19.05.2022, 18:28
1274
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай, өңір-өңірлерде балаларды қолдауға, сапалы біліммен қамтуға, инфрақұрылымды дамытып, мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайтуда ерекше көңіл бөлініп, жұмыстар атқарылып келеді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, балалар жылында мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетіп жүрген кәсіпкерлерді айтпай кетуге болмайды. Жақында Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында жеке кәсіпкер Арайлым Әділбекқызы мен актер Ержан Жарылқасынұлы қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, бүлдіршіндерге 100 самокат, 20 велосипед, 20 қол арба сыйға тартқан болатын. Осындай жақсы игі істер әлі де жалғасын табады деп сенеміз. Одан бөлек Бірлік ауылдық округінде ауыл жастары қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, ауыл бүлдіршіндеріне қуаныш сыйлады.
«Жетімді қуантсаң, жерде жетпіс, көкте жетпіс періште қуанады» демекші, бұл жолы «Аманат» партиясы да мүмкіндігі шектеулі балаларды қуантудан шет қалмады. Яғни «Аманат» партиясының белсенді мүшелері кәсіпкерлермен бірлесіп, балалар үйіне киім-кешек, ойыншықтар мен тәттілерді сыйға тартқанын айта кеткеніміз жөн.
Балалар жылында атқарылған тағы бір іс-шараларға тоқталсақ, ерекше іс-шара өткізілді. Ақтау қаласының «Айзере – Айсауле» балабақшасындағы іс-шарада керісінше, балалар балабақшада өнер көрсетіп, ата-аналарымен бірге үйден тәттілер пісіріп, қосымша заттар сатып, жиналған қаржыны қарттар үйіне табыстады. Бұл шара арқылы балалар өмірге бейімделуге, көпшілікпен бірлесіп еңбек еткенде ғана ұйымшылдықтың болатындығын, махаббат, адамгершілік, сүйіспеншілік, қайырымдылық, әділдік, ұйымшылдық, мәдениет қасиеттерін осы бастан бойларына сіңіріп өсуге тәрбиелейді.
Қайырымдылық акцияларынан бөлек, «Балалар жылына» орай еліміздің түкпір-түкпірінде «Отбасым – бақыт мекені» атты іс-шаралар өткізіліп келеді. Іс-шараның мақсаты – бала тәрбиесіндегі ата-ананың алатын орны ерекше екендігін, сондай-ақ бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы, туған ұясы, өз отбасындағы ата-анасының тәрбиесі, өнегесі, ата-ана баланың бас ұстазы екенін түсіндіру. Сонымен қатар отбасы мүшелерінің арасындағы бір-біріне бауырмалдық, қайырымдылық, достық қарым-қатынастарын қалыптастырып, нығайту саналады.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР