Аймақ

Астанада Cardiff University-дің алғашқы шетелдік кампусы ашылды

Астанада Cardiff University Kazakhstan ресми түрде ашылды. Бұл – Cardiff University-дің алғашқы шетелдік кампусы әрі Орталық Азиядағы Russell Group университеттерінің жалғыз өкілі. Бұл оқиға Қазақстан, Ұлыбритания және Уэльс арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтып, халықаралық білім беру саласында маңызды қадам болып отыр

1

Салтанатты ашылу рәсіміне ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Салли Аксворти, Cardiff University президенті және вице-канцлері профессор Венди Ларнер, сондай-ақ университеттер мен серіктес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Cardiff University президенті Венди Ларнер бұл оқиғаның тарихи маңызы бар екенін атап өтті:

– «Астана қаласында Cardiff University кампусын ашу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл біздің алғашқы халықаралық кампусымыз. Біз қыркүйектен бастап академиялық тұрғыдан студенттердің алғашқы легін қабылдауды асыға күтіп отырмыз. Қазақстанда кампус ашқан алғашқы Russell Group университеті атандық. Бұл – біздің жаһандық мақсаттарымызды жүзеге асырудағы маңызды қадам», – деді ол.

Қазақстан – халықаралық білім беру орталығы

Cardiff University бас операциялық директоры және Cardiff University Kazakhstan директорлар кеңесінің төрайымы доктор Пол Сандерсон Саясат Нұрбектің білім беру саласындағы стратегиясына жоғары баға берді:

– «Мен трансұлттық білім беру саласында зерттеуші ретінде мұндай ауқымды әрі кешенді стратегияны сирек кездестірдім. Бұл стратегия Қазақстанды тек аймақтық қана емес, халықаралық білім хабы ретінде де танытады», – деді ол.

Екі ел арасындағы жаңа бетбұрыс

Ұлыбритания елшісі Салли Аксворти өз сөзінде:

– «Астанада Cardiff University кампусының ашылуына қатысу мен үшін үлкен құрмет. Бұл – Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі. Жаңа кампус қазақстандық студенттерге әлемдік деңгейдегі академиялық тәжірибеге қол жеткізуге жол ашады», – деп атап өтті.

Университет жайлы

Cardiff University – Ұлыбританиядағы жетекші зерттеу университеттерін біріктіретін Russell Group мүшесі. QS World University Rankings 2026 бойынша – 181-орында, Complete University Guide 2026 рейтингісінде – 22-орында тұр.

Астанадағы кампус 2025 жылғы қыркүйектен бастап бакалавриат бағдарламалары бойынша студенттер қабылдайды. Бағыттар: компьютерлік ғылымдар, бизнес-менеджмент, азаматтық құрылыс және геология. Сабақтар толықтай ағылшын тілінде өтеді, оқытушылар Cardiff University мен жергілікті кампус мамандарынан құралады.

Тегтер: Астана
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз