Білмейміз Шәкәрімге кім келгенін (видео)

Семейлік ғалымдар жанайқайына «еститін үкімет» құлақ түре ме?

Сайт әкімшілігі

24.09.2020, 10:32

5929

Іргетасы 1934 жылы қаланған, 86 жылдық тарихы бар Шәкәрім атындағы Семей университетінің басшылығынан береке кетті. Ежелден «Студенттер қаласы» атанған Семейдегі алып оқу орны бұрынғы төрт институттың (педагогикалық, зоотехникалық-ветеринарлық, технологиялық және қаржы) негізінде университетке айналып, оған Шәкәрім Құдайбердіұлының есімі берілгелі ширек ғасырдың жүзі болған. Алайда мұндағы оқытушылар мен ғалымдар қазір нақты басшының кім екенін түсіне алмай дал болып жүр. Ал таяуда ректордың міндетін атқарушы болып тағайындалған Мұхтар Байжұмановты ғылыми кеңес әлі толықтай мойындамай отыр.

      Өйткені сәуір айынан бері университет ректорының міндетін төрт айдан астам уақыт ішінде үш адам атқарып келеді. Қызығы сол – тағайындалған басшылардың қолында қызметтік бұйрық бар да, қандай да бір себеппен босатылғанын баяндайтын ешқандай құжат жоқ.

    Мәселенің мән-жайын, ұстаздардың жанайқайын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізуге мұрындық болған университет ректоры офисінің басшысы Марат Орынтаев тұйыққа тіреліп, дағдарысқа ұшырап отырғандарын жасырған жоқ. Баспасөз қызметінің мәліметінде көрсетілгендей, университет қазір қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің қарамағына өткен. Өйткені аталған комитеттің №249 (29.04.2020 ж) бұйрығымен «Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (КЕАҚ) болып құрылған. Осы бұйрық аясында комитет төрағасы Б.Тәшенев оқу орнын КЕАҚ-қа айналдыру мақсатында Жандос Мұқаевты уәкілетті тұлға ретінде тағайындайды.

   – Университеттің акционерлік қоғамға айналуы бір күнде біте қоятын жұмыс емес. Сәуір айынан бастап бізде төрт басшы ауысты. Бірінші басшы болып Жандос Төлеубекұлы тағайындалса, 21 мамырда білім және ғылым министрінің бұйрығымен Әміржан Хасенов тағайындалды. Оның тағайындалуына орай, Мұқаев өз өтінішімен қызметінен босады. Ал 11 маусымда комитеттің №249 бұйрығына өзгеріс енгізу негізінде Тәшенев Ұлан Тілемісовті уәкілетті тұлға ретінде тағайындайды. Осы тұста бір ескеретін жайт,  Ұлан Бағдатұлының кандидатурасы университеттің ғылыми кеңесінде талқыланып және мақұлданып, комитетке жолданған болатын. Төраға оны тағайындағанда біздің мақұлдауымызды да ескергені белгілі. Алайда, неге екені түсініксіз, 11 қыркүйек күні төраға Тәшенев Мұхтар Байжұмановты «Шәкәрім атындағы Семей университеті» КЕАҚ-ның ректоры – басқарма төрағасының міндетін атқарушы етіп тағайындады. Бізге Ұлан Тілемісовтің не себепті босатылғаны я болмаса бұған дейінгі тағайындаулардың қандай негізге сүйеніп күшін жойғанын ешкім түсіндіріп отырған жоқ. Нақтысын айтар болсақ, олардың қолында тағайындалғаны жөнінде бұйрық бар, ал босатылғанын айқындайтын ешқандай құжат көрсетілген жоқ. Сол тұрғыда біз әлі күнге дейін нақты басшының кім екенін ұғына алмай, осындай қолайсыз жағдайға тап болып отырмыз, – дейді ректор офисінің басшысы Марат Орынтаев.

       М.Орынтаевтың айтуынша, университетте басшының тұрақтамауы ішкі жұмыстардың дұрыс бағытта жүруіне кері әсер етіп отыр. Төрт басшының қайсысын тыңдарын білмейтін жағдай орын алған соң, оқытушылар арасына да жік түсіп, қандай да бір құжаттарды растаудың өзіне жауапкершілікті кім алатынын анықтай алмайтын халге жеткен. «Мұндай тұрақсыздық ешбір оқу орнының тарихында болған емес», – дейді жиынға қатысушылар. 

        Орынтаевтан кейін сөз алған университет профессоры, белгілі абайтанушы Ғарифолла Есім сан жылдар бойы халықаралық ғылыми жиындар өткізуге ұйытқы болып, республикада деңгейі  жоғары оқу орны ретінде танылған университетте қалыптасып отырған бұл ахуалды түсіне алмайтынын айтты.

    – Шәкәрім университетінің тағдыры – бәріміздің тағдырымыз. Мен бұл оқу орнымен шығармашылық тығыз байланыстамын. Осы оқу орнын бітіріп, осында 20 жыл жұмыс істеген адаммын. Күні кеше ғана міндетін атқарушы болып тағайындалған жаңа басшының кейбір адамдарды жұмыстан босатуға ниеттеніп жатқанын да естіп жатырмын. Бұл дұрыс емес. Оған ондай құқықты кім берді? Отбасын асырап, жалақысымен жан бағып отырған адамдарды жұмыссыз қалдырудың өзі адамгершілікке жатпайды. Босату қажет болған күннің өзінде, келген басшы алдымен жан-жағын толық бағдарлап, танысып, біліп алуы керек. Қарамағындағы адамның жұмысына көңілі толмаса, оның себебін түсіндіріп, қандай да бір заңдылық негізге сүйенуі керек емес пе?! Мұндай процестерге жол беруге болмайды, қайта тоқтату керек, – деді Ғарифолла Есім.  

     Бір қызығы, бұл кездесуге жаңа басшы Мұхтар Байжұманов қатысқан жоқ. Дегенмен Орынтаев БАҚ өкілдерімен кездесу өткізетіндерін, қажет болса, біржақты пікір орын алмауы үшін оның да қатысуы қажеттігін ескерткенін айтты. Алайда М.Байжұманов өзі де келіп, жағдайды түсіндіруден бас тартқанға ұқсайды. Онсыз да ахуалы шиеленісіп тұрған университетті басқаруға келген адамның мұндай «өзімбілермендік» танытуын, сөз жоқ, ешкім де құптай алмайды. Қолындағы тағайындауының күші әлі жойылмаған бұған дейінгі үш басшының (Ж.Мұқаев, Ә.Қасенов, Ұ.Тілемісов) да ешқайсысының келмегені университеттегі жағдайдың ушығып бара жатқанын көрсеткендей. Белгілі болғаны – олар қазір өз құқықтарын қорғау үшін заңға жүгіну үстінде шапқылап жүр. Сол себепті осы брифингке қатысуға мүмкіндіктері болмаған.

       Жеті мың студенті бар Шәкәрім атындағы Семей университетінің  коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналуға бет бұруының ақыры мүйіз сұраймын деп, сақалынан айырылған тоқал ешкінің кейпін елестетіп тұр. Өйткені университет ұжымы бірауыздан қолдаған Ұлан Бағдатұлының орнына сырттан келіп, Мұхтар Байжұмановтың билеп-төстеуге кірісуі қалай десек те, жөнсіз болып тұр. Ал КЕАҚ-қа өткенге дейін осы оқу орнын басқарған Мейір Ескендіровтің тап қазір қайда жүргені белгісіз.

    Бірін-бірі ресми түрде мойындамайтын мұндай кемшіліктің орын алуы, әрине, Семейге де абырой әпермейді. Жоғарғы жақтың біржақты әрі негізсіз шешімдерінің кеселі ақыры университеттегі ғалымдар мен ұстаздар ұжымының бірлігіне сызат түсіріп тынғаны өкінішті-ақ. Ал ректор офисінің басшысы Марат Орынтаев «халық үніне құлақ асатын үкімет» саналатын жоғары эшелондағы биліктің жанайқайға назар аударып, бір тоқтамын айтарынан әлі де үмітті.

  

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.10.2020, 09:30
Алматы облысының тұрғыны 9 жылдан бері өлілердің тізімінде болған (видео)
Сайт әкімшілігі 26.10.2020, 16:31
Қария зейнетақысына ауылындағы жолдың шұңқырын жамап жүр (видео)
Сайт әкімшілігі 26.10.2020, 12:00
Елордада есірткі саудасымен айналысқандар ұсталды (видео)
Сайт әкімшілігі 26.10.2020, 11:21
Қарағандыда ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды (видео)
Сайт әкімшілігі 21.10.2020, 14:41
Оралда атысқа қатысқан 20 адам ұсталды (видео)
Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 15:16
Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)

Аңдатпа


  • Мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
    29.10.2020, 11:03
  • Қайда кеткен? Қоймада коронавирустан емдейтін 12 дәрі жоқ болып шықты
    28.10.2020, 16:24
  • Kaspi.kz сервистері жұмыс істеп тұр
    28.10.2020, 15:38
  • Жалт етіп сөнген бір жасын
    27.10.2020, 09:53
  • Бүгін еліміздің басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауады
    26.10.2020, 10:04