«Аманат» арқалаған жүк ауыр

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ

17.11.2021, 12:33

271

Бөрлі десе әдетте көпшіліктің көз алдына Қарашығанақтың газы мен мұнайы келе қалатыны анық. Шынымен де, бұл өңірдің жер қыртысы шикізатқа өте бай. Алайда қарның ашқанда газ бен мұнайды ас қылып ішпейсің. Сондықтан бөрліліктер егін егіп, мал да өсіреді. «Аманат» деген әдемі, екінші жағынан үлкен жауапкершілік жүктейтін атауға ие болған шаруа қожалығы осыдан үш жыл бұрын Ақсайдың іргесіндегі Пугачев ауылында тауарлы сүт фермасының құрылысын бастаған екен.

Арнайы сапарлап барған бізді қожалық жетекшісі Бақыт Далабаев заманауи үлгіде салынған қора жанынан қарсы алды. Аула сыртынан есік пен төрдей көлікті байқағанбыз. Ат шаптырым кеңседе шыттай киініп, шырт-шырт түкіріп отырған бизнесменді емес, кәдімгі қарапайым ауыл тірлігіне піскен жігіт ағасын көрдік осы жолы. Ойымызды көзімізден оқып қойғандай, Бәкең де еркін әңгіме тиегін ағытты. Қазақтың талай марғасқасына мекен болған Қаратөбеде дүниеге келіпті. Ес біліп, ат жалын тартып мінген шағы Оралдың іргесіндегі Махамбет ауылында өткен. Қара алтынды игеру қарқын алған уақытта Атырау асып, Теңіз кенішіне барды. Әуелі қатардағы мұнайшы болды, содан білім-білігімен топ жарып, ортанқол басшылардың біріне айналды. Он бес жыл сонда еңбек етті. Бір сөзбен айтқанда, Бақыт үшін бұл «капиталдың алғашқы  қорлану» жылдары еді.

– Кеніште жұмыс та, табыс та жақсы ғой. Бірақ өзіміз ауылдың баласы болғасын елге барып, жерге барып жұмыс істесек, халыққа бір пайдамыз тисе деген ниет көкейден кетпей қойды. Әуелі өзім өскен Бәйтерек ауданына қарасты Махамбет ауылының төңірегінен шаруашылық ашқым келді.  Ол үйлеспегесін осы Бөрліге бағыт алдым. Обалы не керек, аудан әкімдігіндегі азаматтар қолдарынан келгенінше қолғабыс етті. Сөйтіп 2018 жылы осы ферманың қазығы қағылды, – дейді іскер жігіт.

– Қалталы кәсіпкерлер кірісті тез беретін супермаркет, қонақүй, тойхана салуды сәнге айналдырды ғой.  Сондай кезде сенің ауыл шаруашылығына, соның ішінде сүтті мал өсіруге қаржы салуыңа не себеп? – деген таңданысқа толы сауалымызды да қойып қалдық реті келгенде.

– Әрине, қаржысын қайда салам десе де, әркімнің өз еркі. Дегенмен шикізаттың жер бетіндегі қоры шектеулі. Бір күні ол таусылады. Ал азық-түлік адамға қашан да керек. Демек, бұл – мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық сала. Әрі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған жолдауындағы: «Ауылшаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін жеті ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Оларды өңірлік азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыру керек», – деген сөздері көңілге қонып-ақ кетті. Расында да, Қазақстан қазір сүт өнімдерінің денін ұнтақ түрінде Ресей мен Беларусьтан алдырады. Оларды пайдалы деуге ауыз бармайды. Ендеше өзге ел, өзге ұлт өкілдерінің ішкі нарығымызды түгел жаулағанын күтіп отырмай, экологиялық таза өнімді өзіміз неге өндірмеске? Оған біздің әлеуетіміз толық жетеді, – дейді Б.Далабаев.

Басқа-басқа, бұған «Аманаттың» әлеуеті толық жететіні айқын аңғарылып тұр. Жаңадан салынған 400 басқа арналған қос қорада Зеңгі баба тұқымының «жанына» қажеттің бәрі бар. Күні бүгін фермада голштин тұқымдас сиырлар сауылуда. Әр сиыр бөлек қоршауда, бетон еден жамбасына батып, желінін сыздатпауы үшін жерге арнайы резеңке жабын (матрас) төселген. Ол аз десеңіз, арнайы құрылғылар арқылы сиырдың сүтінің мөлшері, майлылығы, жалпы құрамы тіркеліп, термометрмен қызуы өлшеніп, базаға тұрақты түрде түсіп тұрады. Оның сыртында толық автоматтандырылған сауын залы, бұзаулар тұратын орын, көң-қоқыс шығаратын жүйе, сүт сақтайтын тоңазытқыш танкерлер, сапалы мал азығы (жоңышқа, эспарцет секілді көпжылдық шөптер) егілетін 5 мың гектар алқап, заманауи машина трактор паркі көз сүйсіндіреді. 20 адамды тұрақты, ал шөп егу-шабу маусымында қосымша тағы 40 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы шаруашылықтың басында жұмысшыларға арналған жайлы үйлер әзір-ақ. «Қажет жағдайда жетіспейтін агроном, мал дәрігері секілді мамандарды өзіміз грант бөліп те оқыта аламыз. Егер мемлекет тарапынан қолдау-көмек көлемі ұлғайса, болашақта сауын сиырды емін-еркін мың бастан асыруға болады», – дейді кәсіпкер азамат.

– Барып, көріп келдік, Беларусь пен Ресейде ауыл шаруашылығына, соның ішінде тауарлы сүт фермаларына қолдау мықты, түрлі субсидиялар мен гранттар жұмсалған шығыстардың жартысына дейін жабуға мүмкіндік береді. Мәселен, мен осы ферманың құрылысына 1 млрд 200 млн теңге өз қаржымды салдым. Өз қаржыма газ, су, жол, жарық әкелдім. Ал бізде қолдаудан гөрі қағазбастылық басымдау. Қыруар құжат жинайсың, жүгіресің. Енді жинап бола бергеніңде заң, әлде ереже өзгеріп кетеді. Уақытың мен ақшаң босқа кетеді, жүйкең жұқарады. Осыны оңайлатып, бір ретке келтіруге болмас па еді? Біз шығыстың жартысын қайтарсын демейміз, тіпті 20-25 пайызын өтеп берсе де ризамыз соған. Аяққа тұрып алсақ, мемлекетке де, қоғамға да көмегімізді береміз, сананы рухани жаңғыртуға атсалысып, әлеуметтік жауапкершіліктің жүгін бірге көтереміз. Оған сөз жоқ, – деген Бақыт іштегі назын да бүгіп қалмады.

Айтылған мәселелер турасында Бөрлі ауданының әкімі Миржан Сатқановтан түсінік беруді сұрадық.

– Инфрақұрылым мәселесіндегі көмекке келсек, бұрын «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында республикадан қаржы қаралып келген болатын. Қазір ол тоқтады. Бағдарлама бойынша судың, газдың, жолдың, жарықтың әрқайсысының құны 100 млн теңгеден асатын болуы керек еді. Турасын айтқанда, ондай қомақты қаржыны аудан да, облыс та бере алмайды. Қожалық осының бәрін құжат жүзінде дәлелдеген жағдайда ғана қаражат берілетін-тұғын. Кезінде ШҚ жетекшісі онымен айналысты ма, айналыспады ма, мен білмеймін. Тап күні бүгін «БЖК» арқылы «Аманат» ештеңе ала алмайды. Ендігі мәселе – сүт фермасының құрылысына жұмсалған қаржының бір бөлігін субсидия арқылы қайтару. 2020 жылдан бастап инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау ережелері  өзгерді. Ережедегі айтылған барлық құжаттарды жинап, ол облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жолдануы керек. Аудан тарапынан біз тек жер телімімен көмектесе аламыз. Қазір қожалықтың жері бар, егер жобалық қуаттылыққа жетіп, кәсібін әрі қарай дамытып жатса, біртіндеп  жер беріп тұруға әзірміз, – дейді Миржан Мұнайдарұлы.

Кәсіпкер азамат айтса айтқандай, былтырдан бастап Қазақстанда инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау ережелері өзгерген. Мұны ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі елде тауарлы сүт өндірісіне қызығушылардың санын арттыру үшін жасалған қадам деп түсіндіреді. Нақты тоқталсақ, енді шетелден әкелінген асыл тұқымды сауын сиырдың әр басына төленетін субсидия бұрынғы 225 мың теңгенің орнына 400 мың теңгеге дейін, ал отандық сиырдың әр басына бұрынғы 150 мың теңгенің орнына 200 мың теңгеге дейін өскен.

Өнеркәсіптік және отбасылық үлгідегі тауарлы сүт фермалары құрылысына жұмсалатын инвестициялық шығыстардың орнын толтыру үшін №6 төлқұжат енгізілген. Оның аясында сүтті бағыттағы 400 бастан аспайтын шаруашылықтарды құру мен кеңейтуге және 50 бастан басталатын тауарлы сүт фермасына құрал-жабдық сатып алуға кететін шығыстардың 25 пайызы кері қайтарылады. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында елде 3810 ірі қарадан құралған 20-ға жуық ірі тауарлы сүт фермалары ашылыпты.

Фермерлердің өтініштері ескеріліп, мал өсіру кешендері құрылысы, мал сатып алу, техника және жабдық сатып алумен байланысты инвестициялық жобаларды қаржыландыру кезіндегі кепілдік талаптары өзгертілген. Яғни инвестжобаны жүзеге асыру барысында шаруа алынған субсидия есебінен кепілдіктің 15 пайызын ғана өзі салады, ал қалған 85 пайызына кепілдік ретінде сатып алынған мал есептеледі.

Тағы бір жағымды жаңалық: енді 1500 басқа дейін малы бар сүт өндіретін кешендер техникалық тұрғыдан күрделі емес нысандар қатарына жатқызылды. Бұл өз кезегінде оларды мемлекеттік монополияға жататын кешенді ведомстводан тыс сараптамадан өту машақатынан құтқарады. Фермерлер мұндай сараптаманы кез келген аккредиттелген ұйымға тапсыра алады. Нәтижесінде құрылысты жүргізуге қажетті құжаттарды толтыру рәсімі тездетіліп, шығындар кемиді. Биыл сүтті қабылдау және өңдеудің сапасын бақылау күшейтілді. Негізгі басымдық жеке қосалқы шаруашылықтарға емес, ірі тауарлы сүт фермаларына берілуде.

Мемлекет тарапынан инфрақұрылым мәселесін шешетін уақыт жетті. Батыс қазақстандық кәсіпкер мысалға Беларусьті келтірді. «Ол жерде фермаға мемлекет газын, суын, жарығы мен жолын өз есебінен тартып береді. Бұл – үлкен көмек. Өйткені әлгі инфрақұрылым нысандары болашақ өндірістің шығысының 10-нан 70 пайызына дейін құрауы мүмкін»,– дейді Б.Далабаев.

Жалпы «100 нақты қадам» – ұлт жоспарының 60-шы қадамы сүт және сүт өнімдері өндірісін дамытуға арналған болса, бұл мақсатта өңірде айтарлықтай жұмыс атқарылуда. Ақ Жайық өңірінің Зеленов, Теректі және Тасқала, Бөрлі сынды облыс орталығына жақын орналасқан аудандарында сүт өндіру жақсы дамыған. Осы аудандардағы 7 шаруашылық асыл тұқымды сүтті бағыттағы мал өсіреді. Облыс орталығынан 250 шақырым қашықтықтағы Жаңақала ауданының «Шамұрат» шаруа қожалығы,  600 шақырым жердегі Бөкей ордасы ауданының «Жұмағұлова» жеке кәсіпкерлігі сүтті бағыттағы мал өсіруді бастады. Оған елімізде қабылданған сүтті-тауарлы фермалар құруды көздеген «Ырыс» бағдарламасы мол мүмкіндік беруде. Бағдарлама бойынша сүтті бағыттағы асыл тұқымды аналық мал басы мен қажетті техника, құрал-жабдықтарды сатып алуға жеңілдетілген несиелер қарастырылған. Аудан-ауылдарда сүт өндіру кооперативтері құрылған жағдайда, оның иелеріне сатып алған әрбір отандық және шетелден әкелінген асыл тұқымды мал басы үшін қомақты демеу қаржы беріледі.

Қалай болғанда да,  күні бүгін жеке шағын шаруашылықтардан гөрі тауарлы сүт фермаларын құрудың тиімділігі айқын. Осы бағыттағы жұмыстар әрі қарай жетіле түсіп, елдің сүт, ірімшік, май, қаймаққа деген сұранысы толық қанағаттандырылатындығына сенгіміз келеді.

Тегтер: өндіріс кәсіпорын отандық өндіріс

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 17:45
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Сайт әкімшілігі 16:19
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Бифат ЕЛТАЕВА 12:21
Ғибраты мол байқау
Сайт әкімшілігі 08:37
Павлодарда лак-бояу өнімдері қоймасында алапат өрт болды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 13:30
Қарағандыда тағы бір ферроқорытпа зауыты ашылды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 12:16
Жезқазған ақыны Қарағандыда өткен республикалық айтыста Бас жүлде иегері атанды

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30