Төрімізге шықса да, төбемізге шықпасын (видео)

Қазақ тілін қорлағандар жазасыз қалмасын

Бифат ЕЛТАЕВА

25.10.2022, 06:39

842

Өз елімізде қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, өз тұғырына қондыру мақсатында күресіп келе жатқанымызға біраз болды. Нәтижесі де жоқ емес. Дегенмен өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақтың елінде, жерінде жүріп нан тапқанымен, қазақ тіліне әлі де немқұрайлы, қажетсіз тіл ретінде қарайтыны да өтірік емес.

Бұған дәлел ретінде бірнеше компаниялар мен халық көп тұтынатын ірі ресторандар мен дүкендер желілерін талдап, санамалап айтып бере аламыз. Бірақ алдымен жақында ғана халықтың наразылығын тудырған Қазақстандағы ірі компаниялардың бірі «Чоколайфтың» иесі Рамиль  Мухоряповтың қызметкерлерімен өткізген тренингінде «Қазақ тілінде сөйлеп, орыс тілінде сөйлемеу біртүрлі күмәнді көрінеді. Әрі ұлтшылдықтың белгісі секілді. Ал қазақ тілінде жауап беру – мәдениетсіздік» деп, қымсынбастан, қорықпастан ана тілімізді таптап өтті.

Компания басшысы осылай деп тұрса, қарамағындағы қызметшілерінің қазақ тіліне деген құрметі қандай болмақ? Бірақ біздің қазақ бауырларымыз да қарап тұрмады, бір түнде, тіпті, 2 сағаттың ішінде ұялы телефондарынан «Чоколайф» қосымшасын өшіріп, Рамиль Мухоряповтың әлеуметтік жеке парақшасына  11 мыңнан аса шағым жазған. Бұл туралы «Дәулеттен» деген атпен танымал журналист Дәулет Төлеутайұлы жеке парақшасында «Компания бірнеше жыл елде жұмыс жасаса да, қазақ тілінде пост жазған емес. Кешегі шудан кейін бүгін басқаша сөйлеп, жыл соңына дейін барлығын қазақ тіліне аударамыз дейді. Санаулы сағаттар ішінде менің бірнеше оқырманым мобильді қосымшаны өшіріп тастады. Бір түнде Рамиль парақшасына 11 мыңнан аса пікір қалдырып үлгерді. Армияма мың алғыс. Олар бұл статистиканы да көріп отыр. Рамиль мырза, тұтынушыларыңыздан айырылып қалған қалай екен? Бұл үрдіс жалғаса берсе, банкрот боласыздар. Сондықтан бізбен, қазақ тілімен санасыңдар. Тілімізді сыйлаңдар. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Дәл солай Ата Заңымыз – Конституцияда айқын жазылған. Қазақтың ақшасын жақсы көретіндер қазақ тілін де жақсы көрсін. Қазақ тілінде қызмет көрсетсін», – деп арнайы пост жазды.

Ал тұтынушыларынан айырылып қалған Рамиль Мухоряпов артынша, халықтан «Choco – қазақстандық компания және біз қазақ тілін құрметтейміз!» деп кешірім сұрап, алғаш рет «Чоколайф» парақшасы өмірінде осы уақытқа дейін қолданбай келген, дұрысы менсінбей келген қазақ тілінде алғаш рет қызмет көрсете бастады. Бірақ Тіл ұлттың жанды жері болғандықтан, бұлай оңай кешіре салуға болмайды. Өйткені бүгінгі күні олар кешірім сұрағанымен, ертеңгі күні қайта баяғы әдетіне келмесіне кім кепіл?! Әрі тілді қорлағандарға қатаң жаза қолдансақ, басқа да кәсіпорындарға сабақ болар еді.

Ал тілді қорлағандардың жазасы қандай болу керек деген сұрақпен еліміздің белді журналисі Айбар Олжаев ең бірінші болып, прокуратураға арыз тастады. Бұл туралы журналистің өзі төмендегідей, пікірімен бөлісті.

— Кәсіпкердің сөзі Қылмыстық кодексінің 174-бабы, 1-тармағын, яғни заң нормасын бұза ма, жоқ па, соны анықтау үшін арыз бердім. Прокуратура 11 қарашаға дейін тексеріп, жауабын беруі тиіс. Егер кәсіпкердің заңды бұзғаны анықталса, әрі қарай прокуратураның өзі материалдар жинап, сараптама жасап, кәсіпкерді сотқа береді. Сот тараптардың дәлелін тыңдап, шешім шығарады. Яғни, барлық іске нүктені сот қояды.

Мұның жазасы – екі мыңнан жеті мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл, не екі жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыру. Прокуратура қылмыс белгілерін таппаса, ол нақты дәлелмен ресми жауап береді.

Кейбір әріптестер «сотқа берді» деп жатыр екен. Мен сотқа арыз берген жоқпын. Тек азаматтық құқығымды пайдаланып, белгіленген тәртіп бойынша прокуратураға арыз түсірдім. Рамиль Мухоряповтың кешірім сұраған видеосын көрдім. Бірақ факт тіркелгендіктен, оған деген біздің заң аясындағы тиісті реакциямыз да болуы тиіс, – дейді журналист Айбар Олжаев.

Одан бөлек, Еділ Жаңбыршин, Елдос Абақанов, Қайнар Абасов, Сырым Адамбаев, Әлия Әбсеметова, Жанарбек Әшімжанов, Ғалым Әміреев, Елнұр Бейсенбаев, Берік Дүйсенбиев, Ғазиз Құлахметов, Самат Мусабаев, Сәлімжан Нақпаев, Нұрлыбек Ожаев, Ләззат Рамазанова, Ерлан Саиров, Айдос Сарым, Жұлдыз Сүлейменова, Ғани Ташқараев, Мақпал Тәжмағанбетова, Дүйсенбай Тұрғанов бастаған Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің депуттаттары Қазақтан Республикасының Бас прокуроры Берік Ноғайұлына  қазақ тіліне қатысты пікір айтқан кәсіпкерді "Ұлтаралық араздықты қоздыру" қылмыстық бабы бойынша жауапқа тартуды сұрап арызданды.

Не дегенмен де, қазақтың нанын жеп, пайда тауып отырған компанияның біліп отырып,  өте өрескел қате жібергенін кешіруге болмайды. Сол себептен, «Чоконың» барлық қызметін өз еліміздегі қазақ тілі мен орыс тілінде қатар қызмет көрсетіп жатқан орталықтарға ауыстыруымыз шарт. Мәселен, телеграм арналарының ұсынысы бойынша Chocolife жүйесін BeSmart-қа,  Chokotravel әуе билеттерін Kaspi travel қосымшасына, Chocofood жеткізу қызметін Glovo, Wolt-қа, Chokomart.kz, Lensmark  интернет дүкендерін Kaspi.kz арқылы, iDoctor.kz дәрігерге жазылу қызметін Doq.kz сайтына көшіріп, аталмыш компанияға байкот жариялау керектігі жөнінде өтініштер келіп түскен. Әрине, бұл өтініш орындалмас бұрын, олардың да қазақ тілін қай деңгейде қолданатынына назар аударған жөн. Шындығында, қазақ тілі, орыс тілі деп бөлініп, саяси жекпе-жекке түсуіне жол бермеу жөнінде Мемлекет басшысы да өз үндеуінде айтып кеткен болатын-ды. Яғни, Мемлекет басшысы жолдауында «Қазақ тілін пайдаланып, саяси ойын жүргізудің қажеті жоқ. Осындай теріс түсініктер кейбір елдерді қасіретке ұшыратты. Мемлекет қазақ тілін қолдау үшін тиісті шаралар қолданып жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз. Өз тілімізді өзіміз ұлықтауымыз керек», деген болатын. Бірақ қазақ тілін саяси ойын жүргізуге қолданбаса да, ішінара жоғарыдағыдай, қазақ тілімен орыс тілінің арасындағы текетірестердің басылар түрі жоқ. Шыны керек, қалаға ауылдан келген, орыс тілін білмейтін қаракөздеріміз өзіне қажетті қызмет түрлерін орыс тілінде емес, өзіне түсінікті қазақ тілінде көрсетуін талап етеді. Әрине, қалтасынан ақша шығарып тұрған соң, сапалы зат алуы үшін өзіне түсінікті тілде сөйлесіп, қажетті қызметін алғысы келеді. Ал қазақ баласының қазақша сөйлеп, қазақ тілінде жауап беруін сұрағанын өзге ұлт өкілдері бірден «тілге бөлініп, ұлтараздық тудырып жатыр», деп шу шығарады. Шу шығаруына да жол жоқ. Себебі, бұл қазақ ұлтының мемлекеті. Әрі көпұлтты елміз деп, өзге тілде сөйлейтіндерге де кешіріммен қарап, тіпті, осы уақытқа дейін солардың ығына жығылып келдік. Алайда «сиыр сипағанды білмейді» дегеннің сиқы келіп, ана тілімізге деген құрмет көрсетілмей, менсінбейтіндер көбейді.

Ал енді жоғарыда «Чоколайфтан» бөлек, Қазақстанда қызмет көрсетпейтін кәсіпорындар мен дүкендерге тоқталсақ өте көп. Әсіресе, тілді менсінбейтін кәсіпорындардың көбі белді де беделді мекемелер. Біз осындай мекемелерді арнайы аралап, тексеріп те көрдік. Журналистік зерттеу нәтижесінде, қазақ тілінде мүлдем қызмет көрсетпейтін жерлердің қатарына Nedelka мен «Вилка» кафелері кіреді. Бұл кафелерде қазақ тілін қолданбақ түгілі, қазақ тілінде мәзір де жоқ. Даяшылары қазақша түсінбейді, түсінсе де сөйлемейді. «Неге қазақ тілінде қызмет көрсетпейсіздер?» десек, «Бізге келетін контингент көбінесе, орыс тілін қолданады», деп жауап берді. Әрине, орыс тілінде қызмет көрсетіп, қазақ тілін түсінбесе, орыс тілінде сөйлемегенде, қайтеді. Ал одан кейінгі орынды «Куликовский» кондитерлік дүкені алады. Ондағы қызмет көрсетушілер қазақстандық азаматтар «Сіз орысша түсінесіз, несіне мәселе шығарып тұрсыз», деп өзімізге шүйілікті. Қазақ тілінде сөйлейтіндерді менсінбейтіндердің қатарына «Бисквит» кондитерлік үйі де кіреді. Ал беделді саналатын, елдің бәрі ең күшті әтір сататын жер деп әспеттеп жүрген «Бьютимания», Cosmart, Mon Amie дүкендері сізге жаман көзбен қарасын десеңіз, қазақ тілінде сөйлесіп көріңіз. Тіпті, «қай жайлаудан адасып келдің? деп, бетіңізге түкіріп жіберуге дайын.

«Меломан», «Марвин» дүкендерінің кассирлері кассада тұрып, қазақ тіліндегі бір-екі, үш деген сөздерді білмейді. Білмейді емес, әй, білгісі де келмейді-ау. Қателіктерін айтсаң, қызметкерлері сүзіп алардай қарап өтеді.

Кафелерді қайта тізсек, «Ванилла» кафесі кезінде «қазақша мәзірді қоспаймыз», деп шу шығарған көрінеді. Кейіннен қазақ тілін әрең қосқанымен, әлі күнге қазақ тілінде қызмет көрсетуге даяр емес. Әрі әлеуметтік парақшалары «Чоколайф» секілді әлі күнге қазақ тілінде пост жазып көрмеген. Сондай-ақ жұрттың шулап, аспанға көтеріп мақтап жүрген, «Старбакс», «Кофе Бум», «Чечил» бар кафесінің кейбір филиалдарына кіргенде, қазақ тілі бар екенін ұмытасыз. Қызметкерлері қазақ тілінде сөйлемек түгілі, жай амандасып өтпейді.

Сонымен қатар, «Мечта», ресейлік «Фикспрайс» дүкендері мен сән салондарының барлығы дерлік қазақ тілінде қызмет көрсетпейтіндердің санатында. Бұларды тізе берсек, өте көп. Бірақ бұл кәсіпорындардың барлығы да «Чоколайф» өз жазасын алса, тәртіпке келер деп сенеміз. Дегенмен билік құптамай, бәрі бос нәрсе. Ал кешірім сұрап құтылу, өткінші жаңбыр сыңайлы. Бүгін кешірім сұрайды, уақытша өзгереді. Кейін қайта «Баяғы жартас – сол жартастың» кебіне түспесіне кім кепіл?! Сондай-ақ көпұлтты мемлекет деген түсінікті де жою керек. Себебі, әлемде бізден басқа көпұлтты мемлекет көп, ал екі тілді мемлекет жоқ. Бір сөзбен айтқанда, өзгелерді құрметтеп, төрімізге шығарсақ та, төбемізге шығармауға тиіспіз.

Тегтер: тіл мемлекеттік тіл мәселе латын әліпбиі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 09:17
Екібастұздың жылусыз қалғанына кім кінәлі? (видео)
Сайт әкімшілігі 29.11.2022, 12:04
Өскемен жылу электр орталығының жұмысы да сыр берді (видео)
Сайт әкімшілігі 29.11.2022, 09:05
Екібастұзда не болып жатыр? (видео)
Сайт әкімшілігі 28.11.2022, 09:23
Атырауда жайылымға мұнай төгілген (видео)
Сайт әкімшілігі 25.11.2022, 17:14
«Қазфосфат» кеніштеріндегі наразылық: компания басшылығы пікір білдірді (видео)
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 25.11.2022, 13:05
Қарағандыда жол апатынан бір адам қаза тапты (видео)

Аңдатпа


  • Бүгін Екібастұз. Ертең қай қала?
    09:00
  • Хрущев салған үйлерді Досаев жаңғырта ала ма?!
    08:57
  • Қазақтың құны: тазыдан төмен, төбеттен сорлы
    08:52
  • Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
    01.12.2022, 09:06
  • Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
    01.12.2022, 08:59