Ағын судың шығынын азайту керек

Сенаторлардың Түркістанға жасаған сапарында өзекті мәселелер талқыланды

М.СӘУЛЕБЕК

26.05.2021, 13:05

1812

Түркістан облысында ағын су тапшылығын шешу үшін бірқатар жобалар қолға алынып жатыр. Бірақ шешімін таппаған түйткілдер де  аз емес. Сенаттың аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті мүшелерінің  Түркістан облысына жасаған іссапары барысында осы мәселелер айтылды.

2019 жылы Түркістан облысындағы алты су нысаны  республикалық меншіктен облыстық меншікке өтті. Су нысандарын жергілікті деңгейде тиімді пайдалану Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Сауран аудандары және Арыс, Кентау қаласы өңірлерінің 78,8 мың гектар суармалы жерлерін және Түркістан қаласын көгалдандыру жұмыстарын ағын сумен тұрақты түрде уақтылы қамтамасыз етуге мүмкіндіктер беріп отыр. Сонымен қатар былтыр Түркістан, Арыс, Қараспан магистралды каналдарынан су алатын аудандардағы 751 шақырымды құрайтын 161 канал облыстық меншікке өтті.

Ағын су ысырабына жол бермеу және су беру тәртібін реттеу үшін облыста алғаш рет тариф бектілді. Нәтижесінде шаруаларға ағын суды тек қажеттілікке сәйкес бөлу тәртібі енгізілді. «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» бойынша ірі су нысандарын іске асыру нәтижесінде Түркістан өңіріне қосымша 200 миллион текше метр  ағын су  жеткізіледі. Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу жобасы аясында 60 миллион текше метр  су үнемделеді және қала аумағындағы 8 шақырым канал бойы абаттандырылады. «Кеңсай – Қосқорған – 2» суқоймасы жобасы бойынша 34 миллион текше метр ағын су беріледі. Қазіргі таңда үлкен дамбының биіктігі 26 метрге дейін көтеріліп, 40 пайызы бетонмен қапталды. Нәтижесінде биылдың өзінде көктемгі тасқын сулар ысырабына жол берілмей, 5 миллион текше метр су жинауға мүмкіндік туды. Сондай-ақ «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасы бойынша бөгет 34 шақырымға созылып, биылдың өзінде 250 миллион текше метр су жинақталды.

– Бұл жоба алдағы уақытта Түркістан өңірінің экологиялық жағдайын жақсартуға оңды ықпалын тигізеді. Бүгінде көл аумағының фаунасы өзгеріп, табиғи құстар шоғыры пайда болғанын байқауға болады. Бұдан бөлек, су нысандарын қалпына келтіруге жыл сайын облыстық бюджеттің мүмкіндігіне қарай қаржы бөлінуде, – деді облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев.

Облыс әкімінің орынбасары шешуді қажет ететін өзекті мәселелерді ортаға салды.

– Кешенді жоспарға сәйкес, Түркістан магистралды каналының құрылысын биыл аяқтау үшін республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлу қажет. «Арыс–Түркістан магистралдық арнасын толықтыру үшін Сырдария өзенінен машиналық арна салу» жобасы құрылысының алғашқы кезеңін бастауға республикалық бюджеттен 2021 жылға қосымша қаржы бөлуді ұсынамыз. Ағын су шығынын азайту және маусымдық суару кезеңінде қосымша су жеткізу мақсатында жаңадан Бөген өзенінің бойынан Сарқырама суқоймасын салу жоспарлануда. Жоба толық іске асқан жағдайда вегетациялық кезеңде Бөген суқоймасына қосымша 50 миллион текше метр су тасталатын болады. Сондықтан республикалық бюджеттен құрылыс жұмыстарына қаржы қажет, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Шардара ауданындағы «Жаушықұм алқабында су тартқыш пен сорғы станциясын реконструкциялау» жобасының құрылысын бастауға республикалық бюджеттен қаржы бөлу қажет. Нәтижесінде 12,2 мың гектар суармалы жер айналымға қосылып, жылына орта есеппен 14 миллиард теңге ауылшаруашылық өнімдерін алуға мүмкіндік береді.

– Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт аудандарының суармалы жерлерінің 90  пайызы Өзбекстанға тиесілі «Достық», «Зах», «Ханым» және «Үлкен Келес» магистралдық каналдарына тәуелді. Сондықтан жыл сайын вегетациялық кезеңде диқандарға ағын су уақтылы жеткізілмей, наразылықтар туындайды. Бұл мәселе биыл да қайталануда. Атап айтқанда, «Достық» магистралдық каналына мамыр айының бірінші онкүндігіне жоспар бойынша 425,7 миллион текше метр су берілуі тиіс болса, оның 326,6 миллион текше метрі түсті, яғни қажеттіліктен 23 пайызға кем. Ал «Зах», «Ханым» және «Үлкен Келес» магистралдық каналдарына 24,2 миллион текше метр су келуі керек еді. Әзірге түскені 10,1 миллион текше метр ғана, яғни қажеттіліктен 58  пайызға  кем. Осыған орай, екі ел арасында бекітілген лимитке сәйкес, ағын суды босатуды үкімет деңгейінде шешу мәселесін пысықтау қажет, – деді Ұлан Тәжібаев.

Тағы бір маңызды мәселе – су мамандарының тапшылығы. Ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Бөген арнасы» мемлекеттік мекемесінде инженер-гидротехниктер, инженер-гидрометрлер, техниктер, су реттеушілер, су бақылаушылардың еңбекақысы төмен. Мәселені шешу үшін тиісті қаулыларға өзгерістер енгізуді қажет етеді.

Сенаторлар сапар барысында Түркістан облысында ағын су проблемасын шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жақсы баға берді. Өңірде су ресурстарын реттеумен қатар, ылғал үнемдеу, жаңбырлатып суғару технологиясын ендіруге басымдық берілген. Осы мақсатта Түркістан қаласы аумағында 11 мың гектарға жаңбырлатып суғару технологиясын енгізіліп, азық-түлік белдеуі құрылады. Бүгінгі күннің өзінде 1,5 мың гектарға аталған технология ендіріліп, жылына екі рет өнім алынуда. Технологияның тиімділігі су үнемдеумен қатар, өнімділікті үш есеге арттырды. Жыл соңына дейін жаңбырлатып суғару технологиясы ендірілген алқапты 3,5 мың гектарға жеткізу шаралары атқарылуда. Бұдан бөлек, еңбек өнімділігін арттыру бағытында облыстың климаттық ерекшелігін пайдалана отырып, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы іске асырылды.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.СӘУЛЕБЕК 24.09.2021, 15:04
Инвесторлар үшін тартымды өңір
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 24.09.2021, 11:13
Жезқазғанда экспедиция қатысушылары бұрын зерттелмеген петроглифтерді анықтады
Сайт әкімшілігі 24.09.2021, 09:25
Нұр-Сұлтаннан Ыстамбұлға шыққан ұшақ шұғыл қонды
Еркежан АРЫН 23.09.2021, 15:30
Жастардың мемлекеттік саясаты өзгеруі мүмкін
Еркежан АРЫН 23.09.2021, 13:00
Еріктілер вакцинаның маңыздылығын насихаттауда
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 23.09.2021, 08:30
Сарандағы РТБ зауыты ауданында тіршілік жаңарды

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39