсетіп, осыны затеркілеп беру қажеттігін айтып, еңбегіміздің бағасын сұрады. Ағам 50 мың теңге екенін айтқаны сол оның әңгімесі бұзылып, дікеңдеп, орынсыз мінез көрсетті.

 «Аз сұрасаңдаршы» деп, тіпті боқтап, басынғандай кейіп танытты. Екеуі бірін-бірі танитын болған соң, басында кіріспей тұрдым да, кейін боқтамауын өтіндім. Сонда да ізденіп, соқтығып, бір ай шамасы бұрын осы үйде істеп берген ағамның жұмысынан қателік іздеп шыға келді. Бар ойы көрінген нәрсені желеу етіп, арзанға істету екенін байқадық.

Ақырында, Мағжан «жарайды, онда істемей-ақ қоялық», деп кетпекші болды. Өзі қаперсіз велосипедке сүйеніп тұрған. Кенет Есбол ұмтылып қалып, Мағжанды көз ілеспес жылдамдықпен сол жақ құлақ шекеден бір-ақ ұрды. Мен ағамды арашалау үшін жүгірген сәтте Есболдың жанындағы досы мені құшақтап алып, жүгіруіме кедергі жасады. Тізем бүгіліп кеткеніне қарамай, арпалысып, шығып кетуге тырысып, сол жағыма қарағаным сол, ағам қорылдаған дыбыс шығарып, жерде сұлап жатыр. Етпетінен, топыраққа бетімен түскен екен. Қас пен көздің арасындағы бұл көріністен бәріміз де шошып кеттік. Бетінен ұрғылап, есін жиғызуға тырыстық. Есбол шок болып, не істерін білмей, тұрып қалды. Не машинаға салып, ауруханаға апарарын білмей, не тұрғызарын білмей, қатты састы. Бірақ оның құлағанына «Мағжан, тұршы болды. Өтірік кино ойнамашы» деп сенгісі келмей, әлекке түсті. Мен енді оны боқтап, «ағамнан айырылып қалсам не істейсің?» десем, «қазасын көтеріп алам, отырып шығам», деуге дейін барды. Жанталасып жерге түсіп қалған телефонымды тауып, 103-ті термек болып, 102-ге түсіп кетіппін. 4 минутта полиция жетіп келді. Қайтадан «жедел жәрдемге» қоңырау шалдым. Олар да жылдам жетіп келгенмен, кеш болыпты. Полиция өкілі мен дәрігерлердің бірі қарап, ағамның ерні көгеріп кеткенін айтты. Жүрегінің пульсі соғуын тоқтатыпты. Полиция Есболды бірден кісен салып алып кетті, – дейді осы оқиғаның басы-қасында болған марқұмның туған інісі Махамбет Ержан.

Хош, сонымен жазықсыз азаматтың ажалымен аяқталған бұл жағдайдың соңы қалай болары, әзірге түрлі ойларға жетелеп тұр. Махамбеттің айтуынша, Есболды полиция ұстап әкеткенімен, көп уақыт өтпей, ешқайда кетпеу жөнінде қолхат алып, бостандыққа қоя берген.

Осы орайда, «Жас Алаш» газетінің тілшісі істі қолға алған Мақаншы полиция бөлімшесінің тергеушісі Бекжан Бекеновтен істің мән-жайын білу мақсатында хабарласқан болатын.   

– Тергеу жүргізудің заңдық талаптарына сәйкес және сот-медициналық сараптамалық қорытындының шығуын күтуге байланысты кісі өліміне ұшыратқан азаматты босата тұруымыз керек болды. Алайда, бұл оны бостандыққа жібере салу дегенді білдірмейді. Ол күнделікті бақылауымызда. Қашып кеткен жағдайда оның жазасы, тіптен ауырлайтынын анасына да, туыстарына да ескерттік. Бұған қатысты қандай сұрақтарыңыз болса, электронды түрде, жазбаша түрде жолдауыңызды сұраймын. Кінәлі бәрібір де жазадан құтылып кетпейді, – дейді тергеуші Б. Бекенов.

Тергеуші Бекеновтің сөзін Үржар ауданының прокуроры Ержан Кошкин де қуаттағандай болды.

– Бұл жерде іс жабылып жатқан жоқ қой. Тергеу басталып жатыр. Кісі өлтірген адам деген күннің өзінде «абайсызда болған кісі өлімі» деген бап бар. Ұсталған азамат марқұмға пышақ салып алған жоқ. Бірақ бірден айтайын, бұл іс қазір ақ, адал тергеліп жатыр. Тергеушінің басы екеу емес. Арнайы медициналық сараптама – дистология бір ай жүреді. Дистолог маман Өскеменде. Сараптама жүргізетін эксперт маманның да өз қызметіне көз жұма қарауына қақысы жоқ, – дей келіп, прокурор қайтыс болған Мағжанның туыстары істің түбегейлі заңды жүргізілуін, басқа да жайлардың шындығына көз жеткізіп отырғысы келсе, адвокат тапқандары әлдеқайда дұрыс болатындығын мәлімдеді.

– Маған полиция бөлімі бірден хабар берген бұл жағдай туралы. Бірақ ол кезде бір адамдар қайтыс болып, сонда болдым да сол күйі марқұмның үйіне бара алған жоқпын. (Қайталап сұрағанымызда да ауыл әкімі С. Қалиев содан бері он күнге жуық уақыт өтсе де көңіл айтуға төбе көрсетпегенін  жоққа шығарған жоқ – авт). Бұл арада екеуара келісімдегі түсініспеушілік болып тұр ғой. Еңбекақы дауы ара-тұра болып тұрады...

Кейбіреулері ақыларын ала алмай жүргенін айтып, маған да шағымданып келеді. Келісе алмаушылық екі жақтан да болады. Жұмыс беруші жалдаған адамының келмей қойғанын көлденең тартып, өз уәжін айтады, – деген ауыл әкімінің әңгіме ауанынан өз ісіне деген салғырттық аңғарылды.

Мәселен, Мағжанның ажалына себепкер болған Есболдың үйіне барып, иә болмаса, анасын, туыстарын шақыртып, жағдайды ортаға салуды қажет санамаған. Тіпті жастай кеткен азаматтың үйіне кештеу болса да барып, басу айтып, қайғысына ортақтасуға тырыспағанының өзі оның адамгершілік қасиетінің қандай деңгейде екендігін көрсетіп тұр. Мақаншы ауылдық округінің әкімі қызметін он жылдан бері атқарып келе жатқан С. Қалиевтің сыңайы осылай болғанда, оның үстінен қарайтын Үржар ауданы әкімдігі атқамінерлерінің халыққа қаншалықты жақын екендігі туралы айтудың өзі артық болар.

Жалпы, Мақаншы өңірінде тұрмыстық жанжал, әлеуметтік ахуалдан туатын кикілжің жиі болатынын да айта кеткен жөн. Қоғамдық тұрақтылықты сақтауға, жұртпен жүздесіп, түсінік жұмыстарын жүргізуге аудан басшылығы, жергілікті әкімдік баса назар аударып отыруға құлықсыз екендігін, үстірт қарайтындығын ешкім де жоққа шығара алмайды.

   «Жас Алаш» газеті алдағы уақытта осындай қайғылы жағдайларға апарған ауыр оқиғаларды (Үржар өңіріндегі) үнемі назарда ұстап, түбегейлі зерттейтін болады.

Тегтер: сот қылмыс тергеу тексеру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 09:25
Өскеменде аутизмге шалдыққан бала жоғалып кетті
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 12:52
Алматыда 18 жастағы жігіт туған әжесін өлтіріп, үйін өртеп кеткен
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 09:04
Алматыда 60 адам Оңтүстік Кореяға барамыз деп алданып қалды
Бифат ЕЛТАЕВА 11.08.2022, 09:02
Жастар жұмыссыз қалмауы тиіс
Сайт әкімшілігі 10.08.2022, 18:37
Қостанай облысында жоғалған қыздың денесі өзеннен табылды
Сайт әкімшілігі 10.08.2022, 15:50
Қостанайда жоғалған 5 жасар қыз әлі табылмады

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49