Соғыстан қайтқан солдаттар

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ

09.05.2022, 07:25

1121

        Екінші дүниежүзілік соғыс 1418 күнге созылып, адамзат баласына ұмытылмас қайғы-қасірет әкелді. Бұл соғысқа – 1,7 миллиард халқы бар дүниежүзінің 61 мемлекеті, әлем халқының 80 пайызы қатысты.

        Соғыс алаңы 40 мемлекеттің аумағында жүріп, 110 миллион адам әскер қатарына алынды, 60 миллион адам қаза тауып, туған жеріне оралмады, оның 27 миллионы КСРО азаматтары еді.

        Отанын қорғауға Қазақстаннан 1 миллион 366 мың адам қатысып, оның 410 мыңнан астамы қаза тапты. Облысымыздан бұл соғысқа 70 мыңнан астам адам қатысып, оның 30 мыңнан астамы соғыста қаза болып, хат-хабарсыз кетті.

        Жерлестеріміз ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, Отан алдындағы парыздарын адал атқарды. Қызылордалық 21 жауынгер Кеңес одағының батыры атанып, 2 жауынгер Данқ орденінің толық кавалері атағына ие болды. Жиырма мыңнан астам қызылордалық жауынгерлер орден, медальдармен наградталды. Уақыт алға жылжыған сайын Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ерлік істері еске түскен кезде, олардың шоқтығы биіктей, қадір-қасиеті арта түседі. Түйіндеп келгенде мұның барлығы жас ұрпақ тәрбиесіне қызмет жасайтын болады. Сондай ұмытылмас тұлғаның бірі – майдангер Болтай Тасыбаев болатын.

        Халықтың соғыстан шеккен зардабына жазушылар роман арнады, ақындар жыр отын лаулатты. Қазақтың көрнекті ақыны Сырбай Мәуленовтың мына бір өлең жолдарын еске алайықшы:

                                        Жаутаңдап қарап дала тұр,

                                        Көз жасын сүртіп жаңа бір.

                                        Хабарсыз ұлын сұрауға

                                        Жолыңды тосып ана жүр.

                                        Қанша үйдің ұрлап адамын,

                                        Қанша үйде сөніп қалды оттар.

                                        Көрдің бе ұлын ананың,

                                        Соғыстан қайтқан солдаттар.

                                        Кешікпей жарым келер деп,

                                        Төрінен сайлап орынды.

                                        Батысқа қарап елеңдеп,

                                        Ару жүр тосып жолыңды.

                                        Көтерді бәрін ауырдың,

                                        Азамат болып арды ақтар.

                                        Көрдің бе жарын арудың,

                                        Соғыстан қайтқан солдаттар.

        1941 жылдың 22 маусымындағы неміс-фашист әскерлерінің кеңестер одағына шабуылын Литва республикасының Шығыс Пруссиямен шекарасындағы бірінші сағатында кескілескен шайқаспен қарсы алып, қан майданның бел ортасында жүріп, Берлинге дейін барып, елге аман-есен жеңіспен соғыстан қайтқан солдаттардың бірі – Болтай Тасыбаев ағамыз еді. Ендігі әңгімеміз сол жайлы болмақ.

II

        Ол осыдан жүз жыл бұрын кедей шаруаның отбасында дүниеге келген еді. Ол кезде сол заманның тілімен айтқанда Октябрь революциясының шұғыласы әлемді дүр сілкіндірген кез болатын. Содан әкесі Тасыбай мен шешесі Бибіханша жаңадан ұйымдасқан «Қызыл орақ» деп аталатын колхозда алғашқы мүшелердің бірі болып кірді. Колхоз бұрынғы Тереңөзек, қазіргі Сырдария ауданының орталығынан қашықтығы екі километр жерде, өзінде мектеп те жоқ еді. Балалар аудан орталығындағы жеті жылдық мектепке жаяу қатынап оқитын.

        «Ол күндердің қиындығы мен қызығы өз алдына бір тарих», – дейтін  Болтай аға,  сонау жылдары кездесіп әңгімелескенімізде. Содан бері де 15 жылдай уақыт өтіпті. Ол кез Ұлы жеңістің 60 жылдығын атап өткен 2005 жыл болатын. Болтай Тасыбаев солдаттық жолы сонау 1939 жылы туысқан Белорусь жерінде басталып, Берлинді жеңіспен алғанға дейін созылыпты. Өз сөзімен айтқанда:

— Сонымен, мен 1939 жылы қараша  айының  аяғында  Батыс

Белоруссиядағы Гродно қаласында орналасқан II армияның қамтуындағы байланыс батальонының морзист-радистер дайындайтын бөліміне жасақталындым. Бұл курсты 1940 жылы мамыр айында ойдағыдай аяқтап, аға сержант деген шен алып, взвод командирінің жәрдемшісі болып, әскери борышымды атқаруды онан әрі жалғастырдым.

        1940 жылы маусым айында II армия штабы қарауындағы әскери құрылымдарымен Литва Республикасының шекарасынан өтіп, сол кездегі Литваның астанасы Каунас қаласына орналасты. Мен мұнда морзистер кезекшілігін басқардым.

        1941 жылы наурыз айында аға фельдегерлікке тағайындалдым. Қарамағымда бронемашина, оның жүргізушісі және пулеметші болды. Міндетіміз: армия штабынан құпия құжаттарды әскери бөлімшелерге апарып тапсырып, олардан сондай құжаттарды алып қайту.

        Жаудың күшімен сол кездегі Кеңес одағының қарулы күштері тең емес-ті. Қызыл әскерлер жауға соққы бере отырып, Кеңес жерін, оның көптеген ауылдары мен қалаларын тастап, шығысқа қарай жоспарлы түрде шегінумен болды. Соғыстың он бесінші күні, Ресейдің батысындағы Новгород, Старая Русса, Холм, Великие Луки қалаларының маңында қорғаныс шебін жасап, неміс-фашист әскерлерінің алға жылжуын тоқтаттық. Осы қалаларда өтетін Ловать өзенінің Батыс жағалауында жау әскерлері қорғанысқа көшті. Бұл майдан Солтүстік-Батыс майданы деп аталды.

         1942 жылдың күзінде II армия Брянск майданына, 1943 жылы бірінші Белоруссия майданына, сол жылы қазанда бірінші Украина майданына ауыстырылды. Бұл майдандардың әскери құрамында жүріп мен Ресейдің көп облыстарын, Белоруссия, Украинаны жаудан азат ету шайқастарына қатыстым. Бірсыпыра Еуропа елдерін дәлірек айтқанда: Польша, Чехословакия, Австрия жерлерінен фашистерді қуып шығып, олардың халықтарын басқыншылардан азат еттік.

        1945 жылы неміс фашистерін өз жатағында талқандап сөзсіз тізе бүктіру жорығына қатысып, соғысты Германияның ірі өндірістік қаласы Бреслауды қоршаумен аяқтадық. Қазір ол қала Броцслав Польшаға берілген, – деп аяқтады әңгімесін Бөкең.

Қан майданның қақ ортасында жүріп, 1942 жылы партия қатарына өткен. Елімізді фашист басқыншыларынан азат етудегі ерліктері үшін бірінші, екінші дәрежелі Отан соғысының ордендерімен, екі рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен және сегіз медальмен наградталған.

        Естен кетпес тағы бір оқиға Болтай Тасыбаев ағамыз 1945 жылғы Мәскеу қаласында өткен Жеңіс парадына қатысыпты. Ол жайлы әңгімені кезінде ағамыздың өз аузынан естіген едік. Енді соны қағаз бетіне түсіргенімізде былайша баяндалар еді:

— Жеңіс парады Мәскеу қаласында 1945 жылы 24 маусымда өтті. Мен бұл парадқа бірінші Украина майданының құрама полкінің қатарында қатыстым. Парадты маршал К.К.Рокоссовский көріп шығып, парад жүруге дайын деп маршал Жуковке рапорт берді. Қызыл алаңға К.К.Рокоссовский де, Жуков та екеуі де бірдей ақ боз атқа мініп шықты. Рапортты қабылдап алғаннан кейін маршал Жуков трибунаға шығып, Сталиннің жанына барып, құттықтау сөз сөйледі. Кейбіреулер «өткен күнде белгі жоқ» дейді. Ол бекер өткен күнде белгі бар, – деді ардагер ағамыз.

         Иә, өткенді ұмытуға болмайды, ұмыта алмайды да. Өйткені бірінен-бірі ұласқан жылдар тізбегі көп жайттарға сын көзімен қарайды. Нәтижесінде көп адамдарды қайта тануға тура келеді. Солардың бірі – біз әңгіме етіп отырған 2013 жылдың 19 қаңтарында дүниеден өткен Болтай Тасыбаев сынды ел ағасы.                     

VI

          Айта берсе әңгіме көп. Алайда алдыңғы буын ағалар жайлы сыр шерту ертеңге ескерткіш. Осындай жазбалар көп болса өткен өмірдің белестерінен бүгінгі ұрпақ, қала берді келешек ұрпақ көп нәрседен хабардар болары анық. Себеп мұндай жазбалар да өз кезеңінің, өз дәуірінің лебі, азаматтарының тұлғасы, ұлттың исі аңқып тұрады.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 11:45
Әйелімен араздасқан қостанайлық 9-қабаттан секірмек болған
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 08:39
Атырауда екінші қабаттан құлаған екі жасар баланың жағдай ауыр
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 08:33
Алматыда бес су тасқыны тіркелді
Бифат ЕЛТАЕВА 19.05.2022, 18:28
Балаларды дамыту және мемлекеттің қолдауы
Әділ АҚЫЛБАЙ 19.05.2022, 09:01
Қазақстан мәдениетін өзгертетін көшпелі көрме
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 17.05.2022, 15:09
Сот жүйесінде оң өзгеріс көп

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56