23.01.2023, 15:11
1032
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров қазақстандықтар «алтын үшбұрышта» еңбек құлдығынан қалай шыққанын айтты, — деп хабарлайды Жас Алаш Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап,
«Бұған дейін айтқанымдай, қазақстандықтар Оңтүстік-Шығыс Азияда еңбек құлдығына түсіп жатады. Соның ішінде үш мемлекет — Таиланд, Мьянма және Лаос шекарасы „үшбұрыш“ деп аталады. Жақсы жаңалық бар. Кейінгі аптада сол жерде болған екі жігіт жақында ғана аман-есен үйіне оралды, тиісті жұмыстар жүргізілді.
Бұл жігіттер өздеріне назар аударылғанын қаламайды. Олар өздеріне не болғанын әлі түсіне алмай жатыр. Жаман кинодағыдай болады. Туыстары Сыртқы істер министрлігі арқылы журналистерден оларды мазаламаса деп өтініп жатыр», — деді Смадияров СІМ-де өткен брифингте.
Смадияров жігіттерге сол жердегі жергілікті тұрғын мен олардың жағдайына тап болған адамдарға көмектесумен айналысатын халықаралық үкіметтік емес ұйым көмектескенін айтты.
«Келесі күні кешке олардың тұтқыннан қашып құтылғаны туралы хабар алдық. Олар тұрған жерден жергілікті тұрғын шекарадан өтуге көмектесті. Әрине, ақылы. Хабар алғаннан кейін оқшау, қауіпсіз жерде жасырыну керегін айттық және оларға халықаралық үкіметтік емес ұйымның қызметкерін жібердік. Ол қазақстандықтарды қаладан шығарып, қонақүйде жасырды. Бангкоктағы консул түнде көлікпен шығып, оларға барып, бірден Бангкокқа жеткізді», — деді СІМ өкілі.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР