Жол саламыз деп ор қазды (видео)

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

17.09.2020, 09:51

1407

       Қарқаралы ауданының Қасым ауылдық округіне қарасты Талды ауылындағы  көлік жолының тозығы жеткеніне 20  жылдан асқан. Жыл басында «жолды жөндеуге қаржы бөлініпті» деген сүйінші хабарды естігенде, мұндағы қараша бөркін  аспанға атардай қуанған. Бірақ  елдің шаттығы ұзаққа созылмай, орта жолда сап тыйылды. Халыққа дем берген думанның бұлайша  су сепкендей басылуының себебі не?

                                 Қайран қаржы қайда кетті?

        Қарқаралы–Талды ауылының арасындағы көлік жолы 35 шақырымды құрайды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, азып-тозған автомобиль жолдары өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері бірде-бір рет жөндеу көрмеген. Осы мақсатқа былтыр аудандық бюджеттен орташа жөндеуге 816 986 млн теңге бөлінген. Үстіміздегі жылы мемлекеттік сатып алу жөніндегі комиссиясы көлік жолын түзеуге тендер жариялаған болатын. «Жер астынан жік шықты» демекші, мердігерлер 10 шақырымды жөндеп біткенде, асфальт төсендісі  ойдым-ойдым шұңқырға айналып, үстіңгі қабаты сыпырылып түсіп қалды. Бүгінге дейін  барлығы 30  шақырым жолға асфальт  салынған.  Алайда оның сан соқтыратын тұстары жеткілікті.  Соған қарағанда жасалған жұмыстан ешқандай нәтиже шықпайды. Ең өкініштісі,  қазынадан бөлінген қаржының құрдымға кеткені жанға батады.

Сапа сын көтермейді

      Жол сапасын зерттейтін мамандар ауылға бір емес, бірнеше рет келіп, сынақ алып кеткен. Зертханалық  тексеріс нәтижесіне сәйкес, қадау-қадау  кемшіліктер табылған. Ескертуді хаттамаға енгізіп, Қарқаралы аудандық әкімдігіне жіберген. Олар осы мазмұндағы хатты бес мәрте жолдаған.

    – Талды ауылының халқымен қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз. Біз тұрғылықты  белсенділерді өзімізбен бірге ертіп жүріп, асфальт төселген жолдың әр жерін бұрғылау әдісімен ойып алдық. Зертханалық сынаманы  жол технологиясының талабы негізінде үш тарап талапқа сүйеніп жүргіземіз. Біздің қорытындымыз бойынша, Қарқаралы–Талды көлік жолы екі тараптағы  талапты орындамай отыр. Бір ғана мысал келтірейік,  жол технологиясына сәйкес, суық аймаққа қиыршық тасты-мастикты асфальтбетон жамылғысы төселу керек. Жөндеу жұмысы барысында бұл мәселе мүлдем  ескерілмеген. Оның үстіне қолданылған материалдардың сапасы сын көтермейді – дейді Қарағанды облысы бойынша «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» ШЖҚ РМК-нің  жол  инженері  Асхат Шахаев.

    Осы саланың  жұмыс  сапасына жауап беретін мамандардың мәлімдеуінше, асфальтбетон төсеу  міндеті аса жоғары талап пен жауапкершілікті қажет етеді. Олай болмаған жағдайда  жүргізуші мен жолаушының өміріне қауіп тудырады.  Ең абзалы, жөнделетін жолдың  және сол өңірдің  климаттық ерекшелігі, жер бедері, грунтты геологиялық жағдайы және  топырағының құрамын ескеру керек.  

                                  Сметалық құжатта  шикілік көп

    Кінәні мердігер компанияға сілтеу негізсіз. Шағым айтушы тараптардың да уәжі осыған саяды. Барлық гәп құжаттың асығыс яки дайындықсыз әзірленуінде болып тұр. Соған қарағанда тапсырыс беруші Қарқаралы аудандық әкімдігінде осы істің  тетігін білетін білікті маман жоққа ұқсайды. Әуелде жұрт жиылып, мердігерлер алдына барғанда,  компания  өкілдері  мән-жайды анықтауға келуші тараптың алдына жөн-жосықсыз жасалған жобалық құжатты жайып салған. «Содан бері аяғымызды  тарттық» дейді ауыл тұрғындары. Ереже бойынша, жөндеу жасалатын жолдың  жобалық-сметалық құжаты  автомобиль комитетінің  ведомствоаралық комиссияның сараптамасына жіберіліп, құпталуы қажет.  Алайда аудандық әкімдік бұл ағаттыққа жол берсе керек.       

Жауапкершіліктен жалтарды

     Осы мәселеге тікелей жауапты Қарқаралы ауданы әкімінің коммуналдық шаруашылық жөніндегі орынбасары Айдар Мұқановқа хабарласқанымызда, жиналыста отырғанын айтып жақауратты. «Басқосу біткен соң, міндетті түрде қоңырау шаламын» деп уәде берген еді. Алайда ол  жігіттік сөзінде тұрмады. Күн ұзаққа телефонын көтермей, діңкемізді құртып тынды.

Халық ашуын тыяр емес

         Қасым ауылдық округінің әкімі Манарбек Қабиев алғашқы күні телефон тұтқасын көтермей, ертеңінде өзі хабарласты. Ол халықтың үнін аудан әкімі Елдар Дүйсетаевқа жеткізіп, елдің басын қосып, өкілмен  төрт мәрте  кездесу ұйымдастырған.  Айтуынша, Елдар Серікұлы орын алған түйткілді шешуді орынбасары Айдар  Мұқановқа тапсырған. Бастығынан тапсырма алған  атқамінер азамат ауылдықтармен оқтын-оқтын кездесіп, мінді түзетеміз деп, сөз берумен шектеліп жүрген көрінеді.  Қалай болғанда да, күрмеуі қиын мәселе қазір ушығып тұр. «Ұрыста тұрыс жоқ» деген. Тығырыққа тірелген тұрғындар мұң-зарын айтып, әлеуметтік желіге таратуда. Күйінген қараша араша сұрап, облыс әкімі Жеңіс Қасымбекке, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ұлттық бюросының  Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Денис Шакеновке хат жолдаған. Шағым соңында жүрген тұрғын Әнуар Шәкәрімов жол мехнатынан жапа шегіп отырған жұрттың назын жіпке тізгендей баяндап берді.

    – Жерлестерімнің күнкөріс қамы, аудан мен ауылды байланыстыратын осы жол еді. Мұндағы халықтың көбі жұмыссыз болғандықтан, ел төрт түліктен алған өнімін аудан орталығына апарып сатып, ақша тауып жүрген жайы бар. Ойдымы шығып, орға айналған мынадай жолмен қайда барамыз, қайтіп жүреміз?  Енді шаңы бұрқырап, бетке ұратын  бұрынғы грейдер жолымызға жете алмай, жер сипап қалдық. Жұқпалы індет жағадан алып тұрғаны анау. Бар уайымымыз алда-жалда сырқаттанып қалсақ, жырым-жырымы шыққан жолмен жедел жәрдем қалай келеді? – деп қынжылысын білдірді  ауыл белсендісі.

     Сайып келгенде, жарамсыз жолдарды қайта қалыпқа келтіру үшін жергілікті биліктің жауапкершілігін арттыру қажет. Ол үшін облыстық өкілеттік органға өктем саясат ұстанған жөн.

 

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 15:16
Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
Сайт әкімшілігі 12.10.2020, 11:59
Тойға жиналған 500 адам тексерушілерге қарсы шықты (видео)
Сайт әкімшілігі 02.10.2020, 15:49
Полиция инспекторы 72 жастағы қарияны өрттен құтқарды
Сайт әкімшілігі 30.09.2020, 16:14
Құс тұмауы: ауру құстардың еті дүкен сөрелерінен шықпасына кім кепіл? (видео)
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 29.09.2020, 10:22
Жарты мүшелі жан жұртқа жігер беріп отыр (видео)
Сайт әкімшілігі 24.09.2020, 10:32
Білмейміз Шәкәрімге кім келгенін (видео)

Аңдатпа


  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38
  • Біржақты қарамайық...
    15.10.2020, 10:30
  • Жетім бала елге аманат
    13.10.2020, 10:33