22.10.2021, 11:37
842
Алматыда коронавирус инфекциясының күзгі толқыны болады деген болжам айтылуда. Қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қараша айының соңында шағын толқын орын алу мүмкін екенін айтты.
– Пессимистік болжам бойынша күнделікті өсім 600 жағдайға жетуі мүмкін. Сондықтан уақытты созбай, бірлескен күш-жігермен ұжымдық иммунитетке қол жеткізу қажет. Ол үшін тағы 400 мың алматылық екпе алуы тиіс. Бұл аз көрсеткіш емес, уақыт та көп емес. Сонымен қатар қазіргі көрсеткіштер қажетті мөлшерге жетпейді: тәулігіне 2000 вакцинация, ал жазда 10 мыңға дейін жеткен еді. Алматы қаласының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бізге қаланың 2 миллион тұрғынынан 1 миллион 300 мың адамды вакцинациялау қажет. Тек осы жағдайда ғана қала жаңа толқынға дайын болады деп айта аламыз, – деді әкімнің орынбасары.
Қалай болғанда да, қалада коронавируспен күресу тәжірибесі жүріп жатыр. Бұл инфекциялық ауруханалар мен реанимация бөлімшелерінің айқын жұмысы, сонымен қатар телемедицина орталығының құрылуы. Осы қорғаныс шараларының арқасында күнделікті аурушаңдықты 74 пайызға төмендетуге мүмкіндік туды. Естеріңізде болса, жазда КВИ жұқтырушылар тіркелген фактілер саны тәулігіне 1600-ге жеткен болатын. Бүгінде бұл көрсеткіш 400-ге дейін төмендеді.
Осы аптаның басында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі қалалық жедел штабтың отырысы өтті. Биылғы 7 қыркүйекте Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия вакциналау бойынша рейдтер алгоритмін бекіткен болатын.
Сондай-ақ ірі кәсіпорындар қызметкерлеріне міндетті вакцинациялаудың енгізілуіне байланысты осы күзде әмбебап иммундау жылдамдығын арттыруға шаралар қабылданып жатыр. Ал оларды мониторингтік топтар тексерді. Маусымның басынан бері аудиторлар санитарлық ережелерді сақтамаған 300-ден астам түрлі мекемелерді анықтады. Осындай жүйелі жұмыстың арқасында инфекцияның жаңа ошақтарын анықтауға қол жеткізілді. Анықталғандай, жағдайлардың үштен бір бөлігінде адамдар инфекцияны сауда орталықтарында, базарларда және қоғамдық көлікте жұқтырған.
Алматының мониторингтік топтары 10 қыркүйектен бастап 302 бизнес нысаны мен мегаполистің жоғары оқу орындарын тексерді. Бұларда 65 536 қызметкер бар, олардың 55 618-і (84,8 пайыз) вакциналанған, 4439-ы (6,8 пайыз) екпе алмаған, ауырып жазылғандар немесе медициналық қарсы көрсетілімдері барлар – 5479 (8,4 пайыз).
Барлық кәсіпорында коронавирусқа қарсы вакциналанудың қажеттілігі мен маңызы туралы түсіндіру шаралары қолға алынған, өйткені вакциналанбаған қызметкерлердің басым бөлігі ұжымдарда дерттің кезекті ушығуына әкелуі мүмкін.
Тексерушілер мониторинг барысында медициналық қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлер арасында бекітілген 026-У формасының сәйкессіздігіне байланысты бірқатар бұзушылықтар анықталғанын атап өтті, сондықтан медициналық анықтамалардың дұрыстығын тексеру үшін шаралар қабылданатын болады. Оның үстіне Алматыда бірқатар сауда-ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері қызметкерлерінің Ashyq-тың «көк» мәртебесі бойынша жұмыс істейтіні, олардың әлі күнге дейін «жасыл» мәртебені алмағаны анықталды.
Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының Алматы филиалы ұсынған вакциналану картасының негізінде қызметкерлер саны 50 адамнан асатын және вакциналанған қызметкерлердің саны 60 пайыздан төмен кәсіпорындарда вакциналау жоспары жасалды. Ал 17 қазаннан бастап денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы күшіне енді, оған сәйкес, вакциналанған, вакциналанбаса да, (жеті күнде бір рет) ПТР-тестісі және тұрақты медициналық қарсы көрсетілімі жөнінде анықтамасы бар немесе үш ай ішінде КВИ-мен ауырған қызметкерлерге жұмыс істеуге рұқсат етіледі.
Алматы кәсіпкерлер палатасының директоры А.Қошмамбетов хабарлағандай, «Атамекен» КВИ пандемиясымен күресудің жалғыз құралы ретінде халықты жаппай вакцинациялау қажеттілігін қолдайды. Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа бұйрығын талқылау кезінде «Атамекен» сараптамалық қорытындыда өз ұстанымын білдірді. Жалпы, кәсіпкерлер палатасы кәсіпорын басшыларынан ұжымдарды вакциналауға барынша көмек көрсетуді және жағдай жасауды сұрайды.
Бұдан өзге, осы жылдың шілдесінен бастап жолаушылар мен қоғамдық көлік жүргізушілерін тексеру қолға алынған. Тексерудің барлық кезеңінде 1618 автобус пен троллейбусқа мониторинг жүргізілді. Қоғамдық көлікте бетперде режимін сақтамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-сі 425-бабының 1-бөлігіне сәйкес, 224 жеке тұлғаға және бір заңды тұлғаға әкімшілік хаттамалар толтырылды. Қоғамдық көлікте бетперде тағу инфекция қаупін азайтатыны белгілі. Инфекцияны азайту үшін түнгі уақытта қоғамдық көлік салондарын дезинфекциялау ұйымдастырылды.
Дерттің төмендеуіне қарамастан, эпидемиологиялық ахуалдың күрт өзгеруі мүмкін болғандықтан, осындай шаралар қабылданып жатыр. Мәселен, күн сайын қалада КВИ жұқтырған 300-ден астам адам анықталады, инфекциялық стационарларда 1368 адам, оның ішінде 28 бала бар.
Сондықтан мамандар Алматы тұрғындары мен қонақтарын әлеуметтік қашықтық пен бетперде тағу ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Айта кетерлігі, дерттің өсуін тоқтатудың жалғыз әрі тиімді әдісі – вакциналану арқылы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру. Алматыда өткен аптада кейбір егу пункттерінде SputnikV препараты таусылып қалғаны хабарланған болатын. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы көптеген пункттерде вакцинаның жеткілікті мөлшері бар екенін айтты. Басқарма вакцина басқа пункттерден Sputnik V таусылған нүктелерге таратылатынын айтты.
Ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында вакцинациялауға жататын контингентті ұлғайту туралы шешім қабылданды. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін тағы 4,5 миллион қазақстандық екпе алуы тиіс. Барлығы 11,5 миллион адам антиковидтік препаратты алады деп күтілуде. Бұл – ДДҰ ұсынған 60 пайыздық иммундық қабатты құрайтын көрсеткіш. Осы уақытқа дейін 7 миллионнан астам адамға екі компонентті екпе салынды. Бұл арада қарашаның соңында басталатын ревакцинация туралы жаңа мәліметтер кеше белгілі болған еді. Иммунизациядан бірінші болып медициналық қызметкерлер, мұғалімдер, әскери қызметшілер мен әкімдік қызметкерлері өтеді. 60 жастан асқан азаматтар да, сондай-ақ ковидке қарсы антиденелері жоқ адамдар инъекцияны қайтадан ала алады. Иммунолог, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың кафедра меңгерушісі Эльмира Битанова:
– Осылайша біз вирусты жан-жақтан қоршап аламыз. Біз вакцинаның бір түрімен бір рет вакцинацияланған кезде, содан кейін ұсынылған уақыттан кейін күшейткіш дозамен вакцинацияланған кезде вирустың күшеюіне мүмкіндік бермейміз. Қандай жағдай болсын, штамның қай түріне болсын, кез келген жағдайда бізде вирустың кез келген түріне қарсы антиденелердің барлық түрлері болады, – дейді.
Небәрі бір жарым айдан соң, екпенің толық курсынан өткендер қайта вакциналанып, иммундық жүйесін нығайта алады. Маңыздысы – бастапқыда егілген екпені қайталап салдырмаса да болады. Яғни таңдау әркімнің еншісіне беріледі. Тек дәрігерлер бұған дейін «Спутник V» вакцинасын алғандарға 9 ай өткен соң, инактивтендірілген екпені алуға кеңес береді. Ал Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax немесе QazCovid-in алған болсаңыз, сынды белсенділігі жойылған вакцина салғызғандар, керісінше, алты айдан кейін векторлық «Спутник V» вакцинасын алғаны дұрыс. Ал Pfizer ектіргендер екпенің кез келгенін салдыра алады. Бұл ұсыныстарды денсаулық сақтау министрлігі мақұлдаған.
Алматыда егілгендердің саны миллионға жақындап қалды. Бұған дейін қала билігі бұғатталусыз және шектеусіз қалыпты өмір сүру үшін 1 миллион 300 мың алматылыққа антиковид инъекциясын алу қажет екенін мәлімдеген еді.
Еліміз осылай ревакциналауға дайындалып жатқанда көрші елдерде бұл үрдіс басталып та кеткен. Мәселен, эпидемиологиялық жағдайы нашарлап кеткен Ресейде екінші мәрте егу қарқынды жүріп жатыр. Онда 2 миллионнан аса халық қайта вакцина алып үлгеріпті. Түркия мемлекетінде де егу науқаны жалғасып жатыр. Алайда онда қазіргі эпидахуал мәз емес. Соңғы тәулікте вирус жұқтырудың 30 мың жағдайы тіркеліп отыр.
Ал алматылық эпидемиологтар қауіпті індеттің біршама төмендегенін атап өтті. Бірақ олар босаңсымауға, қауіптің толық сейілмегенін, вирустың жаңа нұсқаларда таралып жатқанын әрі вакцина алуды күшейту керегін ескертіп отыр.
Pfizer вакцинасы Алматыға қазан айының соңында жеткізілетіні хабарланған болатын. Мегаполистің санитарлық бас дәрігері Жандарбек Бекшин:
– Осы препаратпен иммунизациялау қала балаларының коронавирус ауруын төмендетеді. Мектеп оқушылары тек ата-анасының келісімімен екпе алады. Қазір көріп отырмыз, Pfizer вакцинасын жеткізе отырып, біз де тек 306 мың мектеп оқушысына екпе жасай алатын боламыз. Бұл оқушылар саны. Дегенмен де бұл вакцинамен қамтуды арттыруға және иммундық қабатты күшейтуге мүмкіндік береді.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев: «Pfizer вакцинасын Алматыға төртінші тоқсанда 20 қазаннан кейін жеткізу жоспарланған болатын. Алдын ала 130-160 мың дозаға дейін. Бірақ Алматыға квота бөлу мәселесі қарастырылуда», – деді.
Бұл ретте шаһардағы қазіргі эпидемиологиялық жағдай бойынша қала тұрғындарының иммундық деңгейі 50 пайызға жетті. Ресми мәлімет бойынша халықтың 43 пайызы вакцинаның екінші компонентін алса, +7 пайызы жыл басынан бері сауығып кеткендер. Бүкіл әлем бойынша табын иммунитетіне қол жеткізу үшін жыл соңына дейін әлем халқының кем дегенде 40 пайызы COVID-ге қарсы вакцинациялануы тиіс. Келесі жылдың ортасына қарай бұл көрсеткіш халықтың 70 пайызын құрауы тиіс.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР