Үржарлық дәрігерлер Жұмахановтан жауап күтіп жүр (видео)

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

05.01.2021, 09:41

7642

       Өткен жылдың қараша айында Үржар аудандық ауруханасынан шу шығып, 13 медициналық қызметкер осы аурухананың бас дәрігері Баубек Абылқасымовпен бұдан әрі бірге жұмыс істеуден бас тартатыны жайлы мәлімдеген болатын. Уатсап әлеуметтік желісі арқылы тарап кеткен үржарлық ақхалаттылардың жанайқайы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жайық Жұмахановтың да жарғақ құлағын жастыққа тигізбей, (анығында, жұмысына кіріскеніне апта өтпей жатып) дереу Үржарға аттануына түрткі болған еді. Бұл туралы «Жас Алаштың» сайтында құлағдар еткен болатынбыз.

Сонымен, 600-дей адам қызмет істейтін аудандық ауруханаға жедел жеткен Ж.Жұмаханов шағымданушылардың әрқайсымен Абылқасымовпен не себепті бірге жұмыс істегісі келмейтіні туралы наразылықтарын тыңдап қана қоймай, арнайы келген комиссияның қорытындысы шыққанша сабыр сақтауын өтінген екен. Обалы қане, наразы дәрігерлер ақыр соңын күтетінін, әлеуметтік желіге де, БАҚ өкілдеріне де сұхбат бермейтінін айтып, «тыныш жүруге» келісім берген. Сол кезде орын алған жайға байланысты Үржар ауданына арнайы барған сапарымыздың бос жүріс болғаны да соның айқын дәлелі.

       Ал осыдан бірер күн бұрын комиссия қорытындысын күтіп, шыдамы таусылған дәрігерлер «Жас Алаштың» шығыстағы қосынына арнайы хабарласып, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жайық Жұмахановтың атына жазылған кезекті арызын жолдай отырып, 10 күн ішінде шешім шықпаса, 15 қаңтардан бастап 78 адамның жұмыстан шығуға мәжбүр болатыны туралы қолдарын қойып тұрып мәлімдеді. Алдымен арыздан үзіндіні сөзбе-сөз келтірелік. «...Өзіңіздің айтуыңызша, арыз түскеннен бастап, бір айдың ішінде шешім қабылдануы керек болатын. Сонымен қатар аудан әкімі екеуіңіз (Үржар ауданының әкімі Н.Тоқсейітовті айтады – авт.) медицина қызметкерлерінен бұдан ары тынышталуды, әлеуметтік желіге видео, басқа да ақпараттарды салмауды сұрағансыздар. Сізді және аудан әкімін сыйлағандықтан, медицина қызметкерлері тарапынан ондай әрекеттер сол күннен бастап тоқтады. Ешқандай әрекет әлеуметтік желіге салынбады. Бірақ Б.Абылқасымов тарапынан ондай әрекеттер өте көп орын алды, әлеуметтік желілерде түрлі видеолар, ақпараттар салып, туған-туыстарын, басқа да медицина қызметкерлерін, тіпті Үржар ауданына қатысы жоқ, басқа ауданның медицина қызметкерлерінің бізге қарсы шыққан видеоүндеулері әлеуметтік желіде толып жүр», – делінген шағымда басшыларының намысқа тиетін сөздер айтатыны да сөз болған.

       Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Үржар ауданына арнайы келіп кеткен соң, бір комиссия артынша аудиттық тексеру жібергенімен, Ж.Жұмахановтың қандай шешімге келгені сол күйі жұмбақ болып тұр. Осы арызға қол қойғандардың бірі, хирург Айдын Тілеуханұлы 2019 жылдың тамыз айында әлдебір тексеру комиссиясын «күтіп жіберу үшін» өзінің жеке есепшотына бас дәрігердің тапсырмасымен әлдебір жақтан 100 мың теңге қаражат түсіртіп, артынша кадр бөлімінің басшысы арқылы Абылқасымов өзіне қайтартып алғанын айтады. «Мен арызда айтылған жайларға қол қойғанымды толықтай растап бере аламын», – дейді А.Тілеуханұлы.

       Тағы бір шағымданушы – Көкөзек ауылының  учаскелік дәрігері Алмагүл Берікқазықызына хабарласқанымызда, Үржар аудандық ауруханасында Абылқасымов келгелі сын көтермейтін ауыр ахуал қалыптасқанына көзіміз жете түскендей болды.

— Мен алдында осы аурухананың терапия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүргенмін. Бұл кісі 2018 жылы ақпан айында ауысып келді. Жұмысымды ойдағыдай атқаруға еш мүмкіндік бермеді. Қит етсе кабинетіне шақырып, ұсақ-түйектің бәрін сұрап, жеке бас проблемама дейін тексеріп ығыр қылды. Содан өткен жылдың қаңтар айының басында шақырып алды да, Көкөзек ауылының учаскелік дәрігері болып ауысатынымды айтты. Менің келісімімді сұраған да жоқ. «Барып істей аласыз ба?» деуіне де болатын еді ғой. Оның себебін түсінгендей болдым. Өйткені Баубек Абылқасымов ешқандай жанашыры жоқ, кімнің жақыны бар ма, жоқ па, бәрін әлдекімдерден сырттай сұрап біліп алады да, соңына түседі. Маған «сен ауырып жүр дейді ғой, қалаға барып қайтайық» дегенге дейін барды. Ондай жағдайларды осындағы мейірбике, басқа да мамандардан ести бастадым. Біріне-бірі айтады. Осыдан кейін моральдық тұрғыдан оны басшылыққа лайық дей аламыз ба?! Күні кеше аудандық ауруханаға облыстан жедел жәрдем, реаномобиль көліктері келді. Мен істейтін Көкөзекке бұған дейін екі рет жөндеуден өткен ескі «таблетканы» бөлді. Жақсы делік, қолда бармен жүреміз. Ал оны ауылға басқа адам айдап келді. Тіпті кілтін тапсырарда учаскелік дәрігер ретінде шақырған да жоқ. Енді көлік бергенін ескеріп, шақыртуларға шығайын деген оймен жүргізушіме қоңырау шалсам, көліктің құжаты әлі толық  рәсімделмепті. Яғни жүргізушіме әлі бұйрық шығарған жоқ. Онысы өз алдына, маған таңдалған жүргізуші ІІІ топтағы мүгедек. Ескі машина сынбай тұрмайды, оны ол жөндей ала ма, жоқ па, оны да ескеріп жатқан ешкім жоқ, – деп күйінді Алмагүл Берікқазықызы.

      Учаскелік дәрігердің айтуынша, жоғарыда баяндалған жайлардан арнайы келіп кеткен комиссия толықтай хабардар екен. Алайда жауап жоқ. Қызық болғанда, нүктесі әлі күнге дейін қойылмай, биылға жалғасқан дауға қарамастан, бас дәрігер Баубек Абылқасымов облыстық мәслихатқа кандидат ретінде тіркеліп, жұртпен кездесуді бастап кетіпті. Бұл туралы ол әлеуметтік желіде бейнежазбаларын таратып жатыр. Ұжымда орын алған жағдайға байланысты хабарласқанымызда, арызда көрсетілген жайларды түгелдей теріске шығаруға тырысты.

       – Мен шағым жазғандардың әрқайсымен сөйлесіп шықтым. Көбі жастар, арыздың мәтінімен таныспаған. «Сізге өкпе-ренішіміз жоқ» дейді. Тіпті онысын жазбаша жазғандары да бар, – деген бас дәрігер ол қағаздар  кабинетінде қалып қойғандықтан, кімдер екенін алдағы уақытта көрсетіп бере алатынымен түсіндіре келіп, 100 мың теңгеден «комиссия күтуге» ешқандай қаражат сұратпағанын мәлімдеді. «Екі жарым жылдан бері жұмыс істеп келемін, бір тиын комиссияға ақша жинатып көргенім жоқ. Халықтың алдында, мекеменің алдында бетім ашық. Кез келген органның алдында дәлелдей аламын», – дейді Б.Абылқасымов.

       Ал жыл соңында ауданға келген медициналық көліктердің ауылдық жерлерге жіберілмеуін былайша түсіндірді.

— Бұл «Газель» маркалы автокөліктер ауылдық жерлерге жарамсыз. Тек 103-тің қызметін атқаруға ғана жарамды. Үш реаномобильдің екеуі 20 мыңдай халқы бар Үржар аудандық ауруханасына берілді. Біреуін Таскескенге бөлдік. Көкөзек сияқты үнемі жел соғып тұратын ауылға келмейді. Өйткені алдыңғы дөңгелегі істемейді. Дегенмен Көкөзектің халқы қазір менен машина сұрап жүр. Сонымен, Бекен ақсақал бастаған ауыл ағаларының сұрауымен төрт дөңгелегі де айналатын, биыл көктемде ғана әкелінген сары «таблетканы»  осы ауылға бердік, – деген ол учаскелік дәрігер А.Берікқазықызының жоғарыда айтқан сөзімен келіспейтінін білдірді. Айтуынша, ол терапия бөлімінің меңгерушілігінен өз еркімен кетіп, кейін «Саят» отбасылық амбулаториясында істеп жүріп, Көкөзек ауылына өз өтінішімен ауысқан. Яғни оның мәжбүрлеп жібергені жөнінде айтқаны шындыққа жанаспайтын көрінеді.

        Бас дәрігер Б.Абылқасымов ұжымдағы қолайсыз жағдай одан ары жалғаса беретін болса, түсінісе алмаған адамдарымен заң шеңберінде сөйлесуге дайын екенін жасырған жоқ. Тіпті бұл туралы ақпарат жариялаған БАҚ-ты, блогерлерді жауапкершілікке тартатынын айтып, сес көрсетіп қойды. Сөзіне сенсек, аудан медицинасын, аурухананың жағдайын жақсарту жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргенде арыз-шағымдардың түсе беруі ісіне кедергі келтіретініне қарамастан, ұжымды бірлікке шақыруға бірнеше рет әрекеттенген. Гиппократ антын берген дәрігер болғандықтан, халықты пандемия қыспағынан алып шығуға жұмыс істеу қажеттігін түсіндірген. Ал қазір алдағы сайлау кезеңі жақын тұрғанда мұндай келеңсіздіктің ақырын күте тұруына тура келген жайы бар.

      Жалпы, Үржар аудандық ауруханасындағы ахуал алдағы уақытта әлі де сан тақырыпқа жүк болары даусыз. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жайық Жұмаханов жағдайдың жай-жапсарын жақсы білгенімен, комиссия қорытындысының жауабын жолдауға бір айдан бері неге асықпай отырғаны жұмбақ болып тұр. «Жас Алаш» газеті бұдан кейінгі мәселені алдағы күндерде де жалғастыратын болады.

  

Тегтер: медицина біліктілік. коронавирус індет қауіп қатер

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 04.03.2021, 16:44
Коронавирус гүл арқылы жұға ма, министрлік түсінік берді (видео)
Сайт әкімшілігі 26.02.2021, 10:12
Арыс қаласында оқушылар арасындағы әскери байқау жаппай төбелеспен аяқталды
Сайт әкімшілігі 19.02.2021, 09:56
Қызылордада үй өртеніп бесіктегі сәби қаза болды (видео)
Сайт әкімшілігі 17.02.2021, 10:10
Пандемиядан кейін жеті жылдан ес жиямыз (видео)
Сайт әкімшілігі 15.02.2021, 12:15
Алматы облысында жол апатынан жеті адам қайтыс болды (видео)
Сайт әкімшілігі 08.02.2021, 12:28
Қостанайлық автобус жүргізушілері наразылыққа шықты (видео)

Аңдатпа


  • "Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
    05.03.2021, 16:25
  • Қарағандыдағы үш газет қазақшаға қалқан бола ма?
    05.03.2021, 13:12
  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    04.03.2021, 10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44