Өнерпазы қалаға сабылған ауыл тұрғындары қашан клубқа жариды?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

21.01.2022, 15:00

2557

Қарағанды облысының Үштөбе ауылында әу бастан мәдениет ошағы болған емес. Тарихы 80 жылға жуықтаған елді мекенді басқарған бірде-бір басшы өрелі істі тындырмапты. Тетігін тапқандар шаруаны соңына жеткізбей  қызметтен кетіп тынған. Тәуелсіздік алған жылдарда да өңірдегі өнерпаздардың тілегі ескерілмеді. Соған қарағанда бұл мекенге бұйырған әкімдердің дені өнерден бейқам болса керек. Бүгін де алты мың адам тұратын ауылдың жүзге жуық өнерпаздары көне проблеманың көмбесінен шыға алмай отыр.

— «Облыстағы мәдениет үйі жоқ жалғыз ауыл — Үштөбе. Абыз ақсақалдары, ауыл өнерпаздарынан құрылған хормен ән айтатын лайықты топ та бар. Бұл өресі тар елге мәдениет керек емес деген ұғым ба?» — деп,  көңілдегі шерін  ашына жеткізген әріптесіміз Нұрлан Аманұлы.

Тұрғындарының  айтуынша, кеңес кезеңінде мәдениет клубының іргетасы қаланған. Бірақ, тоқсаныншы жылдың басында тарқаған одақтың кебін киюге шақ қалған колхоз шатқаяқтап, жекешелендірудің қамытынан аман қалған. Қабырғалары көтерілер кезде болашақ ғимираттың күл-паршасы шығып, жермен-жексен болды. Бүгінде  байырғы құрылыстың  аумағы тып-типыл.

— «Ертеден неміс ұлты мекендеген ауылымызда  Қарқаралы, Баянауыл аймағынан көшіп келген қазақтар тұрады. «Әу» демейтін қазақ жоқ демекші, әр отбасында  өнерпаз бар. Өнерге жақын талай жасөспірімдер Қарағандыдағы ақылы жекеменшік орталықтарға барып, сабақ алып, өнерлерін шыңдап жүр. Талантты балғындар мен жастар 6 шақырым қашықтықтағы шаhарға шабылып концерт береді. Өзіміздегі өнерпаздардың қарасы қалың екенін естіп, көзіміз көріп жүр. Бірақ олардың өнеріне куә болып,  құлақ құрышымызды қандырып тыңдау арман болды бізге», — дейді ән мен күйге сусап жүрген үштөбелік Бауыржан Сүлейменов.

Жасөспірімдер арасындағы бірнеше облыстық күйшілер байқауының  лауреаты Самат Жолтай домбыра тартуды қаладағы музыкалық орталықта үйренген. Талантты өреннің көптен күткен мұраты орындалды — былтыр  ауылдағы өзі оқитын мектепте домбыра үйірмесі ашылды. Оған дейін ол  ұлттық аспапты меңгеру үшін 6 жыл бойы Қарағандыға сабылған-ды.

— «Домбыра менің жан серігіме айналды. Бірақ өзім тұратын ауылда  ортам жоқ. Осы қиын болып тұр. Дәстүрлі аспапты кәсіби тұрғыда меңгерген ауылдастарым бар екенінен хабардармын.  Өкінішке қарай, олармен байланысудың мүмкіндігі жоқ. Егер жерлес өнерпаздар ортақ шаңырақтың астында бас қосатын ғимарат болса, көкейдегі ой-арманым іске асар еді», — дейді күйші бала.  

Бұл күндері әлеуметтік желінің халық пен биліктің арасындағы көпірге айналғаны ұтымды болып тұр. Өнерпаз жерлестеріне жанашырлық танытқан Үштөбе тұрғыны Нұрлан Әбжановтың фейсбукте жазған жанайқайына облыс әкімі Жеңіс Қасымбек ресми жауап берді. Аймақ басшысы аудандағы тиісті мекеме өкілдеріне жолдаған ақпаратты  жариялай отырып мынаны хабарлады:    

— Бұқар жырау ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі үстіміздегі жылғы жоспарына сәйкес хабарлайды: ауданның төрт елді мекенінде: Үштөбе, Доскей, Петровка және Көкбекті ауылдарында 200 орындық клуб ғимаратының құрылысы 2021 жылғы желтоқсан айының соңында мемлекеттік сараптамадан өтті. Ендігі қаралу мерзімі 45 жұмыс күнін құрайды. Оның қорытындысы 1-тоқсанда шығарылады. Сараптамадан өткеннен кейін, қаражат алу үшін бюджеттік сұраным берілетін болады.

Біз Бұқар жырау ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Әлия Шәйкеноваға хабарласқанымызда, ол бұл мәселе бұрын да күн тәртібіне шығарылғанын, қаржы тапшылығына байланысты кейінге шегеріліп келгенін жеткізді.

       Сірескен сең енді қозғалды. Соған қарағанда, егемендікке қол жеткізген  отыз жылда мемлекеттік бағдарламаларды орындау талабының бұл ауылға жетпегені аңғарылады. Дегенмен, «Ештен кеш жақсы» дейміз де. Ең бастысы, қордаланған түйіткіл сиырқұймышақтанып кетпесе болғаны.

Тегтер: тарих тағылым рухани жаңғыру естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 11:45
Әйелімен араздасқан қостанайлық 9-қабаттан секірмек болған
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 08:39
Атырауда екінші қабаттан құлаған екі жасар баланың жағдай ауыр
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 08:33
Алматыда бес су тасқыны тіркелді
Бифат ЕЛТАЕВА 19.05.2022, 18:28
Балаларды дамыту және мемлекеттің қолдауы
Әділ АҚЫЛБАЙ 19.05.2022, 09:01
Қазақстан мәдениетін өзгертетін көшпелі көрме
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 17.05.2022, 15:09
Сот жүйесінде оң өзгеріс көп

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56