Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:05, 08 Сәуір 2024

Қиялдың мәңгілік сиқыры

Клайв Льюис
Фото: radiovera.ru

(Классикалық мифологиядан қазіргі теологияға дейін)

Британ аралдары. Ұзына созылған жағалау теңізден солықтай келіп қорық тастарға ұрылған мұхит шуылы естіледі, ақбас толқындар сұрғылт жартастарды ақжемін шығарып кеміруде... Ашулы толқындардан левиафанның өңешінен мүңкігендей қышқыл иіс бұрқырайды. Жаңа ғана жүздеген шақырымға бауырын төсей созылған «Хаар» тұманы мұхит жағалауына меңіреу патшалығын құра бастап еді. Мызғып кеткен Мананнан құдай ақ шымылдық тұманның астарын жұлқылай тартып, оған есірік жел мен дауылды қоса шақырды, боз тұманның тоз-тозын шығарып, алыс теңіздерге айдап, әлдеқайдан қорғасындай зілмауыр бұлттарды қуып әкелді. Күн күркіреп, найзағай жарқылдап, граупел бұршағы аралас суық, сүркейлі жаңбыр жауды... Мананнан құдай қайта мызғып кетіп еді, осының бәрін ұмыттырып, бұлттар айығып, күн шайдай ашылды, Виктория кезеңінің романтикалық бояуындай жарқ етіп, шаңырақтай доғаланған жеті бояулы сұлу кемпірқосақ британ мұхитының көкжиегінде балқып тұрды.

Тіпті осы сәтте әлдебір қамкөңіл балықшы Шотландияның солтүстігінен немесе Оркни аралдарынан солтүстік шұғыласын (аurora) көріп қалуы да мүмкін. Міне, бұл – бір күннің ішіндегі британ аралдарының күн райы, мінезі.

Британ аралдары жұртының әдеби ландшафты да оның күн райы сынды күрделі, құбылмалы болыпты. Клайв Стейплз Льюис дүниеге келмес бұрын 19 ғасыр аспанынан тырнадай тыраулап қаншама әдеби, мәдени оқиғалар өтпеді деңіз.

Ғасыр басында табиғатты, көңіл күйді, жеке тұлғаның қасиетін дәріптейтін әдеби, көркем ағым – романтизм қанатын жайды; Қорқынышты, жұмбақ, табиғаттан тыс элементтермен сипатталатын әлемнің есігін қағып, готикалық жанр мен Виктория дәуірінің көрнекті жазушылары келді; ренессансқа дейінгі орта ғасырлық өнер мен символизм тақырыптарын бейнелеп жүрген суретшілер май бояулы кенепке ықылас қоя үңілді. Ирландия 19 ғасырда ирланд тілін, мәдениетін, әдебиетін жандандыруға тырысқан «Ирландия әдеби жаңғыру» қозғалысын қолға алды; Шотландияда ғасыр соңында Шотландия ренессансына, әдебиетіне, галл тіліне деген қызығушылық жанданды, Уэльстегі жұрт валлий тіліндегі әдебиетке ұмсына қол созып, әдеби жаңғыру көңіл күйін басынан кешті; Діни-теологиялық қозғалыс – Оксфорд қозғалысы англиканизмнің католиктік тамырларын көрсетіп, Британ әдебиетіне интеллектуалдық, әдеби әсер жасады; Осыларға қоса индустрияландыру мен қалаласу салдарынан туындаған әлеуметтік, экономикалық мәселелер 19 ғасырдағы әдебиеттің үлкен тақырыптарына айналып үлгерді.

Кейіпкеріміз Клайв Стейплз Льюис мырза дәл осы қыз-қыз қайнаған ғасырдың соңғы жылдары 1898 жылы терістік Ирландияның Ольстер өлкесіндегі Белфаст қаласында дүние есігін ашты. Атасы 19 ғасыр ортасында Уэльстен Ирландияға көшіп келіпті, әкесі заңгер, анасы шіркеу қызметкерінің қызы болатын. Әрине, басқа балалар сияқты Льюис те бір жасқа келген жылы «шомылдыру» рәсімінен өтті.

Қара танып, кітаптарды ежіктей алатын болған сәттен бастап Льюис әкесінің бай кітапханасына сүңгіп кетті, ол жазушы Беатрис Поттердің кітаптарын сүйіп оқыды, антропоморфты жануарларға қызықты, ағасы екеуі жануарлар мекендейтін «Боксен» атты әлем бейнесін жасап, балалық шақтың бақытты күндерін кешіп жатты. Алайда тоғыз жасында анасы қатерлі ісік ауруынан қайтыс болады, әкесі оны Англияда ағасы оқып жатқан мектепке оқуға жібереді, көп ұзамай қайтып келген Льюис Белфастағы Кэмпбелл колледжінде бірнеше ай оқып, ол жерден денсаулығына байланысты кетіп қалады. Кейін ол Англияда Шербург дайындық мектебіне оқуға түседі, дәл осы кезде Льюис шоқынған дінін тастап, атеист болады, Еуропаның түрлі мифологиялары мен оккультизмге қызығады.

Льюис 1913 жылы қыркүйекте Малверн колледжіне оқуға түседі, онда бір маусым оқығаннан кейін Лурган колледжінің бұрынғы директоры У.Т. Киркпатриктен жеке оқи бастайды. Мектеп атаулыны тасқаяқтай қағыстырып жүрген Льюисті жазушы, сыншы және христиандық аполог ретінде танымал Киркпатрик «Ұлы кітаптарды оқу» деп аталатын ерекше қарқынды оқу курсына қабылдайды. Ұстазы Льюистің грек әдебиеті мен мифологиясына деген ықыласын оятады, онсыз да Исландия сагалары мен аңыздарына, әндеріне деген ішкі сағынышы күшейіп, солтүстіктің сұлу табиғаты мен скандинавиялық мифологиясы баурай тартып жүрген Льюис осынау әпсаналардың қай-қайсысын да жатырқамай қабылдапты.

1916 жылы 18 жастағы Льюис Оксфорд университеті колледжіне оқуға түседі. Алғаш келген кездері ол өзіне ғана тән мәдени күйзелісті бастан кешірді. Бұның себебі Люьис Англиядан мәдени өзгешелігі бар Ирландияда өсті, екі жұрттың арасындағы акценттен бастап, әдет-ғұрып, айнала дүние пейзаждағы айырмашылыққа дейін оның назарынан тыс қалған жоқ. Тіпті бұл оның өзі жоғары бағалайтын Норвег және Ирланд аңыздары әсерінен де болуы мүмкін. Мәселен, Льюис бірге оқитын ағылшын достарының Уильям Батлер Йейтс пен Келттердің қайта өрлеу қозғалысына бей-жай қарайтынына таңғалады, ескі Ирланд мифологиясындағы рух пен сұлулықты жырлап, өлеңдер мен пьесалар жазған Йейтс туралы Льюис; «Мүмкін оның тартымдылығы нағыз ирландиялық болғандығынан шығар, егер осылай болса, онда мені ирланд етіп жаратқан құдайға мың алғыс!» деп жазады.

Бұл кезде дүниежүзілік соғыстың 3-жылы жүріп жатқан еді, 19 жастағы Льюис 1917 жылы қарашаның соңында Францияның сомма даласындағы майдан шебіне келеді, ақыры екі досы соғыста қаза тауып, өзі әуе шабуылынан жараланып, Англияға қайтады. Оқуын жалғастырады, 1925 жылдан бастап, Оксфордтта 29 жыл ұстаздық қызметте болады.

Льюис діни отбасында өсіп, Ирландия шіркеуіне барып жүріп есейген еді, 15 жасына атеист болған ол 1926 жылы кейінірек ағылшынның атақты жазушысы болған, филолог Дж.Р.Р. Толкинмен танысады, Толкиннің және Г.К.Честертонның «Мәңгілік адам», Шотландия жазушысы Джордж Макдоналдтың кітаптарының әсерінен кейін қайтадан христиан дініне орала бастайды. 1929 жылы атеизмді қабылдаған Льюис 1931 жылы достарымен бірге түнгі серуендегі ұзақ талқылаудан соң, 18 жылдан кейін христиан дінін қайта қабылдап, англикан шіркеуінің мүшесі болады.

Дүниежүзілік екінші соғыс тұсында 40 жасқа ғана толған Льюис әскери қызметке сұранғанымен, өтініші қабылданбайды, соғыс жылдары Лондондағы BBC таратқан бағдарламаларда жұмыс істейді. 1954 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Кембридж университетінде жаңадан құрылған орта ғасыр және ренессанс әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарады.

Ол 1956 жылы еврей текті американдық әйел жазушы Хелена Джой Девидманмен үйленеді. Британдық жазушы, әдебиеттанушы, теолог Клайв Стейплз Льюис 1963 жылы қарашада Лондонда қайтыс болды.

Льюис – ғылыми жұмыстардан сырт, ересектерге арналған ғылыми фантастикалық ғарыштық трилогия, балаларға арналған нарния шежіресін және күнә, тәубе сияқты христиандық мазмұнға көптеген жазбалар арнап, христиандық апологетикада ықпалды тұлғаға айналған адам.

Льюис соғыс аяқталғаннан кейін, 1949 жылдан 1954 жылдар аралығында 7 кітаптан тұратын «Нарния шежіресі» атты фантастикалық романдар жазды, бұл кітаптар қазірге дейін 40-тан аса тілге аударылып, 100 миллион таралыммен жер әлемге таралып кетті. Кітапта Льюис грек, рим мифологиясынан тыс, британдық, ирландиялық аңыздардан өзінің кейіпкерлерін жасақтап, аллегориялық сипаттағы теологиялық аспектілерді де қамтуға тырысады.

Шын мәнінде, өзінің ұзақ және бай тарихымен Ирландия әдебиеті Еуропада грек пен римнен кейін тұрған үшінші көне әдебиет болған еді. Алғашқы Ирландия әдебиеті ерте орта ғасырлардағы эпикалық ертегілерден бастау алса, 5-6 ғасырлардағы Ирландияға христиандықтың келуімен Ирланд монахтары көне мәтіндерді сақтау, көшіруде үлкен рөл атқарады, 6-9 ғасырларда монастрлік ғалымдар еуропалық ғылымға ерте христиандық білімді сақтап қалумен үлес қосады; 9-12 ғасырлардағы нормандттар мен викингтер шапқыншылығы Ирланд қоғамы мен мәдениетіне өзіндік із қалдырса, 19 ғасыр соңы мен 20 ғасыр басында Б.Йейтс бен Августа Грегори сынды авторлар, 20 ғасырда Джеймс Джойс, С.Беккет, Семус Хини қатарлы жазушылар әлем әдебиетіне елеулі үлес қосты. 19 ғасырда Ирландияда «Картоп аштығы» деп аталатын 7 жылға созылған үлкен ашаршылық бір миллионнан аса адам өмірін жалмайды, ағылшындардың ғасырлар бойы жасаған отарлық жорығы, соғыс, ашаршылық сынды оқиғалар ирландықтардың ұлттық психикасында терең жара қалдырды. Ирландия ғана емес, Шотландия, Уэльс туралы да осы күрделі тарих тұрғысынан пайым жасап, әдебиет пен мәдениеттегі жан ауыртар жарақаттар туралы айтуға әбден болады. Міне, осы кезде К.С.Льюистің алғаш Англия – Лондонға келген кездегі мәдени күйзелісін, жан дүниесінің шытырман қайшылығын, классикалық мифология мен теология руханияты арасында маятниктей тербелген жүрек сырын тереңірек түйсіне аламыз.

Дейтұрғанмен, Льюис өспірім және жастық кезіндегі елдік (Ирланд) санадан да биік өлшемдерге әлдеқашан-ақ көтерілді, өмір бойы Оксфордта, кейінірек Кембриджде қызмет атқарды, өзінің жаңа ортасымен тіл табысып, ағылшын әдебиеті мен академиясында көрнекті тұлға болды, күллі Еуропалық, қала берді адамзаттық мәдениетке бір кісідей-ақ еңбегін сіңірді, ол ғұмыр бойы жатырқау мен мойынсұнбаудың қамытын киіп өткен емес. Бұның бәрі оның өмірінің белгілі бір сәтіндегі жеке тәжірибесі мен сезімдерінің көрінісі деп білген жөн.

20 ғасыр басында Британ аралдарының әдеби, мәдени тарихы модернизм қозғалысымен басталды да, алғашқы жаһан соғысына ұласты; Ирландияда әдеби жаңғыру үдерісі жүрсе, екінші жаһан соғысынан кейін, Британ аралдарының жазушылары әлеуметтік өзгеріс, соғыс жарақаты тақырыптарымен күресті; осы әдеби оқиғалардың қақ ортасында К.С.Льюис пен Толкин да болды, олар өздерінен бұрынғы шотландиялық автор Джордж Макдоналд пен Э.Несбит қатарлы мифология мен қиялды зерттеген авторлардың дәстүрін жалғастырып, фэнтези жанрына олжа салды. 19 ғасырдағы романтикалық ағымның тебінімен қиялды, ұлылықты, эмоцияларды зерттеп, романтикалық идеалдардың ықпалына ұшырағаны да шындық, енді бір тұрғыдан 20 ғасыр басындағы жаһандық соғыстың салдары, қалаласу мен өнеркәсіп әкелген жылдам өзгерістер Льюис пен Толкинге оқырмандарды қазіргі өмірдің қатал шындығынан жырақтатып, оларға ғажайыптар мен қиял әлемін ұсынуға мүмкіндік берді.

Ең бастысы, сонау бала кезден уызынан ұйыған рухани негіз, фольклор мен мифологияға қызығушылық, еуропалық мәдениеттің маңызды бөлігі болған аңыздар мен эпикалық ертегілерге, көне тілдерге деген аңсар, теологиялық, философиялық сауалдарды аллегориялық, символдық тәсілдермен зерттеуге деген құштарлық олардың жолын тоғыстырыпты.

***

Льюиске «Нарния шежіресін» жазуға деген шабыт Солтүстік Ирландияның Морн тауын көргенде туған деседі, Ирланд мифіндегі Бойрче қойшыны көз алдына келтіргендей болған ол: «Күн сәулесі астында осынау көріністі тамашаладым... маған бұл таулардан кез келген сәтте бір алып адам басын көтеріп, келесі бір тау жотасынан ары асып бара жататындай сезім сыйлады» деп жазады...

Шотландияның солтүстік аспанынан Құдай оттары жарқылдайды, Ирландия қыраттарында граупел жауын-шашыны кеңістікті алақұйын сапырып, сиқырлы сарын ойнауда. Англияның шығыс жағалауын соқыр тұман, меңіреу тыныштық жайлайды. Льюистің сиқырлы тұманы оқырмандарын трансформациялық саяхатқа шақыру үшін Ирланд жағалауына бауырын төсей жүздеген шақырымға созылып жатыр...

 Ерзат Еркін, әдебиеттанушы

Фото: radiovera.ru

Тегтер: