Жұмахановтың жұмысы арыз тексеруден басталды (видео)

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

23.11.2020, 11:55

2719

   Шығыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне жайғасқанына аптадан енді асқан Жайық Жұмахановтың жұмысы арыз тексеруден басталды.

«Қызыл аймаққа» еніп, онсыз да COVID-19-дың «дене қызуы» 200-ге жуық немесе 200-ден астам адамдық көрсеткіштен түспей тұрғанда Үржар аудандық ауруханасынан шу шықты. Аурухананың бір топ ақ халаттылары бас дәрігері Баубек Абылқасымовпен бұдан ары қарай бірге жұмыс істеуден бас тартуға мәжбүр болып отыр. Олар сол тұрғыдағы наразылығын ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының атына жолдағаны өз алдына әлеуметтік желі арқылы бірауыздан «Баубек Абылқасымовпен жұмыс істеуден бас тартамыз» деп видеоүндеу де жариялап жіберді.

Ақпараттық технология күшіне еніп тұрғанда, олардың бұл жанайқайы жұрт арасында демде тарап, соңғы екі күнде қоғамдық резонанс туғызғаны рас. Инфекционист-дәрігер Нұргүл Шайхысіләмқызы, ревматолог Айгүл Мадиханова, реаниматолог-анестезиолог Марсель Әлиев, учаскелік терапевт Еркін Қайратқызы, врач-педиатр Сымбат Қалиева, реанимация қызметкері Болат Қапсаметұлы, акушер-гинеколог Ажар Бақытжанқызы, учаскелік дәрігер Роза Марлесқызы, дәрігер рентгенолог Айжан Толықбаева, мейірбике Гүлнұр Еңсегенқызы тағы да басқа бірнеше дәрігер видеоүндеу жолдап Баубек Шайзадаұлымен жұмыс істеуден бас тартуының өзіндік себептері бары түсінікті.

   Сол себептен де Жұмаханов бастаған комиссия кеше Үржар ауданына шұғыл аттанып, бүгін ұжыммен кездесіп, арызда көрсетілген жайларға тексеріс жүргізуге кірісті. Әріптестерінің наразы  әрекеті бас дәрігерді де жайына қалай қалдырсын, ол да бір топ жақтастарымен басқарма басшысына арыз  жолдап үлгеріпті.

Алдымен әлеуметтік желіде тарап кеткен наразы топтың Абылқасимовтың үстінен түсірген арызынан үзінді келтірейік:

«Б. Абылқасимов Үржар аудандық ауруханаға басшы болып келгелі екі жылдан астам уақыт өтті. Осы уақытта ол өзінің білімінің, адамгершілігінің, парасатының өте төмен адам екенін көрсетті. Аудандық аурухананы өзінің жекеменшік мекемесіндей сезініп, 600-ден астам адам жұмыс жасайтын аудандағы бірден бір үлкен мекеменің берекесін әбден кетірді. Басшылық жұмысына сын тұрмақ, пікір айтқан адамдар қудалауға ұшырауда» дей отырып алты фактінің тексерілуін сұрайды:

1. Учаскелік медицина қызметкерлеріне берілетін СКПН бірнеше ай болды берілмегелі, берген күннің өзінде заңсыз қиылды, қандай индикаторларға байланысты қиылғанын анықтау керек

2. Аурухананың басшылық құрамының, персоналды басқару бөлімі басшысының, есепшілердің еңбек ақылары, диф оплатасы тексеруді қажет етеді деп есептейміз

3. Аурухана психолог маманының ( басшының зайыбы) еңбекасы тексерілсін, себебі ол маман айлап, жылдап жұмыста мүлдем болмайды

4. Ақылы қызметтен түскен қаржының белгілі пайызы мамандарға қанша уақыт бойы төленбегені тексеруді қажет етеді

5. Жаз айларында аурухананың жұмысшылары, кіші буын қызметкерлері Абылкасимовтың Алаколдегі демалыс үйінде жұмыс істеді деген ақпарат бар, тексеруді қажет етеді

6. Алакөлдегі өзінің демалыс базасына аурухана жұмысшыларын демалысқа жіберу қаншалықты заңды екені тексерілсе...» делінген. Сонымен қатар, бас дәрігердің қарамағындағы әйел затын интимдік қызметке шақырғаны жөнінде сорақы жағдайлар да бар екенін алға тартады.

  Қызығы сол, қарамағындағылар облысқа үстінен шағымданып жатқанда Абылқасымов та қарап қалмапты. Алты мәселеге қатысты жауабына сүйенсек, СКПН қаражаттары толығымен төленген, персоналды басқару бөлімі басшысының есепшілердің еңбекақылары 1-С бухгалтерлік бағдарламасында көрсетілген, психолог маман Д. Аширбекова отбасы жағдайына байланысты 1 жыл көлемінде ақысыз демалыста болған, ол үшін еңбекақы төленбеген. Одан ары қарай ақылы қызметтен түскен қаражаттың 30 пайызы тиесілі мамандарға уақытылы төленіп, Алакөлдегі демалыс үйінің бас дәрігерге емес, жеке кәсіпкер Аширбековаға қарасты екені айтыла келіп, жаз кезінде Аширбекованың 72 дәрігерін өз қаражатына демалдырғаны баяндалған. Барлығы 61 адам жақтап қол қойған арызға сенер болсақ, Абылқасымовтың тарапынан мейірбикелерге, есепшілерге моральдық қысым көрсетілмеген. Жұбайы, Алтын алқа иегері Дана Қыздарбекқызы «отбасының шырқын бұзып, жалған ақпарат таратқан» қызметкерлердің үстінен құзыретті органдарға арыздану үстінде екен.

   Хош, делік. Бас дәрігер Б. Абылқасымов өзінің үстінен шағымданған наразы әріптестерінің түсірген арызына берген жауабы осылай болсын. Бірақ, осы тұста «психолог маман Д. Аширбекова мен жеке кәсіпкер Аширбекованың арасында әлдебір жақындық бар ма» деген сұрақ туады. 72 дәрігерді өз қаражатына алаңсыз демалуына мүмкіндік берген қандай жомарт жан?! Бұл сұрақтар Жайық Жұмаханов бастап келген тексеру комиссиясының назарынан да тыс қалмас.

   Үржар аудандық ауруханасындағы жағдайды жасырмастан жайып салған дәрігер Бейбіт Ғабдуллиннің айтуынша, жоғарыда аталған наразы дәрігерлер босқа шырылдап жүрген жоқ.

— Біз егер Абылқасымов дұрыс басшы болса, сау басымызға сақина тілеп, мынадай күрделі жағдайда елді дүрліктіріп неміз бар?! Оның істегендері әбден шектен шығып кетті. Жарылуға шақ қалдық. Аудандық әкімдікке де арыздандық. Арызда баяндалған жайларды ешкім жоққа шығара алмайды. Науқастардың жағдайын сұрап, мәселені назарға алып, тапсырма беру былай тұрсын, өзімбілермендігі мезі етті. Аудан басшылығы пандемия кезінде, алда сайлау келе жатқанда мұндай шағымдану жөнсіз екендігін айтып мәмілеге шақырды. Бірақ, Абылқасымовтың облыстық мәслихатқа түсіп жатқандығында шаруамыз жоқ. Бар ойымыз – өз құқығымызды қорғап мәселені біржақты ету,-дейді Б. Ғабдуллин.

Тегтер: медицина біліктілік. коронавирус індет қауіп қатер

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 19.01.2021, 10:30
"Сатаев - саудагер, бас серіктес - Райымқұлова"
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 14.01.2021, 11:41
«Әр таңымызды үреймен қарсы аламыз» (видео)
Сайт әкімшілігі 13.01.2021, 07:19
Садаға кеткен сайлау (видео)
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 05.01.2021, 09:41
Үржарлық дәрігерлер Жұмахановтан жауап күтіп жүр (видео)
Сайт әкімшілігі 25.12.2020, 12:57
Короновируспен күрескен дәрігерлер үш ай бойы жалақысын ала алмай жүр (видео)
Сайт әкімшілігі 23.12.2020, 09:20
Петропавл атауын өзгертуді талап еткен жастар петиция жолдады (видео)

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» – әділдіктің трибунасы
    13:59
  • Жәнібек пен Ордаға жол жететін күн бар ма?
    20.01.2021, 09:21
  • Шағаладай шарқ ұрған шақ
    20.01.2021, 09:32
  • "Сатаев - саудагер, бас серіктес - Райымқұлова"
    19.01.2021, 10:30
  • Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
    19.01.2021, 09:15