Семей полицейлерінің «алтын дәуірі» аяқталды (видео)

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

15.03.2021, 18:26

3363

Саунада «сайран салып», әлеуметтік желіні шулатқан семейлік полицейлердің шектен шыққан әрекеті өткен аптадағы тосын оқиғаға астар болмай қалды. Нұр-Сұлтан қаласынан жедел жеткен ҰҚК-нің арнайы операциясы нәтижесінде бірнеше жылдар бойы алтын саудасымен айналысып келген қылмыстық топтың ісі әшкере болды. Анығына көшсек, алтын көрсе жолдан таятын періштелер емес, полицейлер екен. «Атың шықпаса, жер өртенің» керін келтірген погондылардың Семейден 60 шақырым жерден өндірілетін ресейлік компанияның басқаруындағы кен орнынан алтын ұрлауы расында да таңдай қақтыратын жағдай. Онсыз да «қызыл жағалы» көрсе теріс айналатын қоғам үшін олардың ұйымдасқан қылмыспен айналысқаны полицияға деген сетінеген сенімді күлге айналдырыды десек, артық болмас.

   Наурыз айының 12-і күні екі автобус болып еш ескертусіз келген арнайы жасақ өкілдері  «алтынның буымен» ауырғандарға қатысы бар Алматы, Павлодар және Семей қалалары бойынша 16 күдіктіні қолға түсіргені белгілі.

ҚР ҰҚК ресми өкіл Әркен Әбдіғали БАҚ өкілдеріне растап берген ақпаратқа сүйенсек, бір мезетте төрт қаладан ұсталған погонды «періштелерден» алтын құймалары, байланыс құралдарымен қоса миллиондаған қаражат табылған жайы бар. Онысы өз алдына қылмыстық істерін жасыру мақсатында адам ұрлау, бопсалау, кісі өлтіруге оқталу сияқты криминалдық сериалға бергісіз оқиғалары бірінен-бірі өтеді.  

Екінің бірінің әңгімесіне айналған семейлік полицейлерге қатысты істің түбі олардың «отпен ойнап» келгенін көрсететін де сыңайы бар. «Суздаль» кен орынан («Алель» компаниясының аты аталады) бір айда 400 миллион теңгеге бағаланатын алтын кеніне тұмсығын тыққандардың ішінде қашып жүрген екеуі бар. Журналистерге әзірге құзырлы орган тарапынан нақты, ресми ақпарат алу да оңайға түспей отыр.

Дегенмен, тап сол күннің ертеңінде –ақ «Zoloto084» деген атпен әлеуметтік желіде әлдекімдердің ашық хаты тарап кетті. Елбасы Н. Назарбаевқа, Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевқа, Үкімет басшысы А. Мәминге, ҚР ҰҚК төрағасы К. Мәсімовке, ҚР ІІМ министрі Е. Тұрғымбаевқа, Бас прокурор А. Нұрдәулетовке бағыттаған бұл хат анонимді түрде болғанымен, біраз жайдан хабар бергендей. Мына бір үзіндісін қаз-қалпында берелік:

«Қалада бардак құрылуда, 70% — ы осы тұлғалар тобына жатады, соңғы 3-5 жыл ішінде қала олардың бақылауында, тау-кен компаниялары, соның ішінде тонна алтынмен ұрланып жатқан РФ NORD GOLD ФИК алел (суздальский кеніші) тау-кен компаниялары бар. Сондай-ақ оларға Нұр-сұлтан қаласында 20 пәтер тиесілі» делінген.

   Сонымен қатар, бүгінгі уақытта Семейдің басты сауда нысандары, мейрамханаларының иелері де құзырлы органда жүрген «дөкейлер» екендігі айтылған. Атап айтқанда, «Көктем» сауда үйі, «Шығыс» базары, «Алтын орда» кешені, «Регистан» кешені, «Пихта» монша кешені сияқты Семей ішінде аты дүркіреп тұрғандардың артында құзырлы органдарда бұрын және қазір де істеп жүрген полиция формасын киіп, погонын таққан «жарты патшалар» отырғаны да мәлімделген.

Түптеп келгенде, бұл операцияның алдағы уақытта әлі де талай былықтарды әшкерелейтіні анық. ҰҚК тарапынан келген жедел топтың әрекеті талай «дөкейлердің» атын шығаратын болса, Шығыс өңірдегі ішкі істер саласын басқаруға және қызмет етуге сырттан «десант» төгілетіні де анық байқалып тұр.

Тегтер: полиция жауапкершілік әкім. облыс

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 29.11.2021, 09:04
Ақмола облысында спирт зауытының 200 адамы жұмыссыз қалды (видео)
Сайт әкімшілігі 24.11.2021, 11:30
Үш баламен терезеден секірген әйелдің ата-енесі келіні жайлы айтты (видео)
Сайт әкімшілігі 22.11.2021, 09:24
Коронавирусқа қарсы ревакцинация басталды
Сайт әкімшілігі 08.11.2021, 10:50
#Qazaqstan30: Алматы облысы індеттің алдын алуда алда келеді
Сайт әкімшілігі 08.11.2021, 09:05
Ақтауда жойқын жарылыс (видео)
Сайт әкімшілігі 28.10.2021, 08:45
Пенжім ауылындағы жаппай төбелес (видео)

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14