Оңтүстікте тың технологияға ден қойған кәсіпкер көп

М.СӘУЛЕБЕК

26.05.2022, 22:51

1223

Осыдан төрт жыл бұрын құрылған Түркістан облысының экономикасында, халықтың әл-ауқатын арттыру, кәсіпкерлікті өркендету бағытында бірқатар жобалар жүзеге асып жатыр. Айталық, өңірге тартылған инвестиция көлемі екі жарым есеге өсті. Бадамда мұнай өңдеу зауытын, бұдан бөлек, фосфор, химия кәсіпорындарын ашу жоспарланып отыр. Ал ауыл шаруашылығы саласында тамшылатып суару әдісін енгізу, жылыжай шаруашылығы жақсы дамып келеді. Әсіресе соңғы жылдары өңірдің диқандары бір егістіктен жылына 2-3 өнім алу әдісіне ден қоюда. Бұдан күткендегідей, нәтиже бар.

Қазір климаты өте жылы Сарыағаш, Келес, Мақтаарал, Жетісай аудандарының шаруалары еккен қырыққабаттарын жинап, оны экспорттап үлгерді. Бір ғана Жетісай ауданында егілген қырыққабат дақылынан 30 мың тоннадан астам өнім жиналып, шет елдер мен еліміздің басқа өңірлеріне жіберілді. Шаруалар бір жерден алынатын өнімнің көлемін арттыру мақсатында – ерте жиналған егістіктің орнына екінші дақылдарды егу жұмыстарын жүргізуде. Мұндай жұмыстар 1,1 мың гектардан астам алқапқа жүргізіледі деп жоспарлануда. Жуырда облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің Жетісай ауданы тұрғындарымен өткен кездесуде бір жерден 2-3 өнім алу жобасы қызу талқыланды.

– Мемлекет басшысының халыққа жолдауы аясында әкімдерге көп нәрсе жүктелді. Геосаяси және экономикалық жағдай оңай емес. Ең бірінші шешетін мәселеміз – жұмыссыздықпен күресу. Барлық аудан, қалада демографиялық өсім жоғары. Сондықтан жұмыс орындарын ашу бағытында жұмысты күшейтуіміз керек. Бүгінде облысымызда 150 мың шағын және орта бизнес субъектілері бар. Әр субъектіде, кем дегенде, он адамнан жұмыс істейтін болса, сол арқылы бір миллионнан астам адам жұмыспен қамтылмақ. Жетісайда «Бизнес Бастау» және өзге де мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеке кәсіпкерлікті дамыту бағытында жақсы жұмыс жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығына келсек, жаңа мен егістік басында шаруалармен кездестім. Біздің ауа-райымыз бір жылда екі-үш рет өнім алуға мүмкіндік береді. Ерте пісетін көкөністі өсіруге өте қолайлы. Түрлі тәсілдерді шаруаларға ұсынып жатырмыз. Он екі гектар жерге қырыққабат егіп, қазірдің өзінде келісін, шамамен, үш жүз теңгеге саудалауда. Жалпы, 400 тоннадай өнім алып, алғашқы түсімнің өзінен пайдаға кенеліп отыр. Бұл тірлік ең мықты кәсіпкерлердің қолынан ғана келеді. Кәсіпкерлікке ебі бар азаматтарды тауып, үйреткен жөн, – деген Өмірзақ Шөкеев кездесу барысында.

Жетісай ауданы әкімдігінің таратқан мәліметіне қарағанда, қырыққабаттың әр гектарынан он миллион теңгеден астам таза табыс түсуде.

Ал Мақтаарал ауданы А.Қалыбеков ауылдық округінің диқандары ерте пісіп, жетілетін қант қызылшасының алғашқы өнімін Ресейге экспорттады. Ауыл диқандары Голландиядан арнайы жеткізілген павло, вадан атты қызылшаның жоғары сұрыптарын қаңтар айында үй іргесіндегі 25 гектар алқапқа еккен болатын.

Жаңажол ауылының тұрғыны Бектемір Әліқұлов алғашқы болып, өзінің үй іргесіндегі 15 сотық жерден 1,5 тонна өнім алып үлгерген. Шаруаның гектарына шаққанда, 300 центнерге дейін өнім алуға мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда келісін 180 теңгеден саудалауда. Диқан жоғарыда аталған сорттар дәл осы Жаңажол ауылының топырағында өсіп шыққанда ғана ерекше дәмге ие болатынын, сондықтан мұнда қызылшаға жоғары сұраныс бар екенін жеткізді.

– Қызылша егілетін жер өте құнарлы болуы тиіс. Ол үшін селитра, аммофос, малдың қилары арқылы жер тыңайтылады. Агротехникалық шаралардың басым бөлігі қолдың күшімен істелетіндіктен, қызылша егу үшін қажырлы еңбек керек. Үлкен еңбектің соңы – үлкен табысқа алып келеді, – дейді Б.Әліқұлов.

Жалпы, округ аумағында шаруалар алған өнімдерін Ресейге және Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларына жөнелтуде. Қант қызылшасын толық жинап алған соң, диқандар екінші өнімге малазықтық дақылдарды егуді жоспарлап отыр.

Айта кетері, Мақтаарал ауданы соңғы 3 жылда облыс көлемінде үздік экспорттаушы аудан атанып келеді. Аудан шаруаларының көктемде – көкөністерін, жазда қауын-қарбызын, күзде мақтасын шетелге экспорттауда жол-көлік сауда-логистикасының алар орны ерекше.

Жаз айларында Мақтаарал ауданына күніне ТМД, Балтық жағалауы елдерінен, Түркия, Германия, Грекиядан келген 300-ден астам жүк көліктері кіріп-шығады. Осы жұмыстарды бір жүйеге қою үшін ауданның кіреберісінде сауда-логистикалық орталық құрылған.  Орталықта шетелден келген кәсіпкерлер үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, қонақ үй, кафе, автотұрақ, бассейн кешені мен қосалқы бөлшектер дүкенінің қызметтері қарастырылған. Сондай-ақ көкөніс сақтау қоймасы да іске қосылды.

Мақтаарал ауданы әкімдігінің хабарлауынша, санаулы күндерден соң, қауын-қарбыз өнімдері де нарыққа жол тартатын болады. Дәмі тіл үйіретін оңтүстіктің қауын-қарбызы жыл сайын Еуропа елдеріне дейін экспортталады. Мамандардың айтуынша, қауын-қарбыздан түсетін пайда мақтаға қарағанда, әлдеқайда жоғары. Соңғы жылдары осы кәсіп түрімен айналысушы шаруалардың саны күрт көбейген. 

Тегтер: кәсіп нәсіп еңбек еңбек нарығы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 09:25
Өскеменде аутизмге шалдыққан бала жоғалып кетті
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 12:52
Алматыда 18 жастағы жігіт туған әжесін өлтіріп, үйін өртеп кеткен
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 09:04
Алматыда 60 адам Оңтүстік Кореяға барамыз деп алданып қалды
Бифат ЕЛТАЕВА 11.08.2022, 09:02
Жастар жұмыссыз қалмауы тиіс
Сайт әкімшілігі 10.08.2022, 18:37
Қостанай облысында жоғалған қыздың денесі өзеннен табылды
Сайт әкімшілігі 10.08.2022, 15:50
Қостанайда жоғалған 5 жасар қыз әлі табылмады

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49