Абыройы бар да, атағы жоқ

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

04.09.2020, 14:05

750

      Қарағандыдағы маңдайалды мүсінші Жаубасар Қалиев – ел аузындағы айтулы тұлғаларды сомдаған бірнеше ескерткіштің авторы. Алайда Арқа өңіріндегі ардақты мүсіншінің туындылары қолдан жасалған қиындықтарға байланысты  билік тарапынан қолдау таппай отыр.

                                         Қор болған «Құрманғазы»

      Елдің елдігін танытуда ескерткіштің орны ерекше. Тастан қашап, қоладан құйылған  ескерткіштерді есте қалдыру екінің бірінің қолынан келе бермейді.  Мәңгілік мұра ерен еңбекті, шалқар шабытты талап етеді. Талай туындысы жұрт талғамынан шығып жүрген Жаубасар Қалиев кеншілер  өлкесіндегі  хас  мүсінші. Оның Сарыарқа өңірінде орнатылған Қаз дауысты Қазыбек биге, Алаштың үш арысы – Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев, сондай-ақ Қаныш Сәтбаевқа, жыр алыбы Жамбыл Жабаевқа,  академик Евней Бөкетов және Әбілқас Сағыновқа  арнаған ескерткіштері егемен елдің еңсесін көтеретін елдіктің белгісіндей.  Мүсінші бір туындысын дүниеге әкелу  үшін бірнеше жылдық ғұмырын арнайтын көрінеді. Мәселен,  тырнақалды туындысы – Құрманғазы ескерткішін жасауды ол Санкт-Петербургтегі Репин атындағы өнер академиясында оқып жүргенде бастапты.  Жиырма жыл тынбай ізденген. Сөйтіп, жанкешті еңбегінің арқасында дүниеге келген Құрманғазы ескерткіші бірнеше жерге ысырылды.   Күйшінің қоладан жасалған бейнесі, ақыры, жапанда жатқан «Сарыарқа» әуежайында орын тепті. Көптеген зардапқа ұшыраған күйші бейнесі бастапқы образдан айырылған. Мүсінші оны  әркез қынжыла еске алады.  

  • Енді оны қайта өмірге әкелу керек. Қазіргі тұрқы  көңілімнен шықпайды. Бейшара кейіпке енген кісіден  бір мысқал да кем емес. Туынды  көптеген түзетуді  қажет етеді.  Бірақ оны қайтадан  қалыпқа келтіруге қаржы жағы қолбайлау, – деп күйінеді мүсінші.

     Қарағанды көшелерінде  Жаубасар Қалиевтің қолтаңбасы көп. Қаладағы көлік жүретін көпірлердің біріндегі барыс бейнесін, облыс орталығындағы Сәкен театрының алдына қойылған  қоғам қайраткері Сәкен  Сейфуллиннің бюстін  жасаған. Балқаштағы Ағыбай батыр  ескерткішінің ашылу салтанатына қатысқан  елбасы осынау туындыға  «елдігіміздің бірегей белгісі» деп баға бергені есте. Бұл Жаубасар Қалиевтің тұлпар талантын дәлелдейді.

             

                                                   Еңбегі еленбеген

     Қазақ тарландарын көзі тірісінде қастерлеген бе?  Майталман мүсіншіге  өнер саласына қатысты атақ бұйырмай келеді. Ашығын айтқанда, марапатқа лайық тұлғаның жолын «жасанды сандуғаштар»  кесіп келеді.

     Осы мәселеге орай, пікір білдірген майталман мүсінші Жаубасар Қалиев былай дейді:

  • Бұдан бес жыл бұрын  Суретшілер одағының  облыстық филиалы  мені  «Мәдениет саласының  үздігі» төсбелгісіне  ұсынған болатын. Оны мәдениет  департаменті  жанындағы  шығармашылық  алқа  құптап, мәдениет министрлігіне жіберді. Бірақ береке болмады. Сарсаңға салып, сиырқұйымшақтанып, ақыры тоқтап тынды.  Немерелерім әлі күнге дейін «мәдениеттен алған  марапатың қайда» деп төтесінен  сұрақ  қойғанда,  қапелімде аузыма сөз түспей, күмілжіп қаламын. Еңбегіңнің  дер кезінде еленгеніне не жетсін?  

       2007 жылдары Қарағанды облысының әкімі болған,  бүгінде парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин еленбей жүрген  дарындарға  лайықты марапат көрсетіп, қамқор қолын созғаны  көпшілікке мәлім. Қоғам қайраткері  біздің кейіпкеріміздің еселі  еңбегін ескеріп, кеудесіне  «Парасат» орденін тақты. Дер кезінде берілген марапат мүсіншінің шабытын шыңдап, мерейін  тасытты, өр туындыларын  өмірге әкелуге септігін тигізді.  Кәсіби одақтан күткен марапаттың ендігі  қайыры болмайтын секілді.

                                  Танымал болам десең – тойға бар

       Бұл ойымызды  Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы  Айдар  Қалмаханов былай ұштайды:

    –  Қазақ тойшыл халық. Менің білерім, атақ іздеген жан тойдан қалмау керек. Осы тұрғыда әншілердің айы оңынан туып  тұр. Қазір «Қазақстанның еңбек сіңген әртісі», «Қазақстанның халық әртісі»  деген атақ иемденген жасанды таланттар қаптап кетті. Олардың барлығы  тойға келген дөкейлердің  алдына шығып,  бір-екі мәрте ән салып, оңай  жолмен даңқ алғандар. Сонда,  Қазақстанда  суретшілер мен мүсіншілерге  атақ неге  бұйырмайды? Бізді көптен осы мәселе мазалап жүр. Сауалымызға  ешкім жауап қатпай келеді.  Қылқалам иелері жеме-жемге келгенде үнемі марапаттан  қағылып  қалады. Өңіріміздегі  жалғыз жоғары білімді,  75 жастағы  мүсінші Жаубасар Қалиевті кәсіби  одақ  2004 жылы «Мәдениет саласының үздігі»  белгісіне ұсынған. Тиісті министрлік осы өтінішімізді қош алынбайтын  сұрақтың  санатына кіргізіп, жылы жауып  қойды. Ақиқатын айтар болсақ, өнердің осы саласында жүрген жанкешті жандар елімізде саусақпен санарлық.  Қасқалдақтың қанындай  ғана  сирек таланттардың бағы жанбай, тиісті бағасын ала алмай келеді. Бәлкім, бізге  де тойда төбе көрсетіп, есеп беру қажет шығар?

                                           Шеберхана бұйырмаған шебер

      Тақырыпқа арқау етіп отырған сирек талантты сергелдеңге салар жайттар мұнымен таусылмайды. Мүсінші Жаубасар Қалиевтің  әлі күнге дейін жеке шеберханасы да жоқ. Қаладағы көпқабатты үйдің қабырғасын қосып, жұмыс бөлмесіне айналдырып алған. Отыз жылға жуық  қуықтай жерде төл туындыларын әкелуде. Қаржылық қиындықтарға орай, бүгінде оның  шеберханасында ұлы Абайдың, майталман Мәдидің, шертпе күйдің шебері Тәттімбеттің, күйші Мағауия Хамзиннің,  күш атасы Қажымұқанның жобалары іріктеліп қалған. Cебебі шығармаларын мемлекеттік комиссияда өткізу қиын. Қаржы бөлерде «ұлтты жасанды жарылқайтындар»  уәдесінен тайқып кетеді. Әдетте ескерткіштер өз тұрқымен тәрбиелейтін өнер құралы. Егер дарынды жандардың  жағдайы жадағай  күйде қала берсе, онда келешекте елдік тұрқымыз қандай болмақ?

         

Тегтер: руханият абырой атақ мүсінші мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:55
Шымкенттік жас ғалым ғаламат технология ойлап тапты
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:44
Кавасакимен ауырған бала жоқ
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:37
Қоқыс мәселесі шешімін табуда
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 28.09.2020, 14:28
Қарағандыда тағы да төрт елді мекенде құс тұмауы бар деген жормал жасалды
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 09:57
Павлодар облысында 9 оқушыдан коронавирус анықталды
Сайт әкімшілігі 27.09.2020, 15:39
Шымкенттің ирригация жүйелері жаңаруда

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43