Алматы іргесіндегі өркениеті «өлеусіреген» ауыл

Сайт әкімшілігі

13.07.2020, 13:42

104

«Жас Алаштың» редакциясына Алматы іргесінде отырған ауылдардан шағым жиі түседі. Соның бірі және өзектісі Алматы облысы, Іле ауданына қарасты, Қоянқұс ауылы тұрғындарының жан айқайы. Алматы іргесіне тиіп тұрған осы ауылдың тұрғындары «өркениеттің өлеусіреп тұрғаны жүйкемізді жұқартты» деп ашынып отыр.

Білгеніміздей,  ауылдағы инфрақұрылымның әлсіздігі тұрғындарды әбден мезі еткен. Ауыл тұрғындары мәселерін айтып та, жазып та Іле ауданының әкіміне де барған, облыс әкімдігіне де үшбу хат жолдаған. Бірақ бұл істің қайыры болмай, «Айта айта Алтайды, Жамал апай қартайдының» кебі келіп отыр.

— Біздің осы көшелерге қоныстанғанымызға алды жеті жыл, арты үш жыл болды. Келгелі бері ауыз суды үйге өз күшімізбен кіргіздік. Ауламыздан жерді 30 метрден қазғыздық, соның өзінде суымыз таза емес, құм араласқан суды ішкен балаларымыз ауру болды.  Үйімізге су кіргізгенге 300 мың теңге төледік. Электр жарығын 300 мың теңгеге кіргіздік. Көгілдір отын кіргізейік десек оны үйге кіргізудің бағасы 700 мың теңге дейді. Былтыр бірқатар адамдар 500 мың теңгеге кіргізген, биыл 700 мың теңгеге көтеріпті. Жаңбыр жауса жолдың жоқтығынан батпақты кешіп жүреміз. Қыс, көктем, күз айларында біздің көшемен жүру тіптен мүмкін емес. Жаңбырда жол езіліп, баптақты қоныштан кешіп жүреміз.  Былтыр осы мәселерді хатқа тізіп, Іле ауданының әкімі Қарасаевтың қабылдауына бардық, аудан әкімнің орынбасары қабылдап, ауыл әкімі Тілеукен Отыншықызымен бірлесіп «жобаға енгіземіз» деп шығарып салды. Ол жерде ауыл әкімі Тілеукен Отыншықызы да отырды.  Бірақ содан бері бұл мәселенің шешілер түрі көріндейді,-дейді ауылдағы Алатау және Жұлдыз көшелерінің тұрғындары.

Байқағанымыздай, ауылда бұдан өзге де мәселелер жетіп-артылады. Ауылдың іргесіндегі өзеннің суы да Қоянқұс тұрғындарының  уайымын арттырып тұр.

— Жаз келсе бітті, ауылда мал ұстайтын малшылар іргедегі өзеннің суын бізге қарай бұрып жібереді. Кезінде Кеңестік кезеңде өзен суы ағатын арық болған. Қазір ол арықтар тазаланбағандықтан бітеліп, іші қоқысқа толып жатыр. Сол өзеннің суы арықтан асып Қоянқұстағы Алатау, Жұлдыз көшелеріне қарай жайылады. Одан біздің ауламыздағы жер төлелерді, сырттағы әжетханаларды су басып кетеді. Жылда жазда көретін күніміз осы. Әкімге кіріп, қоңырау шалып шулатып жүріп өзенді әрең жаптырамыз. Ал қазір малшылар «малымыз су ішпей қалды» деп, бізге келіп өзен суын ашуға рұқсат беруді қайта-қайта сұрап отыр. Сонда біз олардың малы су ішеді екен, осылай суға батып отырамыз ба?! Мал су ішеді деп, өзіміз қоса батпаққа батып малдың күйінен төмен жағдайға түсетін болдық, -дейді Қоянқұстағы ауыл тұрғындары.

Тұрғындар алға тартып отырғандай, бұл көшенің халқы электр жарығына да қымбат баға төлейді. Мысалы, көшенің арғы бетіндегі ел электр жарығына 16 теңгеден төлесе, нақ осы Алатау, Жұлдыз тағы басқа  көшелер электр жарығына 29 теңгеден төлеуге мәжбүр. Оған себеп бұл көшелерге электр жарығын тартып отырған стансаның жекеменшіктің еншісінде болуы.

«Жарыққа да қымбат төлейміз. Себебі электр жарығының стансасы жекелеген адамдыкі. Жергілікті әкімдік осы мәселені шешуді де ойлап отырған жоқ. Жекелеменшік дүниені мемлекетке алу жағын неге қарастырмайды»,-дейді ауыл тұрғындары.

Ал көгілдір отын туралы әңгіме тіптен бөлек.

— Алматы іргесінде тиіп тұрып үйімізге газ кіргізу құны 700 мың теңге болғаны тіпті ақылға сыймайды. Газ кіргізудің негізгі ең қымбат құны 350 мың теңге боулы керек дегенімен, әкімдіктің көшеге газ тартатын мердігер компанияға «бағаны түсір» деуге шамасы келмей тұр. Ауыл әкімі Тілеукен Отыншықызына қанша мәрте айттық, жаздық, елде жоқ бағаны кім қоятынын білмейміз. Әкімге осы жағдайды айтсақ «шешіліп жатыр» дейді, бірақ мәселенің шешілер түрі көрінбейді,-дейді ауыл тұрғындары.

Ауылдағы интернеттің жыры бір бөлек. Ауылдағы «Жаңа құрылыс» аталып кеткен осы аумаққа «Қазақтелеком» АҚ арқылы интернет желісін тарту әзірге мүмкін еместігін ауыл әкімінің өзі де айтып отыр.  Әкімнің  түсіндіруінше, «Қазақтелеком» арқылы бұл аймаққа интернет желісін тарту құны 38 млн теңгені құрайды.  Сондықтан сомасы қомақты болғандықтан ауыл тұрғындарына әзірге интернетке де жекелеп роутер сатып алып қосыла тұруға тура келеді. Ал ол роутерлердің өзі ауылда «он ойланып, жүз толғанып» барып желіге кіретінін ескерсек, биылғы онлайн оқу барысында желі іздеп төбеге шығып оқитындардың бірі осы аймақтың балалары болғалы тұр.

Ал батпақтап жатқан жол мен ауызсу мәселесіне қатысты сауалымызға ауыл әкімі Тілеукен Отыншықызы «ойластырып жатырмыз» деп жауап берді. Бірақ бұл мәселелердің нақты қай уақытта шешімін табатыны әлі белгісіз. Халық ендігі әкімнің «ойластырып жатырмыз» дегеніне сенуден қалған. «Себебі осы уақытқа дейін алды жеті жыл, арты үш жыл болса да  бірде-бір мәселенің басы ашылып шешілмеді»,-дейді ауыл тұрғындары.

Осылайша ХХІ ғасырда өркениеті өлеусіреген ауыл тұрғындары жергілікті билігі бар, облыс, аудан басшылығы бар бірлесіп осы мәселелерді шешіп берсе деп талап етіп отыр. Егер атқарушы билік бұған құлақ аспаса ауыл тұрғындары арыздарын хатқа түйіп,  Ақ Ордаға аттанбақ...

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16:24
Нұр-Сұлтанда тұрғындардың 65% - дан астамы КВИ-ге қарсы вакцина алды
Сайт әкімшілігі 15:00
Нұр-Сұлтанда КВИ-мен ауырғандардың саны азайды
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 14:35
"Өлгім келеді". Теміртаулық өзін-өзі өртеп жібермек болған
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 13:30
Полиция заң бұзған 263 шетелдікті анықтады
Сайт әкімшілігі 07.12.2021, 18:48
Нұр-Сұлтанда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 16 мың жұмыс орны бар
Сайт әкімшілігі 07.12.2021, 15:56
Елорданың шет аймақтарын дамыту және абаттандыру: Президент тапсырмасы орындалып жатыр

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» пен жаңа ұрпақ
    12:29
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00