Қарағандылық студенттер мен кәсіпкерлер түзеу мекемесінің тыныс-тіршілігімен танысты
Қылмыстық-атқару жүйесі қалай жұмыс істейді? Оның қызметкерлері қандай міндеттер атқарады?
Түзеу мекемелерінде кәсіпкерлікті дамытуға қандай мүмкіндіктер бар? Осы және өзге де сауалдардың жауабын "Құқықтық тәртіп әліппесі" жобасына қатысқан Қарағанды жоғары оқу орындарының студенттері, қоғам өкілдері мен кәсіпкерлер білді.
Танымдық кездесу "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды. Оған Қарағанды облысының прокуратурасы мен Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мұрындық болды.
Алдымен қатысушылар ведомствоның негізгі міндеттерімен және күнделікті қызметінің ерекшеліктерімен танысты. Оларға арнайы бейнематериалдар көрсетіліп, департамент ғимараты бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, жедел басқару жүзеге асырылатын ахуалдық орталықтың жұмысы таныстырылды.
Мұндай кездесулердің маңызына Қарағанды облысы прокурорының орынбасары Айдын Раев тоқталды. Оның айтуынша, жобаның көздегені – заңдылық туралы түсіндірумен шектелмей, мемлекеттік органдардың жұмысын іс жүзінде көрсету.
– Мемлекет басшысы жастардың құқықтық сауатын арттыру қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын. Бұл – баршамызға ортақ міндет. Біздің бастамамызбен облыста "Құқықтық тәртіп әліппесі" жобасы жүзеге асырылып келеді. Жобаның мақсаты – мемлекеттік органдардың қызметін көзбен көріп, жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік беру, сондай-ақ мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайту. Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері заң үстемдігі қағидатын қамтамасыз етуге тікелей үлес қосып келеді, – деді Айдын Раев.
Одан әрі қонақтар Долинка кентіндегі № 31 мекемеге барды. Мұнда оларға сотталғандар орналасқан тұрғын аймақ көрсетілді.
Қатысушылар асхананы, жасақтарды, клубты, кітапхананы және медициналық бөлімшені аралап, сотталғандардың тұрмыс жағдайы мен мекеменің ішкі тіршілігіне қанықты. Кәсіпкерлер үшін кездесудің арнайы бағдарламасы әзірленген.
Олар өндірістік аймақты аралап, жұмыс істеп тұрған цехтарды көрді, мұнда шығарылатын өнім түрлерімен танысты. Сонымен қатар кәсіпкерлерге түзеу мекемелерімен іскерлік байланыс орнатып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері таныстырылды.
Кездесу соңында қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ осындай танымдық іс-шараларды алдағы уақытта да ұйымдастыру жөнінде пікір алмасты.
"Құқықтық тәртіп әліппесі" жобасын Қарағанды облысының прокуратурасы жанындағы Жобалық кеңсе жүзеге асырады. Бастама азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметі мен жұмыс ерекшеліктері туралы түсінігін кеңейтуге бағытталған.