Күйіп тұрған киік мәселесі

Ғаният НАСЫРОВ

23.06.2022, 10:20

1038

Тағдыры қазақпен тағдырлас, талай қырғын-сүргін көрген осы түз тағысы – киік мәселесінің бүгінгі күні шешімі табылмай күйіп тұрғаны ақиқат. Жақында жол түсіп Батыс Қазақстан облысының Бөкейордасы, Жәнібек аудандарында бірнеше күн болып қайттым. Ауылдың жағдайы белгілі, барған жерлерде алыстан келдің деп қонақ ретінде сый-құрметтерін көрсетіп жатады. Қай жерге барсам да бір байқағаным, дастархан басындағы әңгіменің негізгі желісі, сайын даланы мыңдаған жылдар бойы халқымызбен бірге мекен етіп келе жатқан түз тағысы – киік мәселесіне байланысты.

          Кезінде сайын даласынан сайғақ құрлы сая таппай талай қуғын-сүргінді басынан өткізген халқымыз, ежелден тағдыры өзімен тағдырлас киікті киелі жануар деп бағалап, саны азайып кеткен кездерінде «Азайды соңғы кезде байғұс бөкен, мың-мыңдап баяғыда жүреді екен» немесе «Ет кесіп өз етімнен берсем-дағы, жөніңе жіберейін емдеп қана» деп пайда табуды ойламай, олардың тағдырына алаңдап, өлең-жырға да қосқан. Десек те, бүгінгі батыс өңіріндегі ауыл қазағының басты бас ауруы осы киік мәселесі болып тұр. Онсызда соңғы жылдары жауын жаумай, қуаңшылық салдарынан баққан малдарына беретін су көздерін, шабындық-жайылым жерлерін көздерінің қарашығындай қорғап отырған ауылдағы мал ұстаған жеке шаруа қожалықтарын біржағынан осы киік мәселесі титықтатып жібергені байқалады.

         Ресми деректер бойынша киіктің саны 1960 жылдары елімізде 1 миллион 500 мыңнан асыпты. Алайда мүйізі үшін қырып-жоюдың және өткен ғасырдың соңғы жылдарында арқа өңірінде жүз мыңдап қырылып қалуының салдарынан 2003 жылы олардың саны күрт азайып тек 21 мыңдайы ғана қалған.

         Сол кезде киіктерді құтқару үшін республикалық мемлекеттік «Охотзоопром» атты мекеме құрылып, 1999 жылы аулауға, 2004 жылдан бастап киіктің мүйіздерін экспортқа шығаруға тыйым салынып, олардың санын көбейту және қорғау мақсатында үкімет тарапынан тиісті шаралар қолға алына бастады. Содан бері бюджет есебінен қыруар қаражат бөлінді. Нәтижесінде биылғы 2022 жылғы мамыр айында жүргізілген санақ бойынша, елімізде олардың саны 1 миллион 318 мыңға жетіп жығылды. Соның ішінде батыс өңірінде 801 мың басқа жеткен.

        Айта кету керек, киік қырғыны үкімет тарапынан қабылданған шаралардан кейін де тоқтала қойған жоқ. Бүгінде олардың басты жауы заңға бағынбай бетімен кеткен аңшылар болып тұр. Кейбір деректерге сенсек, бір килограмм киіктің мүйізінің құны 4-6 мың АҚШ доллары көлемінде бағаланады екен. Осындай үлкен сұраныс болып, мүйіз саудасы қызып тұрған жағдайда киікті заңсыз аулау әрекеттеріне тосқауыл қоюдың өзі оңай шаруа болмай тұр.

        Алайда, мал ұстаған ауыл тұрғындарының жанайқайы, осы түз тағысының тағдырына байланысты. Бүгінгі күні шешімі табылмай тұрған мәселе.

         Енді осы бағытта үкімет тарапынан қандай шаралар жасалуда деген сұраққа жауап іздеп көрейік.

         Әрине үкімет бұл мәселені естіп-білмей отыр деуге болмайды. Осы салаға тікелей жауапты ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті тарапынан осы мәселеге байланысты бірқатар шаралардың қолға алынып жатқаны белгілі. Биылғы мамыр айының соңғы күндерінде осы салаға жауапты ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі  Әлия Шалабекова бастаған жұмыс тобы арнайы іссапармен Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарында болып, осы бір өзекті мәселенің  мән-жайымен танысып қайтты.

         Алайда жергілікті тұрғындардың және облыс әкімі Ғали Есқалиевтің киік мәселесіне байланысты туындап тұрған шабындық және жайылым жерлерге қатысты түйткілді істің шешімі туралы қойылған сұрақтарына, вице-министр бастаған жұмыс тобы тарапынан нақтылы, көңілге қонарлық жауап болмады. Тек киіктерді қорғау мақсатында – бұл өңірде «Бөкей орда»  мемлекеттік табиғи резерваты мен «Ащыөзек» қаумалының құрылатыны туралы үкіметтің қаулысының шыққаны ғана айтылды. Десек те құрылып жатқан резерват пен қаумалдың осы өңірдегі шабындық-жайылым жерлерді киіктен қорғап қалуға кепілдік бола алмайтыны – белгілі нәрсе.

        Ал ауыл адамдарының, жеке шаруа қожалықтарының мүддесін қорғау жөнінде шешімі табылмай тұрған сұрақтарға тек қазақстандық биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығының директоры Сергей Скляренконың, бұл жөнінде алдағы уақытта өңір үшін қолайлы болатын киік санын ғылыми негізде анықтау керектігі, сондықтан киік өрісі болып саналатын аудандардағы мал басының саны туралы мәліметтің қажеттілігі туралы, маған да емес, саған да емес, «өгіз де өлмесін, арба да сынбасын», – деген бағыттағы құрғақ, шығарып салма жауабынан басқа нақтылы жауап болмай, сұрақ ашық күйінде қалды.

          Шынымды айтсам, министрліктің арнайы жоғары лауазымы бастап келген жұмыс тобының басты мәселесі – шаруалар мүддесін қорғауға байланысты қойылған сұрақтарға нақты жауап бере алмауы, бұл мәселенің таяу арада оңтайлы шешіле қоятынына күдік-күмән келтіріп тұр. Менің күдіктенуімнің себебі де жоқ емес.

          Енді, ол қандай себептер деген сұраққа жауап беріп көрейін.

           Қазіргі қызметім жануарлар дүниесін қорғау, олардың өсімін көбейтіп пайдалану тұрғысынан қоғамдық ұйымдармен байланысты болғандықтан, бұл маған таныс, белгілі жағдай. Көтеріліп жатқан киік мәселесін, біздің республикалық «Қансонар» қауымдастығы осыдан бір жарым жыл бұрын көтеріп, Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің және осы жағдайға тікелей жауапты министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мамандарына, басшыларына жеткізген болатынбыз. Алайда, олардың тарапынан ешқандай іс-әрекет болмағандықтан, сол кездегі gремьер-министр  Асқар Мәминнің атына да хат жолдаған едік (шығыс №31, 12. 07.2021ж.) үкімет басшысы хатты қайтадан министрлікке жолдаған. Министрліктен вице-министр Әлия Шалабекова қол қойған. Біз көтерген мәселелерге қатысты болашақ жұмыс жоспарлары туралы жауап алдық. Әрине, қағаз жүзінде алдағы уақытта біраз іс-шаралар жоспарлап қаттап қойған екен. Е, бәсе, бұл істің жөні болады екен деп жауаптарына бізде риза болып қалған едік. Енді, міне, вице-министр бастаған жұмыс тобының өңірге келіп, бұл туралы енді ғана естіп білгендей сыңай танытуы, таңғалдырып, көңілге үлкен күдік-күмән ұялатып отыр.

          Бұл жерде үкімет басшысы жіберген «Қансонар» қауымдастығының хатын алғаннан кейін, жауапты министрлік, қазақстандық биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығы, тағы да басқа ғылыми институттар жыл сайын мемлекет тарапынан жүздеген миллион қаржы алып отырған республикалық мемлекеттік «Охотзоопром» құрылымы бұл мәселеге көңіл аудармай, жағдай ушыққанша өздері айтып отырған өңір үшін қолайлы болатын киік санын анықтамай, киік өрісі болып саналатын аудандардағы мал басының саны туралы қажетті мәліметтерді жинақтамай, бір жыл бойы ай қарап, жұлдыз санап жүрген бе деген заңды сұрақ туындайды.

           Батыс өңіріне барып келгеннен кейін 7-ші маусымда вице-министр Ә.Шалабекова ханым мүдделі үкімет, қоғамдық ұйымдардың, ішкі істер министрлігі, бас прокуратура, бизнес өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының кеңейтілген отырысын өткізді. Отырысқа өзім де қатыстым. Мәселе сол баяғы киік санын қалай ретке келтіру, оларды аулап өнімдерін пайдалану төңірегінде өрбіді. Киікті заңды түрде аулау, оның еті мен мүйізін  өңдеуді жүйелі түрде қадағалайтын құрылым құру, ол құрылым мемлекеттік ұйым бола ма, әлде онымен аңшылық шаруашылықтары немесе ақшалы бизнес өкілдері айналыса ма? Әсіресе әуесқойлық аңшылыққа рұқсат беру, бермеуге байланысты қызу пікірталас болды. Киік мүйізінің қытай елінде сұранысы өте жоғары, құнды тауар екенін білетін кейбір ұйымдар, бизнес өкілдері, оны аулауға рұқсатты көп кешіктірмей қабылдау керектігі жөніндегі ұсыныстарын барынша дәлелдеп бақты. Осы орайда министрліктің, үкімет құрылымдарының жұмыс тобына қатысқан басқа да уәкілдері, соның ішінде ішкі істер министрлігі, бас прокуратура қызметкерлерінің сөз саптауларына қарағанда, киік аулауға тыйым салынған заңнаманың жақын арада күшін жойып, оларды аулауға рұқсат беруге байланысты мәселенің шешілген сыңайы байқалды.

        Иә, саны өсіп, жойылу қаупі сейілсе, киік мүйізін өңдеп, дәрі-дәрмек жасау қолға алынып, етін, терісін өңдейтін кәсіпорындар ашып, сол арқылы жергілікті бюджетке қыруар қаржы түсіруге болар еді.

        Осыған орай, олардың пікірлерін тыңдап және кейбір ақпарат құралдарында киік аулауға таяуда рұқсат берілетіні жөнінде жарыса жазылып жатқан хабарларды оқып, мен Ә.Шалабекова ханымға және жұмыс тобының мүшелеріне, заңнамалық тұрғыдан міндетті түрде шешімі керек  кейбір мәселелерге назарларын аударып, жауап берулерін сұраған едім. Алайда менің қойған сұрағым жұмыс тобының мүшелері үшін тосын, бұрын олардың ойларына келмеген нәрсе сияқты көрінді. Олай деуіме не Ә.Шалабекованың, не басқа да жұмыс тобы мүшелері тарапынан ешқандай жауап болмай, үндемей құтылғандары ойландырып тастады.

          Мәселе мынада. 2005 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ел аумағында  киіктерді  аулауға, олардың мүйіздері мен өнімдерін жинауға, пайдалануға, сатып алуға немесе өткізуге тыйым салу туралы бұйрық шығарған болатын. Кейін бұл шектеу мерзімі 2023 жылға дейін ұзартылды. Бұйрық әлі күшін жойған жоқ. Бұйрықтың күшін жою үшін міндетті түрде ғылыми негіздеме керек, ал бұл негіздеме тез арада істеліп, шешіле қоятын оңай шаруа емес. Бұл біріншіден.

         Екіншіден, киік өзіне қолайлы орта іздеп үздіксіз қоныс аударып жүретін жануар. Мәселен, батыс өңіріндегі киіктер ауа жайылып көршілес Ресей өңірлеріне барады, ол жақтан ауып бізге келеді. Ал ресейде киіктер «Қызыл кітапқа» енгізілген, яғни аулауға мүлдем тыйым салынған жануарлар түріне жатады. Бұл жөнінде Ресей мен Қазақстан арасында келісім де бар. Демек, көрші елдің келісімінсіз, біз біржақты киік аулайтын болсақ, екі елдің арасында міндетті түрде даулы жағдай туындайды.

        Үшіншіден, 2019 жылы Женевада (Швейцария) жойылып кетудің алдында тұрған  жабайы фауна мен флора түрлерінің халықаралық саудасы туралы Конвенция тараптарының 18-ші конференциясы (СИТЕС)  ақбөкендердің (киіктердің) халықаралық саудада коммерциялық пайдаланылуына тыйым  салып, «нөлдік экспорт квотасын» белгіледі. Яғни киік өнімдерін коммерциялық пайдалануға халықаралық деңгейде тыйым салынған.

          Бұлардан басқа:  

–  Жабайы жануарлардың қоныс аударатын түрлерін сақтау туралы конвенцияға қосылуы туралы Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 желтоқсандағы № 96 Заңы;

– Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияға қосылуы туралы 1999 жылғы 6 сәуір №372-I Қазақстан Республикасының Заңы;

– Халықаралық табиғатты қорғау одағы (ХТҚО) сияқты тағы да басқа Қазақстан қол қойып бекіткен халықаралық келісімдер бар. Ал Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-ші бабында –  Республика бекіткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы атап көрсетілген. Демек, қандай да бір себептермен науқаншылыққа салынып, халықаралық шарттардың талаптарын ескермей, киіктерді өз бетімізбен аулау – мемлекетімізді үлкен халықаралық дауға ұрындыратыны сөзсіз.

          Осы айтылған жайлар туралы қойған сұрағыма вице-министр Әлия Шалабековадан, министрліктің басқа да мамандары тарапынан жауап ала алмай, қыр қазағының бас ауруына айналып, шешімі табылмай күйіп тұрған киік мәселесінің таяу арада шешімі табыла қоюы қиын-ау, деген ойымды жасыра алмай, жұмыс тобымен қош айтысып, кете бардым.

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ 24.06.2022, 16:20
Балабақшаларды лицензиялау керек пе?
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 24.06.2022, 10:43
«Халыққа қайтарылсын!»
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 22.06.2022, 13:20
Қарқаралы, Бұхар жырау, Осакаров аудандарында дала өрті өршіп тұр
Бифат ЕЛТАЕВА 21.06.2022, 15:10
Өзіңді сергек сезінгің келсе...
Айнұр ӘЛИ 21.06.2022, 13:50
Қаңғыбас итте қорған бар. Адамда ше?
Сайт әкімшілігі 20.06.2022, 09:54
Бүгін елімізде ауа райы қандай болады – синоптиктер болжамы

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33