Қашқардағы қазақтың қариясы

Сайт әкімшілігі

01.06.2022, 13:30

1402

Бұл көптен бері көкейде жүрген, пісуі жетсе де, әртүрлі себептерге байланысты хатқа түспей, кешіккен тақырып еді. Соның сәті бүгін туып тұрған сияқты.

2019 жылдың көктемі. Қытайда саяси лагерьлердің аты шығып тұрған уақыт. Бүкіл әлем адамзатқа жасалған геноцидке қарсы үн қатып жатқан-ды. Қытай басшысы әлем алдында ақталғысы келіп, дүниежүзінің бірнеше елінен қырық шақты журналист шақыртыпты. Арасында алпауыт елдер бар. АҚШ пен Ресейден, Араб әмірліктерінен, Түркия мен Индиядан, Ұлыбритания мен Еуропадан, Орталық Азия елдерінен барған тілшілер де жүр. Қазақстаннан екі журналист бардық: біреуі Қарлығаш есімді орыс газетінің тілшісі, екіншісі осы жазбаның авторы мен, Жарас Кемелжан.

Жоспар бойынша, ең алдымен, Үрімжідегі ислам институты мен жергілікті ұйғыр театрларын, ұйғырдың ескі ауыл-қыстақтарын араладық. Халықпен кездестік, сөйлестік. Ол бөлек әңгіме...

Негізгі жоспар, Оңтүстік Шыңжаң өлкесі екенін сапарға шығардың алдында бағдарламадан көріп алғанбыз. Сапарымыздың екінші күні шетелдік журналистер мінген алып ұшақ Үрімжіден көтерілді. Алқара аспанды тіліп отырып, Тәңір тауын көлденең кесіп, екі сағатқа жуық ұшып, Қашқария даласына қондық. Қашқария деп қазіргі Қашқар қаласын ғана емес, байырғы ұлы Қашқарияны айтып отырмын. Оның құрамына бұрынғы Шығыс Түркістан республикасының оңтүстік аймағы түгел кіреді. Шоқан Уәлихановтың жолжазбасында айтылатын Алтышәрдің бірі – Ақсу қаласына тоқтадық. Жыл он екі ай Такламакан шөлінен ұшқан құм күн көзін көрсетпейді. Қапырық ыстық, қаңсыған дала.

Ақсуға қонған күні-ақ бізге тілмаш болып жүрген Ли деген қытай шал мен Зумырат есімді ұйғыр келіншектің мазасын ала бастадым. «Қазақстаннан келіп тұрып, қазақ көрмей кетемін бе? Мені қалай да бір қазақпен кездестіріңіздер!» деп қоймадым. Қашқарияда қызмет бабымен жүрген біреу болмаса, бұл өлкеден қазақ кездестіру – «теңізден тебен іздегенмен» бірдей шаруа екенін іштей сезем ғой. Бір апта жүрдік. Алтышәрдің бәрін аралау үшін жолаушыларды екі топқа бөлді. Біздің топ Ақсу мен Хотанға бардық. Оны таратып айтып жатудың қажеті жоқ мұнда...

Сапарымыздың соңғы күні түскі астың үстінде әлгі тілмаш шал аяғының ұшымен келіп, қолымды қысты.

– Кешке дайын болыңыз. Бір кісімен кездесесіз – деді, қысқа қайырып. Ол кім, қандай адам, деп әңгімені созғым келмеді. Кім болса да, бір қазақпен кездесетінімді сезіп, іштей қобалжи бастадым.

Күннің қызуы қайтқан уақыт. Ақсудан батысқа қарай созылған шағыл құм арасындағы тақтайдай, тасжолмен ұшып келеміз. Біздің көлікте Ли мен Зумырат және қала әкімі Жаң деген ханзу әйел. Екінші машинада Бейжіңнен келген үш адам: екі ер, бір әйел. Олардың қызметі шетелден келген журналистерді бақылап жүру сияқты. Артық сөз, қиғаш қылықтарын байқатпайды: сауысқандай сақ, киіктей сергек. Ақсудың әйел әкімі ұйғырша судай ағып тұр. Қырғызстаннан барған Азамат Иманбаев екеумізбен бір апта бойы ұйғырша сөйлесіп жүрді. Оңаша көлікке мінгенде, Қазақстан туралы көбірек сұрай бастады.

– Қазақстандықтардың жұңголықтарға (қытайлықтар) деген көзқарасы соншалық керемет емес көрінеді? Біз көрші елміз. Бізді географиялық, экономикалық, саяси, көптеген себептер байланыстырады – деп, біраз «лекция» оқып келеді. Бір жағынан, менің ойымды, көзқарасымды білгісі келген болса керек. Тамырымды басқан түрі ғой.

Бір сағаттай жүрген соң, құм арасындағы жап-жасыл ауылдың үстінен түстік. «Құмбас» деген қышлақ – деді, әкім әйел құм төбеден құлдилап келе жатқанымызда. Ауылдың тарихын, қай ұлт өкілдері тұратынын, қандай кәсіппен айналысатындарын айтып отыр. Жүргізуші құм ішіндегі жап-жасыл қыстақтың ортасындағы жалғыз көшемен тартып отырып, ең соңғы екі қабатты үйдің алдына тоқтадық. Күтіп тұрған бірнеше адам жүгіріп-жүгіріп шықсын. Ауыл әкімдері мен ақсақалдар, жастар жүр. Өң-қалпеттері қырғызға да, ұйғырға да ұқсайды. Үй ауласы атшаптырым екен. Ұзындығы 200 метрдей жүзімдіктің астында үлкен тапшан тұр. Тапшанға дастархан жайып қойыпты. Төрінде ақ сақалы кеудесін жапқан, оюлы шапан киген әппақ қария. Басында қазақша ою-өрнек салған тақия. Қақпа алдынан күтіп ала алмағанына ыңғайсызданғанын білдіріп, әкім әйелге екі аяғынан жүре алмайтынын айтып жатыр. Дауысымды созып «Ассалаумағалейкүм, ата!» деп амандастым, тапшанға тізе бүгіп жатып. Қария қолымды алып, қасынан орын берді. Дастархан басына жайғастық. Содан кейін үлкен кісі маған бір, әкімге бір қарады. Жаң ханым қарияның сұрағын көзінен түсінді-ау деймін:

– Әубәкір ата, бұл бала сонау Қазақстаннан келіпті. Сізбен таныссам, сәлем берсем, – деп қоймады – деп, сөзінің артын әзілге айналдырған болды. «Қазақстаннан» деген сөзді естіген ақсақал «құлағым жаңсақ шалып қалды ма» деді ме, қайталап сұрады. Әкім тағы айтты. Оң жақ тізесін басып отырған маған денесін жартылай бұрып: «Қазақстаннансың ба?» – деді сұраулы жүзбен. Тілі қазақшадан гөрі қырғызшаға жақын. – Иә, қария, Қазақстаннан, Алматы деген қаладан келдім, – дедім. Ақсақалдың жүзіне қызылкүрең қан жүгірсін. Көңілі босап, көзіне жас үйірілгендей болды. Сосын, отырған орнынан қозғалып, бар денесімен маған бұрылды. Жүзіме қарайды, қолымды қысады. Маңдайымнан иіскеді. Алқымына өксік тығылып тұрғаны анық, сөйлей алмады қыстығып. Бізді Бейжіңнен келген «құлақтар» мен Ақсудан бірге еріп шыққан «көздер» қаумалап қарап тұр. Жарты сағатқа ғана рұқсатымыз бар. Оны жолда әкімнің өзі ескерткен. Сөзсуыртпақтап отыруға мұрша кәні, әңгімені төтесінен бастадым.

– Ата, бұл жаққа жұмыс бабымен келіп қалып едім. Бір қазақпен кездесіп, танысып, әңгімелесіп кетсем деп, мына кісілерді бір аптадан бері мазалағам. Бұлар мені дедектетіп, сізге алып келді, міне! Сіздің кім екеніңізді, бұл аймаққа қалай келгеніңізді білмеймін. Тіпті әкімдеріңіздің өзі де ешнәрсе айтқан жоқ. Өзіңіз айтсын деген шығар? – дедім, сөз салмағын қарияға аударып. Әубәкір ата әлі өз-өзіне келе алмай, сасып-пысып отыр. Содан кейін Ақсудан келген әйел әкім мен әлгі қыстақтың басшысы екеуі ұйғыршалап қарияға біраз «лекция» оқыды. Бір кезде Әубәкір ата дайынмын дегендей, ишара берсін. Қалың «көздер» мен «құлақтар» қоршап тұрғанда, әңгіме қайдан оңсын?! Жарты сағаттық сұхбатымызды жазсам, жарты беттен асар-аспас, бірақ әңгіменің негізгі жүлгесін алдым. Соған да шүкір! Енді соны өрбітейін.

– Қарағанды деген жерде өмірге келіппін. Биыл 89 жастамын, – деп бастады қария сөзін. 1928 жылы туғанын іштей есептеп қойдым. Әубәкір атаның әңгімесіне қарағанда, 1932 жылғы ашаршылықта Арқадан ауған қазақтармен бірге Қырғызстанға өтіп, одан тұрақ таппай, Қашқар асыпты. – Көп дүние жадымнан өшіп барады. Ашаршылықтың қатты жүргенін білемін. Адамдар тамақ таппай, қырылып жатты. Күз айы еді. Бір күні таңғы елең-алаңда әкем жалғыз қара биені ерттеп, ағам Ербатыр екеумізді мінгестірді. Өзі биені жетектеп, шешем бір қоржынды мойнына салып, жүріп кеттік. Түндігі ашылмай тігулі үй, жиюлы жүк қалды. Қайда барамыз, кімдерді паналап барамыз, деген сұрақ болмады. Әкемнің жүзі еміс-еміс есімде: түсі суық, жалпақ, қараторы адам еді. Жолда біз сияқты арып-ашқандар көп болды. Құлап жатқандары да баршылық: тірісі қайсы, өлісі қайсы – айырып болмайсың. Біреуге біреу қарайтын уақыт па? Қанша күн, қанша түн жүрдік. Оның бірі есімде емес. Ел көзіне түспей, таң жарығымен, ала-көлеңке кештерде ғана жүріп отырғанымызды білемін. Кейін шешем айтқан, жадымда қалған естеліктермен ғана өмір сүрдім – деп, шал бір тыныстады.

– Бұл жаққа қалай жетіп жүрсіздер? – дедім, шалды асықтырып, әңгімесі аяқталмай қалмасын деген ой ғой.

– Қырғызстан арқылы өтіппіз. Әкем қырғызға жетпей, көз жұмды. Сарысу деген өзен жағасына жеткенде, жүре алмай қалды. Кейін шешем айтады: «Әкең қуырылған талқанды балаларым жесін деп, жолбойы топырақты суға шылап жей беріп еді, ажалы содан болды ма?» дейтін. Әкеміздің хәлі кетіп қалғанда, шешем астымыздағы қара биені жарып жейміз деді. Бірақ шалы көнбеді. Екеуі құшақтасып ұзақ жылады. Сосын, марқұм анам бізді биеге мінгестірді де, әкеммен қоштастырып, ары қарай жүріп кеттік. Әкем сол жерде құбылаға қарап отырған күйі қалды. Баламыз ғой. Қайтып баратын шығармыз деп ойладық. Сөйтсек, әкемізбен біржола қоштасқан екенбіз...

Шай қойып жүрген бірлі-жарым әйелдер қарияның әңгімесіне көңілдері босап, жылап-сықтап, орамалдарының ұшымен көздерін сүртіп жатыр. Шал тісін-тісіне басып отыр. Көңілі бір босап кетсе, ағыл-тегіл ақтарылғалы тұрғанын айнала жұрт аңдап отқандай. Бұрын-соңды мұндай тағдырлы әңгіме естімегендер ұйып қалыпты. Шалдың қырғызша аралас қазақшасын әлгі әйел әкім бейжіңдік қонақтарға сөзбе-сөз аударып отыр.

– Шешеңіз мықты адам сияқты? – дедім, қарияның әңгімесін жалғағым келіп.

– Адамның асылы еді – деді, көз ұяшығын қолының сыртымен сүртіп. – Ол да жолда өліп қалатын еді. Өлімнен емес, біздің жетім қалуымыздан қорықты. Сол үшін де ажалмен ерегесіп бақты. Қырғызстанға қалай өткенімізді білмеймін. Кейін шешем марқұм қырғызға ауған қазақтармен бірге Қызылсуға (Оңтүстік Шыңжаңдағы Қызылсу қырғыз автономиялы облысы) келгенімізді айтатын. Өйткені Қырғызстанда да бізге тыныштық болмаған көрінеді. Қызылсуға жеткен соң, шешем бас құрады. Өгей әкеміз жылқы бағатын бір көзі соқыр қырғыз шал еді. Марқұм анам бізді аман алып қалу үшін сол адамға тиді. Өмірінің соңына дейін бізді жеткізу үшін бейнет шекті. Қырғыз әкемізден бала сүйген жоқ. Ағам Ербатыр екеуміз жылқы бағып жүріп ержеттік. Шешем бізді шапанын сатып оқытты. Жиырма жылдың алдында анамыз тоқсан жасында менің қолымда қайтыс болды. Бейнетінің зейнетін көрді. Ағам 5 жыл бұрын қайтты. Екеуіміз де Қызылсудағы қырғыздардың қызын алдық. Үш ұлды ұяға, екі қызды қияға қондырдым. Ағамның да бала-шағасы осы аймақта өсіп-өніп жатыр. Тіліміз қазақша шыққанымен, ортамыз қырғыздар мен ұйғырлар болды.

– Бұл жаққа бірге өткен қазақтар қайда? Бәрі кейін көшіп кетті ме, әлде сіздер сияқты осы аймаққа сіңіп кетті ме? – деп сұрады әйел әкім ұйғыршалап.

– Олардың бәрін кейін Совет қайтарып алыпты. Біз бала болдық, жетім болдық. Ол жағын анық білмеймін. Шешем солай айтатын. Біздің елмен бірге кетпей қалған себебіміз, қырғыз әкеміз қыста құмда, жазда тауда елден саяқ жүретін адам еді. Елдегі жағдайлардан хабарсыз болдық. Солай осы жақта қалып қойдық. Анамыз туған жерін, қазақтарды қатты сағынатын! Бір ауылға қазақ келіпті деп естісе, түн жамылса да барып, көрісіп, жөн сұрасып, қайтушы еді. Бұл жаққа көбінде Іле, Алтай, Тарбағатай, Үрімжі жақтың қазақтары келіп кететін. Қарамайдың мұнайшы қазақтары да соғып тұрды. Шешем солардың бәрін үйге шақырып, жайылып жастық болушы еді. Ал олар қалың қазақтың ішінде жүрген соң ба, шешемнің сағынышын түсінбейтіндей көрінуші еді. Ал біз шауып баратындай, жақын жер емес. Ақсу қайда, Алтай қайда: арасы алты айлық жол...

Әубәкір ақсақалдың толқып отырып айтқан ұйғырша-қырғызша әңгімесінен түсінгенім осы. Қызылсу қырғыз автономиялы облысында ержетіп, кейін жұмыс бабымен Ақсуға қоныс аударыпты. Қызылсуды атақоныс, қырғыздарды бауыр-туыс көретінін әңгімесінен аңғардым. Зейнетке шыққан соң, қалада отыра алмай, кенже ұлы мен келінін алып, құм арасындағы осы шағын қыстақтан қоражай салыпты. Азын-аулақ қой-ешкі ұстап, бие байлайды екен. Қайда жүрсе де қазақтығын ұмытпаған қарияға іштей хош көңілмен: «Қымызыңыз балдай екен», дедім бір кесе салқын қымызды тартып жіберіп.

– Шешем жарықтықтың қымызы бөлек еді – деді ақсақал.

– Қазақстанды көргіңіз келмей ме? – деп сұрадым. Ақсақал терең күрсініп: «Кенже ұлдан басқа балаларымның бәрі мемлекеттік қызметте. Қазақ екендерін де ұмытқан. Оның үстіне, Қазақстанмен ешқандай қарым-қатынасымыз жоқ. Туыс-туғандарымызды да білмеймін. Қаусаған мені кім күтіп тұр онда?» – деді. Ары қарай сұрақ қойып, мазалаудың қажеті шамалы екенін түсіндім де, қарияға ықылас жасатып, орнымыздан қозғалдық.

Әубәкір атаны ұлы мен немересі сүйеп, қақпа алдына алып шықты. Көкжиек алқызыл түске боялып тағы бір кеш батып бара жатыр. Ақ сақалы кеудесін жапқан әппақ шал бізді шығарып салып тұр. Жұрт көліктеріне міне бастады. Шал мені құшақтап, қоштасып жатып: «Арғынның қаракесек деген руынан боламын. Біздің ағайындардың жұрты Жаңаарқа деген жер екен. Біреулерден естіп едім. Жаңаарқаны көрдің бе, балам, қандай жер?» – деп сұрады, қасымыздағылар естіп қоймасын дегендей бәсең үнмен.

– Жердің жұмағы, қымыздың отаны – дедім. Қария көзіне жас алды. Сақалының ұшы дірілдеп: «Сәлем айт, еліме!» деді, қолымды қысып...

Сапардан келе сала, Әубәкір ата туралы жазайын деп қанша оқталдым, бірақ қарияға, бала-шағасына кесірім тиіп кете ме деп, жазған дүниемді жариялауға асықпадым. Сөйтіп жүргенде, міне, төрт жыл аунапты. Қашқардағы қазақ қазір бар ма, жоқ па? Арқаны аңсаған Әубәкір ата сияқты ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары тағы қай елде: қай құмды, қай сайды паналап жүр екен?!                    

Тегтер: қуғын сүргін репрессия ақтау

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 09:25
Өскеменде аутизмге шалдыққан бала жоғалып кетті
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 12:52
Алматыда 18 жастағы жігіт туған әжесін өлтіріп, үйін өртеп кеткен
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 09:04
Алматыда 60 адам Оңтүстік Кореяға барамыз деп алданып қалды
Бифат ЕЛТАЕВА 11.08.2022, 09:02
Жастар жұмыссыз қалмауы тиіс
Сайт әкімшілігі 10.08.2022, 18:37
Қостанай облысында жоғалған қыздың денесі өзеннен табылды
Сайт әкімшілігі 10.08.2022, 15:50
Қостанайда жоғалған 5 жасар қыз әлі табылмады

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49