Жарты мүшелі жан жұртқа жігер беріп отыр (видео)

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

29.09.2020, 10:22

5129

      Осокаров ауданында тұратын Тәубехан Оңалханның  екі аяғы  мен бір қолы бүтіндей жоқ. Тумысынан   кеміс болып дүниеге келген жан небары үш саусағымен өмірдің  ырқын бағындырып келеді. Аядай ауылдың әр үйінен Тәубехан шебердің қолтаңбасын кездестіруге болады.  Темірді кесіп, ағаштан  жонып жасаған  бірегей бұйымдардың бағасы сауда нарығында  тоқтаусыз  қымбаттап отырады. Тәубешіл Тәубехан қай кезде де барды қанағат етіп, өз нарығын  тепе-теңдікте ұстаудан тайған емес.

   – «Қазақтың жаны – дастархан» деген сөздің жаны бар. Ауылдастарым көбіне-көп дөңгелек жер үстелге тапсырыс береді. Ағаштан жасалатын ауқымы үлкен қазақы үстелді  бір-екі айдың шамасында жасап беремін. Құнын 5000 теңгеге бағалаймын.  Бастапқы   бағадан таймай келемін. Барға қанағат ету – бабамнан қалған қағида, бойға сіңген қасиет, – дейді қажырлы қандасымыз.

     Жанкешті жанның жан жарасын еңбекке деген құштарлық  жеңіп шықты. Бүгінде бауырымен бір шаңырақтың астында жарасымды күй кешуде.  Інісі пәтерінің бір бөлмесін асыл ағасының  шеберханасына айналдырып берген.  Жәрдем беретін жақындары жанында.  Бауырының балалары ақкөңіл  аталарының қас-қабағын бағып бәйек болып жүр.  «Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген халық мақалы Тәубеханға арнап айтылғандай.  Кейіпкеріміздің  балалық шағы мұңға толы болған. Құрбыларымен доп қуып, асық ойнап, асыр салмады.  Көптің  көзінен таса жүрді,  жұрттың назарына түсіп қалса  қымсынып, ұяттан өртеніп, кемістігін ойлап,  уайым кешкен.  Тұла бойын бүккен осынау  қара түнектен әке-шешесі аман алып шыққан.  Ата-анасы: «Жаратқан жарық дүниеге әкелген пендесін өмірдің соқпағына тастамайды.  Қайратын жасытпай,  сынақта  сынбай,  сабырлық танытқан жігіттің жұлдызы жанады», – деп ақыл  айтып, санасына тоқып отырды.  Әке-шешесінің семсердей сөзі  ақылы тоғысқан өреннің  санасын торлап алады,  өмірге құштарлығын жаныды.  Кейін имандылық ілімімен сусындағанда жақындарының  сөзі  алдынан шығып, мақсатын  бекемдей түсті.

      Мүмкіндігі шектеулі Тәубехан бастауыш сыныпта мектепке  барып, білім алды.  Әкесінен ұсталық кәсіпті үйренді.  Иілуге келмейтін саусағын ерен еңбектің арқасында икемге келтірді.  Бұған  сезімталдық қасиеті де  сеп болған көрінеді.

  – Бойымдағы бұл қасиет  қолөнер кәсібіне бет бұрған шақта пайда болды. Көзбен көріп,  жадыма тоқыған нәрсені қолға алғанда дауыстап  ән айтып отырып  тындырамын.  Әсем ән менің шабытымның қуаты екенін  түсіндім.  Осындай көңіл күймен  көңілге қонымды көп-көрім дүние жасап шығарамын, – деген ісмер азамат бізге сырын ақтарды.

      Жүзінен жылы леп есіп тұратын Тәубехан Оңалханның өнерде өрісі кең.  Қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын жадына тоқып өскен. Аудандық көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі.  Халық әндерін сырлы баянға салып, сызылтып шырқайды. Шахмат пен дойбыдан өтетін аудандық жарыста  талай рет қарсыластарын ойсырата жеңіп, жеңісті бағындырып келеді.  «Өмірдің өзі ақ пен қара алмасқан күрестен тұрады. Ұлы шайқаста рухы мықты жандар өзгелерге  үміт  сәулесін  сыйлайды», – дейді  ол.  

      Біз Тәубеханның шаңырағынан шыққанда  кеш түсті.  Ауыл  аспанынан  сәулесін  молынан  төгіп  тұрған  бір жұлдызды көрдік. Сол зор сәуле Тәубеханның тілеуіне ұқсады.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 15:16
Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
Сайт әкімшілігі 12.10.2020, 11:59
Тойға жиналған 500 адам тексерушілерге қарсы шықты (видео)
Сайт әкімшілігі 02.10.2020, 15:49
Полиция инспекторы 72 жастағы қарияны өрттен құтқарды
Сайт әкімшілігі 30.09.2020, 16:14
Құс тұмауы: ауру құстардың еті дүкен сөрелерінен шықпасына кім кепіл? (видео)
Сайт әкімшілігі 24.09.2020, 10:32
Білмейміз Шәкәрімге кім келгенін (видео)
Сайт әкімшілігі 23.09.2020, 13:32
Той тойлағандар тексеру келгенде терезеден қашты (видео)

Аңдатпа


  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38