Қазақстан мәдениетін өзгертетін көшпелі көрме

Әділ АҚЫЛБАЙ

19.05.2022, 09:01

1217

Алматыда 13-15 мамыр күндері Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Өнер сананы өзгертеді» атты жылжымалы көрме өтті.

Көрме аясында «Өркендеу жолы» деген жоба таныстырылды. Бұл атау кездейсоқ емес, өйткені бұл дүниеде бәрі де жолмен басталып, жолмен аяқталады, дейді жобаның идеялық жетекшісі әрі қазақстандық белгілі суретші Армат Бектас. Автор ретіндегі Армат Бектас бейнелеу өнері арқылы қоғамның, мәдениеттің қарым-қатынасын және ұлттық идеяның қалыптасуын жаңаша түсіндіруімен танымал тұлға.

– Мен Кандинский мен Пикассоның жұмыстарын зерттедім, олардың барлығы да өздерінің абстрактылық жұмыстарының рухани байланысын іздеген. Мен оларды зерттеуді жалғастырып, өз жұмыстарыма, символдарым мен таңбаларыма рухани өзек жүргіздім. Менің жұмыстарымнан әрбір конфессияның немесе этностың өкілі өзінің рухани символын көреді, өнерді өзі арқылы танып, өзгереді. Осыған мен Sal Seri галереясындағы өз шәкірттеріме де үйретемін. Түрлі мамандық адамдары өзінің шығармашылық әлеуетін аша алады, кез келген адам сурет салуды үйрене алады. Және бұл үшін 10-15 жыл оқу міндетті де емес. Өмірде өтіп жатқандарға көз жүгірте келіп түйгенім, сурет салатын адам – әрқашан да жасампаз, ол ештеңені бүлдірмейді дегім келеді, дейді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Армат Бектас.

Көрмені ұйымдастырушы – QazaqGeography республикалық қоғамдық бірлестігінің қолдауымен білек сыбана іске кіріскен астаналық Sal Seriкөркемсурет галереясы. Ал көрменің «Өнер сананы өзгертеді» деп аталуына шабыт берген қазақтың ұлы өнер қайраткерлері, біртуар дарабоздары – Бұқар жырау, Ақан сері және Ақтанберді дейді ұйымдастырушылар.

Көрмеге 16 автор қатысты. Бірақ олардың көпшілігі кәсіби суретшілер емес, олар – Армат Бектастың шәкірттері еді. Көрменің алдында суретшілер QazaqGeography республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Шарын шатқалында пленэр өткізді. Сырға толы табиғат көріністерінен шабыт алған суретшілер бірнеше туынды жазды, олар да осы көрмеден орын алды.

– Біз ұлттық саябақтарда экотуризмді дамыту үшін жұмыс істеп жатырмыз және біздің ойымызша, өнер қазақстандықтардың табиғатты қорғау проблемасына назарын аударуға, экологияға және бірегей табиғат орындарына ұқыпты қарау туралы ойлануға ынталандырудың тамаша мүмкіндігі, – дейді QazaqGeography қоғамының басқарма төрағасы Орман Нұрбаев.

– Өнер деген өзіңді-өзіңе әкелетін бір тылсым жол екен. Меніңше, осындай теңеу дәл келеді. Мен өзім Бутан корольдігіндегі «Жолбарыстың ұясы» ғибадатханасында болғаннан кейін сурет сала бастадым. Алматыға қайтып келген соң сурет салуды жайлап қолға алдым, содан бері жеті жыл өтіп кетіпті. Мен өмірімде 25 елде болдым, соның ішінде бойымдағы өзгеру тұрғысынан алғанда, Бутанның орны айрықша. Сондықтан менің картиналарымның алғашқы коллекциясы Гималайға арналды. Рерихтің жолымен жүрсем деген ниет туып, болып, алғашқы картиналарым соның жұмыстарының көшірмесі болды. Біртіндеп өз стиліме келдім, осылайша менің өз картиналарым пайда болды, – дейді суретші Эльмира Қандықбаева.

Көрмеге «Абстракция» және «Реализм» жанрларында 44 кескіндеме қойылыпты. Олардың бәрі де өнер мамандары тарапынан жоғары бағаланды.

– Армат Бектастың шәкірттері әртүрлі болғанымен, оларды өздерінің кескіндемеге деген энтузиазмы мен сүйіспеншілігі біріктіріп тұр. Мұның бәрі олардың жұмыстарынан көрінеді. Эльмира Қандықбаеваның «Киелі Гималай» сериясындағы кейде өзіне тән жарқын, мәнерлі, анық көрінетін жағынды фактурасынан немесе Айнар Қанапиянованың «Қожа Ахмет Ясауи мешіті» пейзажындағы жайдары жазғы күнді берудің нәзік колористік шешіміндегі шығармаларынан табуға болады, – дейді белгілі өнертанушы әрі Семейдегі Невзоровтар отбасы атындағы музейдің директоры Татьяна Костромская.

– Кескіндемеге біздің көпшілігіміз жасымыз толған, есейген шағымызда келдік және біз өнердің көркемсуреттік біліммен өлшенбейтін рухани болмысы, ішкі қажеттілік сияқты адамның өзін көрсететін табиғи қажеттілігі екенін өз жұмыстарымызбен көрсеткіміз келді. Сондықтан да біздің көрме кез келген жастағы адамның өз мақсатына жете алатынының жарқын мысалы, – дейді Эльмира Қандықбаева.

«Өнер сананы өзгертеді» көшпелі көрмесі әлі Қазақстанның бес қаласында көрсетіледі. Бұған дейін суретшілердің жұмыстары Нұр-Сұлтанда, Семейдегі Невзоровтар отбасы музейінде қойылған болатын. Келесі баратын жер Шымкенттегі қазіргі заман өнер музейі. Көрменің қорытындысы бойынша көрмеге қатысушылар Өзбекстанда гранд-пленэр өткізуді жоспарлап қойыпты.

Тегтер: мәдениет руханият көрме

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ 24.06.2022, 16:20
Балабақшаларды лицензиялау керек пе?
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 24.06.2022, 10:43
«Халыққа қайтарылсын!»
Ғаният НАСЫРОВ 23.06.2022, 10:20
Күйіп тұрған киік мәселесі
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 22.06.2022, 13:20
Қарқаралы, Бұхар жырау, Осакаров аудандарында дала өрті өршіп тұр
Бифат ЕЛТАЕВА 21.06.2022, 15:10
Өзіңді сергек сезінгің келсе...
Айнұр ӘЛИ 21.06.2022, 13:50
Қаңғыбас итте қорған бар. Адамда ше?

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33