Пара алған полицейлер жазаланады

Кемел ЖАН

24.05.2022, 16:55

1337

Біз көп жағдайда ішкі істер қызметкерлерін судан таза, сүттен ақ деп түсінеміз. Бірақ бұл салада да ақшаға жақын, кейбір қылмыстардың өзін парамен «жауып» жіберетін полицейлер кездеседі. Қазақ мұндайды «Сенген қойым сен болсаң...» деп айтқан. Иә, біз ішкі істер қызметкерлері мен заң саласындағы қызметкерлерді пара алмайды, жемқорлыққа жол бермейді деп сенеміз ғой. Сол сенімді «Бір қарын майдың ішіндегі бір тал құмалақтай» болған кейбір бейкәсіби адамдар селге кетіреді. Бүгін біз ішкі істер органы қызметкерлерінің арасындағы бірқатар парақор полицейлердің тізімін жасап көрдік.

Сонымен, жуырда ғана Шымкент қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі патрульдік полиция полкінің төртінші рота командирінің қылмыстық әрекетіне тұсау салды. Күдікті қарамағындағы полиция қызметкерлерінен қамқорлығы үшін пара алған. Оған Қылмыстық кодекстің 366-бабы бойынша іс қозғалған. Парақор полицей кезекті пара алып болғаннан кейін ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Іле шала Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды.

Екінші парақор полицей кім? Ол Павлодар қаласындағы полиция басқармасынның көші-қон қызметі бөлім бастығының орынбасары. Парақор полицей Әубәкіровтың полиция капитаны шені бар екен. Үш жылға сотталып кеткен полиция капитаны қандай қылмыс өткізіп қойды дейсіздер ме? Ол көші-қон тәртібін бұзған Өзбекстан азаматынан пара алып, шетелдікті жауапкершіліктен қорғап қалған. Дәл осындай жағдай бұған дейін Қазақстанның бірнеше облысында болған. Әсіресе көші-қон фактілері өте көп кездесетін Алматы қаласы, Алматы облысы мен Шымкент, Түркістан, Нұр-Сұлтан қалаларында көрші елдерден келген еңбек мигранттарынан пара алып, «крыша» болып келген бірқатар полиция қызметкерлері анықталып, бәрі жауапкершілікке тартылған болатын. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері «крыша» болып, заңды белден басып, Өзбекстан, Қырғызстан азаматтарының Қазақстанда еркін жүріп тұруына, жұмыс істеуге көз жұмып келген полиция қызметкерлері де көп.

Қоғам тыныштығын күзететін полицейлердің өздері қоғам тыныштығын бұзса не дейсің? Қазақ мұндайды «Ет сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер» деген.

 Үшінші парақор полиция кім? Ол Батыс Қазақстан облысының полицейі. Сәуір айының соңында Ақжайық аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Әбілхайыровқа 7,5 миллион теңге айыппұл салынды. Полиция майоры Орал қаласының тұрғынынан әлдебір қылмыстық істі тоқтатып бергені үшін 500 мың теңге пара сұраған. Осыдан кейін кімге сенуге болады? «Қазақстан полициясына реформа керек» деген қоғамдық пікірдің жаны бар сияқты. Мұндай парақор полицейлермен әділетті, құқықты Қазақстан құру қиын болатыны жасырын емес.   

          Парақор полицейлердің көшін Шымкент полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің бұрынғы бастығы жалғап отыр. Күдіктіге қатысты қызмет бабын асыра пайдалана отырып, алаяқтық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру, жауап алу жүріп жатыр. Нақтырақ айтқанда оған Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі 2-тармағы бойынша іс қозғалған. Күдікті Бұқарбаев биыл 25 сәуірде қылмыстық іс жүргізу заң кодексінің 128, 131-баптарының негізінде тұтқындалды.

          Парақор полицейлер тізімі осы азаматтармен ғана шектелмейді. Олардың тізімі бұдан ары қарай жалғаса береді. Өйткені заңмен бетпе-бет жұмыс істейтін азаматтардың кәсібилігі мен адамгершілігі биік болмай, бұл саладағы парақорлық түбірімен жойылмайды. Сондықтан ішкі істер саласына келген азаматтардың, ең алдымен, бойында үлкен қасиеттер болуы керек. Адамгершілік, ар-ұят, заңды құрметтеу, азаматтарды құрметтеу қасиеттері болмай, жемқор сақшыны күнде көруіміз мүмкін.  

Жемсауы үлкен жемқор басшылар

Жемқор, парақор деген ат жаман. Өміріңе қара таңба болып қалады. Әсіресе бұл індетпен әкімқаралар, басшылар, директорлар ауырса, тіпті қиын. Бүгін біздің нысанаға соңғы бір екі аптада құрыққа түскен парақор басшылардың аты-жөндері ілінді.

Сонымен, алғашқы жемқор басшы Түркістаннан шығып отыр. Түркістан қалалық сотының үкімімен Turkistan Invest инвестициялар тарту және экспортты дамыту жөніндегі өңірлік агенттігі компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Ержанов деген азамат 3 жарым жылға сотталды. Ержанов не бүлдіріп қойды? Ол «Композит Групп Казахстан» ЖШС басшылары С.Конусов пен А.Гомаюмовты алдау жолымен 2 млн теңге алған. Оның қылмысы бұл ғана емес. Ол Түркістан облыстық әкімдіктің лауазымды тұлғаларына мемлекеттік сатып алу бойынша қылмысқа қатысқан.

Жүйе былай: қылмыскер лауазымды тұлғаларды Мемлекеттік сатып алулар конкурсының жеңімпазы деп танығаны үшін пара беруге көндірген. Жалпы, соңғы жылдары мемлекеттік сатып алу жемқорлардың аранына айналып кетті. Ондай дерек өте көп.

Жемқорлық пен парақорлық бойынша айыпталған тағы бір басшы өткен аптада Қазақстан баспасөзінде кеңінен талқыланды. Сонымен, астанада Ұлттық музей басшылығы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді.

Нұр-Cұлтан қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің» лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу бастаған. Нақтырақ айтқанда «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» деп аталатын халықаралық көрмесін өткізу бойынша музей басшылығы мемлекеттік сатып алу туралы шарттың негізінде 146 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған көрінеді. Оған дәл қазір осындай айып тағылып, сотқа дейінгі тергеу, тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, келісімшарттың жалпы сомасы 1,2 млрд теңге екен. Парақор басшылар тізіміне ілінген музей басшылығына қатысты тергеу сотының санкциясы, тінту, куәлардан жауап алу, басқа да тергеу тексеру амалдары жүргізілуде.

Тегтер: жемқорлық пара қоғам індет

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 09:25
Өскеменде аутизмге шалдыққан бала жоғалып кетті
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 12:52
Алматыда 18 жастағы жігіт туған әжесін өлтіріп, үйін өртеп кеткен
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 09:04
Алматыда 60 адам Оңтүстік Кореяға барамыз деп алданып қалды
Бифат ЕЛТАЕВА 11.08.2022, 09:02
Жастар жұмыссыз қалмауы тиіс
Сайт әкімшілігі 10.08.2022, 18:37
Қостанай облысында жоғалған қыздың денесі өзеннен табылды
Сайт әкімшілігі 10.08.2022, 15:50
Қостанайда жоғалған 5 жасар қыз әлі табылмады

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49